Accessibility links

АҚШ Қазақстандағы адам құқықтары жайын сынады


Полиция девальвацияға қарсы шеруге шыққан азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Полиция девальвацияға қарсы шеруге шыққан азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ мемлекеттік департаменті әлем елдеріндегі адам құқықтарына арналған есебін жариялады. АҚШ авторитарлық режимдердің билігін сақтау үшін қауіпсіздік күштерін пайдаланып отырғанын айыптайды.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 27 ақпан күні жариялаған есебі "2013 жылғы адам құқықтары ахуалының елдер бойынша баяндамасы" деп аталады. Онда авторитарлық үкіметтер қолданып отырған "қатаң шаралардың болашақтағы тұрақтылыққа, қауіпсіздік пен экономикалық дамуға зиян келтіретіні" айтылған.

Есепте "Қазақстандағы сөз бостандығын, ақпарат құралдары еркіндігін бақылау, адамдардың жиын өткізу құқығы мен діни бостандығын шектеу елдегі адам құқықтарының жағдайына кері әсер еткені" жазылған.

Одан бөлек, "Қазақстанда адам құқықтары саласындағы аса маңызды проблемалардың қатарында сот билігі мен тиісті құқықтық процедуралардың жеткілікті түрде тәуелсіз бола алмай отырғаны" айтылған. АҚШ мемлекеттік департаменті "Бұл жағдай, әсіресе, құқық қорғау немесе сот органдарының қызметкерлері құқық бұзғанда немесе олар коррупциялық қылмыстар жасаған кезде байқалады" дейді.

Мемлекеттік департамент есебінде "биліктің қылмыс жасаған шенеуніктерді жазалауда "әдептілік" танытып отырғанын, ал билікте отырған және үкімет пен құқыққорғау органдарымен байланысы бар адамдар жазаланбай қалатыны" сипатталған.

Құжатта бұған қоса, "тұтқындарды азаптау мен олардың қаза табуы фактілері, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына кедергі келтіріп, олардың өкілдерін заңсыз қамау жайттары" туралы да мәліметтер келтірілген.

Есепке пост-кеңестік елдерден Беларусь, Грузия, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Украина қамтылған. Құжат Адам құқықтары декларациясының 65 жылдығына орай жарияланып, онда әлемде үш адамның біреуі авторитарлық режимде өмір сүріп жатқаны айтылған.
XS
SM
MD
LG