Accessibility links

Мұғалім мен директор арасындағы дау сотқа жетті


Ш. Уәлиханов атындағы Қайназар орта мектебі. Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы. 14 наурыз, 2018 жыл.
Ш. Уәлиханов атындағы Қайназар орта мектебі. Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы. 14 наурыз, 2018 жыл.

Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданында мектеп мұғалімінің берген арызы негізінде сот ісі басталды. Мектеп директоры мұғалімді «балаларды ұрғаны үшін» босаттым дегенімен, бұйрықта бұл мәселе басқаша көрсетілген.

Назгүл Әбирова Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қайназар ауылында тұрады. Осындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілімен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ол өзінің жұмыстан «заңсыз шығарылғанын» айтып Азаттыққа шағымданды.

ДИРЕКТОР ІСІНІҢ ХИКАЯСЫ

- 2016 жылы тамыз айында ауыл тұрғындары мен бір топ мұғалім директордың үстінен «заңсыз ақша жинайтынын» айтып арыз жазған болатынбыз. Сол арыз негізінде аудандық прокуратура мен қаржы полициясы тарапынан тексерістер жүргізілді. Директор 2017 жылы қаңтарда қызметінен алынды, - дейді Назгүл Әбирова істің-мән-жайын түсіндіріп.

Директордың ақша жинайтынын айтып арыз жазғандардың арасында Назгүл Абировамен бірге сегіз мұғалім болған екен. Солардың бірі – Гүлнар Еркенова «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бөлімінен келген тексерушілерге «Мектепте ақша жинаудың жиі болатындығын растап, қол қойып берген болатынбыз. Сол тексерудің нәтижесінде директор орнынан кеткен. Екі айдан кейін қайтып келді» деді.

Аудандық білім басқармасының өкілі Үміт Дәулетжанқызының айтуынша, «Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп директоры Табысхан Абылайхановтың үстінен түскен арыз-шағымдар негізіндегі тексеру жұмыстары 2016 жылы басталып, 2017 жылы аяқталған»

- 2016 жылдан бастап мектеп директорының үстінен аудандық прокуратурадан және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бөлімінен тексерулер басталған болатын. Тексеру нәтижесінде прокуратура «Абылайхановты қызметінен алу туралы ұсыныс» берді. Біз сол ұсыныс негізінде 2017 жылы қаңтар айында ол кісіні орнынан алдық. Бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі «ақша жинауға қатысты іс материалдары жеткіліксіз» деп қозғалған істі жапты. Және де аудандық прократура әуелі де өздері берген ұсыныстан он күннен кейін бас тартты. Соның негізінде Абылайханов аудандық білім бөлімін сотқа беріп, қызметіне қайта оралды, - дейді.

«БАЛАНЫ ҰРҒАНЫ ҮШІН ЖҰМЫСТАН БОСАТТЫМ»

Бірақ Табысхан Абылайханов мұғалімді «үстімнен арыз жазғаны үшін емес, балаларды ұрып, қорлағаны үшін жұмыстан босаттым» дейді.

Ш. Уәлиханов атындағы Қайназар орта мектебінің директоры Таласхан Абылайханов сотта сөйлеп тұр. Есік қаласы. 14 наурыз, 2018 жыл.
Ш. Уәлиханов атындағы Қайназар орта мектебінің директоры Таласхан Абылайханов сотта сөйлеп тұр. Есік қаласы. 14 наурыз, 2018 жыл.

- 2017 жылы 4 желтоқсаны күні маған оқушылардың бірінің анасы Гуля Талипова келіп, Назгүл Әбированың үстінен шағынды. «Менің баламды ұра береді. Басын партаға да, қабырғаға да ұра береді» деді ол. Ол бүкіл кластың балаларын солай ұрады екен. Сосын мен «Жалғыз сенің балаңды ұра ма деп едім, жоқ, барлық баланы ұрады екен» деді. Сосын мен «барлық баланың ата-анасын шақыр. Арыз жаз. Біз арыз бойынша қараймыз» дедім. Содан кейіін 2017 жылы 6 желтоқсан күні бір топ ата-аналар келді. Олардың айтуынша балаларын бір емес, бірнеше рет ұрған. Әбированың өзін шақырдық. Ол барлық ата-аналардың көзінше «балаларды ұрғаным рас. Бірақ сіздер кешіріңіздер» деді. Сонан кейін ата-аналар «Әбирова біздің балаларға сабақ бермесін» деп талап қойды. Ол да жарайды «мен сабақ бермеймін» деп келісті. Бірақ екі күн өткеннен кейін айтқанынан бас тартып, түсініктеме де жазбай қойды, - деді Табысхан Абылайханов сот кезінде.

Мектеп директорының айтуынша 2014 жылы Әбированың ұрысқанына шыдамаған оқушының «өзін өзі өлімге итермелеп, дәрі ішкен» жағдай даболған-мыс. Ауыл іші болғандықтан ол іс ауызша ескертумен ғана шектелген. Бірақ Әбированы жұмыстан босату туралы бұйрық баланы ұрғаны үшін емес, сабақтан қалғаны, мектеп кезекшілігін өткізбегені және оқушылардың үлгерімінің төмен болғаны үшін берілген бұйрықтар негізінде шығарылған.

Жұмыс берушінің Әбировамен еңбек келісімін бұзу туралы №12 бұйрығында оның бұрынғы ескертулер тізбектеле келе «сынып кезекшілігіне 22 минут кешіккені үшін», «6 Б сыныбында сабақ өткізбегені үшін», «педагогикалық кеңестің шешімі негізінде өз пәні бойынша төмен сапа үлгерімін көрсеткені үшін» жұмыстан босатылғаны жазылған.

ТЕКСЕРІС ЖӘНЕ ҰСЫНЫС

Назгүл Әбированың «жұмыстан негізсіз босатылу» туралы жазған арызы негізінде Шоқан Уәлиханов атындағы Қайназар орта мектебінде аудандық білім бөлімі тарапынан тексеру жұмыстары да жүргізілген.

Ш.Уәлиханов атындағы Қайназар орта мектебінің бұрынғы мұғалімі Назгүл Абирова. Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы.
Ш.Уәлиханов атындағы Қайназар орта мектебінің бұрынғы мұғалімі Назгүл Абирова. Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы.

Тексеру жұмыстарына қатысқан аудандық білім бөлімінің өкілі Үміт Дәулетжанқызы «Мектеп директоры тарапынан Назигүл Абированың атына берілген ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс негізсіз болып шықты. Дәлелденбеді. Сол себепті аудандық білім бөлімі мектеп директорына «Әбировамен келісе отырып оны қайтадан жұмысқа алу туралы» ұсыныс» жасаған болатын. Бірақ, екі арадағы еңбек дауына қатысты сот ісі басталғандықтан Табысқан Абылайханов ұсынысты қабыл алған жоқ» дейді.

Азаттық тілшісі Табысхан Абылайхановтың өзімен де тікелей сөйлескен еді.

- Менің жұмыстан кетуім де заңсыз болды. Әлдебіреулер ауыл тұрғындары мен мектеп мұғалімдерін ұйымдастырып үстімнен арыз жазғызды. Соның кесірінен менің үстімнен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ ақша жинағаным дәлелденбеді. Сонда да прокуратура «көп жыл бақылаусыз кеткені үшін қызметінен алынсын» деген ұсыныс жасады. Мен қайтадан сотқа беріп, орныма оралдым. Ал Әбированы оқушымен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайтыны, мектеп әкімшілігімен тіл табыса алмағаны үшін жұмыстан босаттым, - дейді.

Назгүл Шоқан Уәлиханов атындағы Қайназар орта мектебінде 2001 жылдан 2014 жылға дейін музыка пәнінің, 2014 жылдан 2018 жылға дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Әбированың «жұмыстан негізсіз босату» туралы берген арызы негізінде қозғалған сотттың келесі отырысы 29 наурызда өтеді.

ВИДЕО: Мектептегі дау

Мектеп директоры мен мұғалім дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

XS
SM
MD
LG