Accessibility links

Алматыдағы әріптестері Лұқпан Ахмедьяровтың жазаға тартылуын өзге журналистерге жасалған ескерту деп бағалайды


Журналист Жанна Байтелова Тәуелсіздік алаңында, Алматы, 17 тамыз, 2009 жыл.
Журналист Жанна Байтелова Тәуелсіздік алаңында, Алматы, 17 тамыз, 2009 жыл.

Тамыздың 17-і күні алматылық журналист пен саясаттанушы Тәуелсіздік алаңында пикет өткізді. Олар оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяровтың әкімшілік жазаға тартылуы журналистерге сес көрсету мақсатында жасалып отырғанына сенімді.

"ЖУРНАЛИСТЕРДІ АУЫЗБІРЛІККЕ ШАҚЫРАМЫЗ"

Журналист Жанна Байтелова тамыздың 14-і күні «сотты сыйламады» деген айыппен 5 тәулікке қамалған оралдық әріптесі Лұқпан Ахмедьяровтың еш кінәсіз екенін айтып, мұның астарында журналистерді қорқыту мақсаты болуы мүмкін екенін де жеткізді.

"Біздің ойымызша, мұны әкім мен экс-кеңесші Алпамыс Бектұрғанов арасында болған сот процесіне куәгерлер ретінде қатысқан өзге журналистерге «сабақ» болсын деп жасап жатқан сияқты. Біз журналистерді бірігуге шақырып отырмыз. Осыған дейін біреудің басына қиын іс түскен кездерде бәріміз бірігіп келдік. Бірақ, бір өкініштісі қазіргі таңда журналистер екіге жарылып кетті, біреуі оппозициялық болса, екіншісі биліктің мүддесін қорғап кетті. Біздің үндеуіміз әсіресе, екінші топтағы журналистерге арналады. Себебі, бүгінгі таңда елде тәуелсіз басылымдарды жауып жатыр. Ертеңгі күні бұл жағдай олардың да басына түсуі ғажап емес,- дейді Жанна.

Сонымен қатар қысқа мерзім ішінде «Тасжарған» газетінің жабылуы мен «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповке үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім, «Республика. Деловое обозрение» газетіне қатысты сот процестерінің басталуы сияқты жайттарды атап өткен акцияны ұйымдастырушылар елде тәуелсіз журналистер мен басылымдардың қысым көріп жатқанына алаңдаушылық танытты. Акция соңында жиналғандарға әріптестік ауызбірліктің белгісі ретінде кепкен нан таратылды.

Ғалым Ақелеуов, саясаттанушы:
Саясаттанушы Ғалым Ақелеуов, Алматы, 17 тамыз, 2009 жыл.


«Оралдық журналистер келіп Лұқпанды қолдаудың белгісі ретінде кепкен нан берді. Менің ойымша, Лұқпанды журналистер, азаматтық қоғам қолдауы керек. Қазір елдегі заңның жағдайы сондай, кез-келген азаматты оп-оңай жауапқа тарта алады. Қоғамдық келісім деген ұғым бар. Мен соның біздің елде болғанын армандаймын. Елдегі әрбір журналист болсын, әрбір азамат болсын, кім-кімнің де еркін өмір сүруіне құқығы бар»

Адам құқығы мен заңдылықты сақтау халықаралық бюросы сайтының редакторы Андрей Свиридов Лұқпан Ахмедьяровтың жазаға тартылуын елдегі сөз бостандығын бұзудың ең өрескел түрі ретінде бағалайды.

«Мұны журналистерге жасап отырған ескертуі дер едім. Бұл тоталитаризм. «Өкіл қайын ата» кітабымен болған мамырдағы жағдай соған ұқсас. Сол кезде Бас прокуратураның өкілі кітапты тарату ғана емес, тіпті оны оқу қылмыс болып табылатынын мәлімдеген еді. Бұл басылымдардың зілді мысқылын тудырды, ал оны оқыған көпшіліктің наразылығы артты. Тек содан кейін ғана Бас прокуратура өздерінің бұл әрекеті ағат екенін мәлімдеп, кері шегінді. Бұл жерде де журналист-куәгерлерді бірден айыптағысы келеді,- деп атап көрсетті Андрей Свиридов.

"БАЛАГАН" СӨЗІ ҮШІН ЖАЗАЛАУ АҚЫЛҒА СЫЙМАЙДЫ"

Сөз бостандығын қорғауға бағытталған «Әділ сөз» халықаралық қорының қызметкері Ғалия Әженованың пікірінше, Лұқпанды тек өз пікірін білдіргені үшін ғана жазаға тартып отыр.

«Біз ең бастысы оның сотты қалай «сыйламағанын» білгіміз келді. Қандай сөзбен сыйламапты? Сөйтсек, ол куә ретінде өзінің жауабын айтып болғаннан кейін залдан шықпақ ойы болған екен. Сот «Сіз осында отыра беріңіз» депті. Ол «Мәртебелі сот, кешіріңіз! Бірақ мен «балаган» шоу сияқты жерде қатысқым келмейді» деп өз пікірін білдіріпті. Бар болғаны осы ғана»

«Балаган» сөзінің түрліше мағынасы болуы мүмкін екенін айтқан сұхбаттасымыз әкімшілік жазаның қатал да әділетсіз екенін айтты.

«Кез келген адамның болып жатқан мәселеге байланысты өзіндік пікірі болады. Біреу «бұл сот өте маңызды» деуі мүмкін. Ал екінші біреу «сот маған ұнамайды» деп пікір білдіруі мүмкін. Бұл да сол сияқты пікір»

Халықаралық сарапшылар да елдегі сөз бостандығы жағдайына сын айтып келеді. Естеріңізде болса, өткен аптада белгілі журналист Рамазан Есергеповке қатысты сот үкімі шыққан кезде де Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанның билігін сөз бостандығы талаптарын аяққа басып отыр деп айыптаған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG