Accessibility links

Журналистер Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайы туралы президенттің өзімен ашық әңгімелеспекші


БАҚ-тар мен адам құқықтарын қорғау ұйымдарының өкілдері президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, елдегі сөз еркіндігінің сақталмай отырған жайттарын айтып бергілері келеді. Олар ақпарат құралдарына жасалып отырған қысымға шағымданып, президентке үндеу жолдады, егер дауыстары жетпесе жаппай наразылық шарасын өткізуге әзір екендіктерін мәлімдеді

Дүйсенбі, 20 сәуір, күні Алматыдағы баспасөз- мәслихатында журналистік және үкіметтік емес ұйым өкілдері президентке үндеу жолдады.


Интернетті реттеу туралы заң жобасының Парламентте жатқанына 3 жарым ай болды. Десе де, аталмыш заң жобасына қатысты мамандар әлі күнге дейін ортақ пікірге келе алмауда.

Өткен аптада «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі заң жобасына қатысты ЕҚЫҰ жанындағы демократиялық институттар мен адам құқығы бойынша бюроның сарапшысы Андрей Рихтердің пікірін жариялаған болатын.

«Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіні белгілі. Заң жобасы форум, блог, чат т.б интернет-ресурстарды БАҚ-қа теңестірмек деген күмән мен қауіп туғызады. Блог авторлары мен чатта жазылған пікірлерге журналистік дәреже беріп, барлық интернет-ресурстарын ақпарат құралына теңеу интернетте сөз бостандығын шектеуге алып келеді. ЕҚЫҰ-ның мүшесі ретінде Қазақстанның міндеттеріне қарама-қайшы келеді»,- деді А.Рихтер.

Заң жобасын талқылауға қатысқан елдегі бірқатар журналистік және үкіметтік емес ұйым өкілдері өздерінің ұсыныстарына заң жобасын жасаушылардың құлақ аспағанына наразы. Әбден амалы таусылған құқыққорғаушылар президентпен «ашық әңгімелесу» мерзімінің жеткенін айтады.

«Парламентте жатқан «БАҚ туралы заңдағы» даулы мәселелерге және бірқатар басылымдарға жүргізіліп отырған қуғын-сүргінді тоқтату туралы айтқан ұсыныстарымыз еш нәтиже берген жоқ. Журналистердің үнін депутаттар да, шенеуніктер де, атқарушы органдар да естімейді. Сонымен қатар, Қазақстандағы ақпарат құралдарына қатысты заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында халықаралық ұйымдардың жасаған үндеулері де жоққа шығарылып отыр. Бұл биліктің Қазақстандағы сөз бостандығына диктатура орнатуына алып келеді...» делінген үндеуде.

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, егер аталмыш заң жобасы қабылданатын болса, онда елде бірде бір тәуелсіз басылым қалмайды.

- Таяуда «Жас Алаш» газетінде бір пікір жазған адамды табу үшін бізге іздеп келді. «Мына адамды табыңыздар. Бұл ұлтаралық араздықты қоздырып отыр. Әйтпесе, өздеріңіз жауап бересіздер» деп. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, редакцияға күніне он шақты, жүз шақты хат келеді. Ал сол хатты жолдан ұстап алып, мына хатта осылайша жазылыпты деп сол үшін соттаса қалай болады? Интернеттегі пікірлер де сол секілді.

Қазақстандағы ақпарат құралдарына заңнамалар арқылы жасалатын қыспақты сынаған Рысбек Сәрсенбайұлы заң бойынша журналистердің «қылмыскер» атануы оп-оңай деді.

- Қазақстандағы заңдар және сол заңдардың қолданылуы жағынан алғанда осылай демеске амал жоқ. Кез келген журналисті «жала жапты», «ар-намысыма тиді» т.б деп түрмеге тыға салу оңай. Біз бұл арада ақиқатты айтатын, сол үшін қылмыскер саналатын қоғамда өмір сүріп отырғандықтан, бұған осы хатқа қол қойып отырған 15 адам ғана емес, бүкіл Қазақстанның журналистері қатты алаңдауы керек және мәселе көтеруі керек. Бізде жасалып жатқан заңдардың барлығы да белгілі бір саяси тапсырыспен, белгілі бір тапсырмамен, соның негізінде жасалады. Өйткені, әрбір заңды жасаушы соған мүдделі, ынталы мемлекеттік органдар болсын не болмаса ондағы шенеуніктер болсын, ең алдымен бүкіл билікті бір қолына ұстаған адам «осыған қалай қарайды» деп ең алдымен осы бағытты ұстанады. Соған сәйкес, заңдар қабылданады.

Заң жобасының ауторлары болса, заңның демократия талаптарына толығымен сәйкес келетініне сенімді.

- Мәселе біздің интернетті бақыламауымыз туралы болып тұрған жоқ, ақпаратты реттеудің белгілі бір формасын енгізу туралы болып отыр. Мұндай нормативтік база көптеген елдерде қабылданған. Менің ойымша, біз ұсынып отырған бұл заң жобасы жеткілікті дәрежеде либералды, - деді Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің басшысы Қуанышбек Есикеев өткен аптада.

Журналист Кәмшат Тасболатова «Сайлау туралы», «Бақ туралы» т.б саяси мән-маңызы басым заңдар дін мен интернетті реттеу туралы заңның көлеңкесінде қалып қалғанын айтады. Бұл билік иелерінің Еуропа сарапшыларының назарын аударту амалы ма дейді ол.

«Сайлау туралы», «Саяси партиялар» туралы заңымыз соңғы кездері тасада қалып барады. Бұл тұста мына діндер және интернет туралы заңның дабылы мен дүбірі басым болғаннан кейін, халықаралық сарапшылардың назарына да осы заңдар көбірек ілігіп отыр. Әрине, әрбір заңның өзінің мән-маңызы бар. Бірақ ЕҚЫҰ-ға төрағалық етер тұста, 4 Заңның қабылдануы өте маңызды. Сосын интернет туралы заң БАҚ туралы заңға балама болмай ма деген сауал туындайды. Бізде БАҚ туралы Заң бар. Яғни, бұл екінші БАҚ туралы заң болып шықпай ма? Менің ойымша, интернет туралы заңның қажеті жоқ. Керісінше, интернетті реттейтін тұстарын БАҚ туралы Заңға енгізіп қойса да болады",- дейді журналист.

Дерек бойынша, Қазақстанда интернетті қолданушылар саны соңғы үш жылда 2 пайыздан 14 пайызға дейін артқан. Қазақстанда 10 мыңға тарта сайт бар.

P.S. Өзінің Прагаға келген бір күндік жұмыс сапарының барысында Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин, Азаттық радиосына арнайы берген сұхбатында, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ бостандығы бойынша өкілі (ЕҚЫҰ), ЕҚЫҰ жанындағы демократиялық институттар және адамның құқы бойынша бюросының сарапшысы Андрей Рихтердің қорытындысымен таныс еместігін айтты.

«Әзірше біз ол қорытындыны көрген жоқпыз. Келіп түскен соң, онымен танысып, зерттейміз», -деп мәлімдеді Қазақстан министрі.

Прагаға жұмыс сапарының барысында Марат Тәжин Чехияның сыртқы істер министрі Карл Шварценбергпен бірқатар мәселені, оның ішінде Қазақстан мен Чехия арасындағы және Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Келіссөздің қорытындысы бойынша М.Тәжин мен К.Шварценберг Қазақстан мен Чехия арасындағы өзара түсіністік туралы меморундаумға қол қойды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG