Accessibility links

Қазақстаннан гөрі шетелде оқу арзан болып барады


Студенттер. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Студенттер. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жоғары білім алу бағасы қымбаттаған сайын Қазақстаннан шетелге аттанған студенттер де көбейді. «Шетелде оқу арзан әрі сапалы» деп санайтын студенттер мен ата-аналар қатары артып келеді.

Қазақстандағы жоғары оқу орындарында (ЖОО) оқу құны соңғы екі жылда шамамен екі есе қымбаттады. Қазір ең арзан оқу ақысы - жылына 341 мың теңге (2 мың 200 долларға жуық), ең қымбаты – 800 мың теңге (5 мың 200 доллардай).

ЖҮЗДЕГЕН МЫҢ ТЕҢГЕ ТҰРАТЫН ОҚУ

Самат Төлегенов Алматыдағы халықаралық бизнес академиясының экономика факультетін екінші курстан кейін тастап кеткен.

- Әке-шешем жылына 707 мың теңге төлеп оқытты. Былтыр оқу ақысы тағы 40 мыңға қымбаттады. Жуырда әкем қайтыс болды. Енді оқудың ақшасын төлеуге анамның шамасы келмейді. Кейін қайта жалғастырамын ба, білмеймін, - дейді Самат Төлегенов Азаттық тілшісіне.

Мұндай студенттер көп сияқты. Ал ақшасы бар отбасылар балаларын шетелге оқуға жіберіп жатыр.

Сондай студенттің бірі – Гүлназ Есенова. Әке-шешесі оны Германиядағы университетке ауыстыруды жоспарлап отыр. Гүлназ Алматыдағы Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінің халықаралық бағдарламалар факультетінде оқиды. Қазір ол «Академиялық мобильділік» бағдарламасы бойынша Германияның Бамберг қаласына алты айға оқуға кеткен. Көп ұзамай Қазақстанға қайтуы тиіс. Бірақ ата-анасы оқу орны басшыларымен Гүлназды Германияға ауыстыру мәселесін талқылап жатыр.

Бамберг қаласында бір бөлмелі пәтерде тұратын Гүлназға Германия қатты ұнайды.

Түркияда оқығысы келетін Кәмшат Сманова. Фото жеке мұрағатынан алынды.
Түркияда оқығысы келетін Кәмшат Сманова. Фото жеке мұрағатынан алынды.
- Гүлназдың Алматыдағы оқуына жылына 460 мың теңге (ресми курс бойынша 2 мың 190 еуро) төлейміз. Ал Бамбергтегі университетте бір семестрге 500 евроға жуық ақша төлейді екен. Қызымның айтуынша, Германияда білім беру жүйесі мықты ұйымдастырылған. Жемқорлық жоқ, студентті біліміне қарап бағалайды, - дейді Алма Сапарбаева.

Биыл мектеп бітіретін Кәмшат Сманованың ата-анасы қызын Түркияға оқуға жібермек. Олардың айтуынша, түрік университетінде бір жыл оқу ақысы 100 мың теңге тұрады, ал жатын орын және басқа шығындарға бір айға 50 мың теңге кетеді.

БАҒА МЕН САПА

Алматыдағы жекеменшік ЖОО-ның бірінің ректорының айтуынша, мемлекеттік білім гранттары қымбаттағандықтан, жекеменшік университеттердегі оқу ақысы да оқу жылы басталғалы бері көтерілген. Мысалы, техникалық және гуманитарлық мамандықтар бойынша гранттар әр студентке шаққанда қазір шамамен 340 мың теңге тұрады.

- Білім министрлігі елдегі жекеменшік ЖОО-ның бәріне оқу ақысын мемлекеттік грант құны деңгейінде белгілеуді міндеттеп қойды, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) оқытушысы Сәуле (аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінді) баға өскенімен, оқу сапалы бола қояды дегенге сенбейді.

ҚазҰУ алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.
ҚазҰУ алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.
«Сұраныс жоқ мамандықтарды осындай амалмен сұрыптап алуға болады. Қазақстанда жұмыссыз жүрген заңгерлер мен экономистер көп» дейді ол.

- Қазақстанда жолақы, коммуналдық төлемдер, азық-түлік жарты жыл сайын қымбаттайды. Жоғары оқу орындары студенттердің ақшасына компьютер, кітап сатып алады, оқытушылардың жалақысын төлейді. Көп ұзамай қазақстандық диплом алуға ауқатты отбасылардың балаларының да шамасы келмей қалады, - дейді университет оқытушысы Азаттық тілшісіне.

Былтыр Nur.kz сайты жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, респонденттердің 87 пайызы «Қазақстанда білім алу тым қымбат» деп жауап берген.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG