Accessibility links

Хантағы мен Ащысайдағы жапон тұтқындарының қорымы


Ащысай ауылындағы жапон тұтқындары жерленген зиратқа қойылған тас белгі. 5 қазан 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында жапон тұтқындарының төрт қорымы бар. Қараусыз қалған бұл қорымдарда аты-жөні әлі күнге белгісіз соғыс тұтқындары жерленген.

АҒАШ АЯҚКИІМДІ ТҰТҚЫНДАР

Кентау тұрғыны 79 жастағы Әкім Қалметов – екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары Оңтүстік Қазақстан аймағында жапон тұтқындарының өмірін көзбен көрген куәгерлердің бірі. Оның сөзінше, алты-жеті жасар бала кезінде түске дейін шағын Хантағы ауылындағы мектепте оқып, сабақтан соң наубайханада жұмыс істеген.

Әкім Қалметов, Хантағы ауылының тұрғыны. Кентау қаласы. 5 қазан 2017 жыл.
Әкім Қалметов, Хантағы ауылының тұрғыны. Кентау қаласы. 5 қазан 2017 жыл.

- Жапон әскери тұтқындары ауылдағы металл комбинатының атқорасы жанындағы шағын жатақханада тұратын. Таңертең ерте мектепке барамыз. Ұйқыдан оянғанда тұтқындар, шамамен 50-60 адам, сап түзеп құрылысқа кетіп бара жататын. Олардың жұмыс істеуге кетіп бара жатқанын өздері ағаштан жасап киіп алған аяқкиімдерінің тықылынан білетін едік. Жүргенде тық-тық ететін, - дейді ол.

Әкім Қалметов жапон тұтқындарының күні бойы жұмыс істейтін орны өзі күнделікті жүретін барак үйлердің артындағы мектепке баратын жолда болғанын айтады.

- Таңертең алып келген тұтқындарды кешке алып кететін. Бәрінің бойы бірдей еді. Көз алдымнан әлі күнге кетпейді, екі офицері ғана ұзын бойлы болатын. Сол бойшаң екі тұтқын біздің ауылда «соқыр ішек» болып ауырып, бұралып қалған талай адамға ота жасап, өмірін сақтап қалды, - дейді ақсақал.

Әкім Қалметовтың айтуынша, жапон тұтқындары Хантағы ауылындағы жалғыз қабатты барак үйлерді таудан тас әкеліп тұрғызған. Бір топ тұтқынды ауылдағы екі көлікпен тауға алып баратын деп еске алады қария. Тұтқындар таудан тасты көлікке артып, ауылға алып келіп, құрылыс салған. Жапон тұтқындары салған сол барак үйлерде күні бүгінге дейін адамдар өмір тұрып жатыр.

ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ҚОРЫМДАР

Кентаудың маңындағы Ащысай ауылында да жапон тұтқындары тұрып, жұмыс істеген. Ауыл тұрғыны 65 жастағы Кенжехан Өмірбеков жапон тұтқындары туралы қариялардан естіген. Ол Азаттық тілшісіне ауыл шетінде орналасқан бір топ үйді «жапон тұтқындары осында тұрған» деп көрсетіп таныстырды.

Ащысай ауылындағы жапон тұтқындары өмір сүрген үйде ауыл тұрғындары тұрып жатыр. Кентау қаласы. 5 қазан 2017 жыл.
Ащысай ауылындағы жапон тұтқындары өмір сүрген үйде ауыл тұрғындары тұрып жатыр. Кентау қаласы. 5 қазан 2017 жыл.

Тау тасынан қаланып салынған қора тәрізді ғимарат мен оны айнала қоршай орналасқан жеке тұрғын үйлер шамамен бір гектар жерді алып жатыр. Ауласында балалар ойнап жүрген бұл үйлерде қазіргі уақытта алты отбасы тұратынын естідік. «Жапон тұтқындары өмір сүрген» деген қора іспетті ұзыннан салынған үйдің есігінде құлып тұр. Тұрғындар бұл үйді сарай ретінде пайдаланады екен.

Ащысай ауылында жапон тұтқындары өмір сүрген үй.
Ащысай ауылында жапон тұтқындары өмір сүрген үй.

Осы үйлердің оң жақ бетіндегі қырға қарай 200 метрдей қашықта жан-жағы қоршалған қорым тұр. «Ауыл тұрғындары «жапон тұтқындарының мазараты» деп атап кеткен жер – осы» дейді Кенжехан Өмірбеков.

- 2015 жылы тұтқында қайтыс болған атасын іздеп бес жапон азаматы келді. Қолдарында құжаты мен картасы бар. Карта бойынша Ащысайда 21 жапон тұтқыны жерленгені жазылған. Жапондардың айтуынша, бұл картаны Қазақстанда тұтқында болып, кейін еліне қайтқан қария немерелеріне жасап берген екен. Сол арқылы іздеп келіпті. Картада ескі темір жол бойында орналасқан стансадан жоғары қарай 150 метр жоғарыны көрсеткен. Белгіленген жерді анықтап, бір жарым күн жер қазып, тұтқындардың сүйегін іздедік. Бірақ таппадық. Сонда да жапондықтар карта бойынша әлгі жерді қоршап, белгі тас қойып кетті, - дейді ол.

Кенжехан Өмірбеков ауыл қарияларынан соғыс жылдары жапон тұтқындарын Ащысайға алып келіп, шахтаға жұмысқа салғаны туралы естігенін айтты.

2015 жылы жапон тұтқындарының қорымын іздеп келген жапон делегациясына көмектескен Әкім Қалметов те Кентау қаласы маңында жапон тұтқындарының төрт қорымы барын айтады.

- Бұл қорымдар Мырғалымсай, Қырықкепе, Ащысай және Хантағы ауылдарында. Өздері тұтқында болған орындарға жерлей берген ғой. Қазір қорымдар ескірген, қараусыз жатыр. Мысалы, Хантағы ауылындағы жапон тұтқындарының зиратында 30 шақты адамның сүйегі жатыр. Ағаштан жасалған белгілері шіріген. Темірден жасалған 5-6 белгі әлі тұр. Белгісі жоқ молалар ойдым-ойдым күйде, - дейді ол. Оның сөзінше, Хантағы ауылында жапон тұтқындары 1946-1949 жылдар аралығында болған. Көбі ауырып қайтыс болған, кейбірі өзіне-өзі қол салып өмірмен қоштасқан.

- Ауылдан шыға берісте үйінді су болатын. Бір күні таңертең шықсақ адамдар сол суды жағалай қоршап жиналып қалыпты. Тұтқындарды елге қайтару басталған жылдар болуы керек, жапон тұтқыны өз ішін өзі жарып қайтыс болыпты. Көзіммен көргенім, әлгі жапон тұтқынының денесі құрбақа сияқты суда ісіп жатты. Кейіннен естігеніміз, тұтқындар елге қайтып барса атып тастайды деп өз-өзіне қол салыпты, - дейді Әкім Қалметов.

АТЫ-ЖӨНІ БЕЛГІСІЗ СОҒЫС ТҰТҚЫНДАРЫ

Азаттық тілшісі Ащысай және Хантағы ауылындағы «жапон тұтқындарының қорымы» деген жерлерге барды. Ащысайдағы қорымның жері темірмен қоршалған. Зират басында құйылма тас тұрғанымен онда ешбір жазу жоқ. Хантағы ауылындағы қорымда ағаштан және темірден жасалған белгілер байқалады. Шамамен он бес белгінің жан-жағында жерленген адамдардың бейіті жатыр. Олардың басына ешбір белгі қойылмаған.

Хантағы ауылындағы жапон тұтқындарының зираты. Кентау қаласы. 5 қазан 2017 жыл.
Хантағы ауылындағы жапон тұтқындарының зираты. Кентау қаласы. 5 қазан 2017 жыл.

Кентау қаласындағы Кенші саябағында «Жапондық әскери тұтқындарға арналған ескерткіш жазба тақтасы» жасалған. Ащысай ауылы әкімдігінің бас маманы Әбдірахман Шаманов «ауылдағы ескі ғимарттардың басым бөлігін жапон тұтқындары салған. Тұрғын үйлердің барлығы тастан қалап, шахтада да жұмыс істеген. Шахтаны қолмен қазған» дейді.

- Ауылда қорым бар. Оның бірі – жапон тұтқындарының зираты. Ақсақалдар сол қорымға жапон тұтқындары жерленген деп айтады, - дейді ол.

Азаттық тілшісі жапон тұтқындары туралы деректерді аймақтағы архивтерден іздеп көрді. Оңтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасы қызметкерлері өздерінде жапон тұтқындары туралы ешбір дерек жоғын айтты. Жапон тұтқындары және олардың өмірі жайлы мұрағатта сақталған деректер туралы Кентау аймақтық мемлекеттік архивінің басшысы Ералы Алмерденов Азаттық сауалына жазбаша жауап берді.

Кентау қаласындағы Кеншілер саябағында жапон тұтқындарына арналып орнатылған ескерткіш тақта.
Кентау қаласындағы Кеншілер саябағында жапон тұтқындарына арналып орнатылған ескерткіш тақта.

Онда мемлекеттік архив қорындағы тұрақты сақтауда тұрған №1 тізімдеме бойынша, 1950 жылдың 2 маусымында өткізілген №11 ауыл Кеңесі мәжіліс хаттамасына сәйкес, жиынның күн тәртібінде «Ішкі істер министрлігі №348 әскери лагерінің жапон тұтқындарына мәйіт жерлеу үшін мазаратқа жер телімін бөлу, бұл жерге құрылыс жұмыстарын жүргізбеу, қатаң тыйым салу, мазаратты ішкі істер министрлігі органының келісімінсіз қолданысқа жібермеу» туралы мәселе қаралғаны айтылған.

Кентаудағы жапон тұтқындарының қорымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG