Accessibility links

Баспана мәселесін қозғаған хэштег танымал болды


Қалалық прокуратура алдында баспана жөнінде акция өткізіп отырған Астана тұрғындары. 20 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қалалық прокуратура алдында баспана жөнінде акция өткізіп отырған Астана тұрғындары. 20 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«#ұлыдалаквартиранты» тіркесінің авторы үйсіз жастардың мәселесіне «ирония мен пафостан құралған хэштег арқылы назар аудартқысы келгенін» айтады.

Жексенбі күні Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Аршат Ораз (Arshat Oraz) есімді азамат «120 000 тг #ҰлыДалаКвартиранты» атты жазба жариялады.

Әлеуметтік желінің қазақтілді сегментінде бұдан кейін #ұлыдалаквартиранты хэштегі бірден танымал болып, қолданушылар әртүрлі пікір жазды. Пікір білдірушілердің барлығы Қазақстанда баспана мәселесі шешілмегені жайлы, жалдамалы пәтерлердің ақысы өте қымбат екені туралы айтты.

«ҮНСІЗ ЖАТҚАНША, ОСЫЛАЙ БОЛСА ДА АЙТУ КЕРЕК»

Хэштег авторы Аршат Ораздың Facebook-тегі сол жазбасы арқылы «үлкен қалалардағы пәтер мәселесіне ирония мен пафостан құралған хэштег арқылы назар аудартуды» мақсат еткенін айтады.

– Шынымен пәтер бағалары қымбат, қолайлы бағдарламалар аз, үлескерлер алданып қалып жатады немесе ұзақ күтеді. Хэштегтің танымал болып кетуін осындай нәрселерге реакция деп ойлаймын. Таралымы жақсы, қолданушылар хэштег арқылы баспана мәселелерін жазып жатыр, – дейді ол.

Аршат Ораз.
Аршат Ораз.

Бұған дейін Аршат Ораздың Қазақстандағы оқуға түсу не жұмысқа орналасу секілді мәселелердің біразы пара беру арқылы шешілетінін кекеп жазған #қаншаданболыпжатыр хэштегі де танымал болған еді.

– #қаншаданболыпжатыр хэштегі арқылы коррупцияны сынағанбыз. Үлкен нәтижелер болу үшін алдымен бір қозғалыс болуы қажет. Мәселе орынды болса, тиісті органдар оны да есепке алып, мәселені шешу үшін әрекет қылады. Үнсіз жатқанша кейде осылай болса да мәселе көтеру керек, – дейді ол.

Facebook қолданушысы​ Аңсаған Мұстафаның #ұлыдалаквартиранты хэштегімен салған суреті

«ХЭШТЕГ АРҚЫЛЫ ПРОБЛЕМАНЫ ШЕШУ ҚИЫН»

Журналист Ермұрат Бапи #ұлыдалаквартиранты хэштегінің әлеуметтік желіде көп қолдау табуының басты себебін баспана тапшылығымен байланыстырады.

– Тұрмыстың тауқыметін тартқызған мәселені тым құрығанда желіге жазып, жанына жылу іздейтін жұрт көп. Бұл – «дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз» деген ел үшін қанжылатқан қасірет. Дәл осы баспана тауқыметіне келгенде «біз капиталистік қоғамда өмір сүреміз, әркім несібе-баспанасын өзі табуы керек» деген уәж – мемлекетті масқара қылатын мейірімсіздің сөзі, – дейді журналист.

Қазақ блогері Балдырған түсірген сурет.
Қазақ блогері Балдырған түсірген сурет.

Ермұрат Бапи «хэштег арқылы ғана әлеуметтік проблеманы шешу немесе оған қозғау салу қиын» екенін айтады.

– Бұл хэштегтен пайда бола ма, жоқ па – бұл елдің әлеуметтік-саяси белсенділігіне байланысты. Желіге жазып қойып, «іс бітті» десе, оның ешбір нәтижесі болмайды. Ал талап қойып, табандап отырса, Ақорда Астананың қажетсіз құрылысын тоқтатып, квартиранттар мәселесін шешуге кірісері сөзсіз, – деп үміттенеді Ермұрат Бапи.

Бұрынғы дипломат, қазір қоғамдық белсенді Қазбек Бейсебаев та «бұл хэштегтің жылдам таралуына бір ғана себеп – жастардың баспана мәселесі» деп біледі.

– Жастар бұрын да квартирант болды, қазір де сол квартирант болып жүр. Сонымен қатар баспанаға мұқтаж азаматтардың саны көп. Негізінде 25 жылда осы баспана проблемасын шешуге болушы еді. Өкінішке қарай, олай болған жоқ. Ал жұрттың жан жарасын қаситын хэштег баспана мәселесіне мұқтаж жастардан бірден қолдау тауып отырады, – дейді Қазбек Бейсебаев.

Қазақстан азаматтарының баспана мұқтаждығы – Азаттықтың да тұрақты тақырыптарының бірі. Сайт осыдан бірер жыл бұрын оқырмандарының арасында өткізген «Квартиранттың арманы» атты блог байқауында пәтерден қиналып жүрген ондаған жас бұл мәселенің сан түрлі өзекті жайттарын жазған.

XS
SM
MD
LG