Accessibility links

Қарағандының өнеркәсіптік ауданы – Майқұдықта әдеттегіден өзгеше мұражай жұмысын бастады. Жер бетіне жақын тереңдіктегі оқу шахтасы Қарағандының көрнекі орнына айналды. Қазақстандық және шетелдік туристер шахтаға түсіп, көмір өндіретін кеншінің ауыр еңбегімен таныса алады.

Қарағандының Майқұдық ауданындағы тау-кен индустриялық колледжі жанынан ашылған көмір өнеркәсібі мұражайы жұмысын бастағанына екі апта болды. Жер асты шахтасына келуші қазақстандық және шетелдік туристер ондағы ерекше экспонаттарды тамашалай алады.

ШАХТАҒА ТҮСУ

Шахтаға түсіп, мұражайды көргісі келетіндерді әуелі шағын ережемен таныстырады. Әр адамға міндетті түрде шахтер қол шамы беріледі, ал егер қаласа, арнайы киім мен каска киюіне де болады.

Азаттық тілшісін шахтаға түсіріп, жер асты техникасының жұмыстарымен таныстырған Владимир Лендо – 30 жыл еңбек еткен тәжірибелі кенші. Оның жұмыс стилі де өзгешелеу екені байқалады - әдеттегі музей қызметкері тәрізді алдын ала жаттап алған дайын мәтінді емес, барлық мағлұматты өз тәжірибесіне сүйеніп баяндап береді. Тілшіге қол шам ұстатқан шебер жер астында еппен қимылдауды, үнемі жан-жағына қарап, техникаға ұрынып қалмай, басын соғып алмай сақтықпен жүру керектігін қаперге салып отырды. Жер астына түскенде немесе үстіне шыққанда таяныш тұтқадан ұстап алу керектігін де ескертеді.

Жолбасшы Владимир Лендо Майқұдық шахтасында.
Жолбасшы Владимир Лендо Майқұдық шахтасында.

Шахтамен таныстығымыз қазба кенжарынан басталды. Тас қараңғы тоннельдер ішінде құрал-жабдықтардың бәрі жұмыс істеп тұр – оларды мұнда бөлшектеп түсірген – шахтадағы көмір де шынайы. Маман тау-кен өңдеуші комбайнның қалай жұмыс істейтінін көрсетті, тіпті Азаттық тілшісіне техникамен біраз жұмыс істеуге рұқсат етті, ал өзі қадағалап тұрды. Техника жұмыс істеген кезде қатты шу түк естіртпейді екен.

- Шахтадағы метан мен көмірқышқыл газын өлшеуге арналған аспаптар бар. Бірақ алдын ала болжап білуге болмайтын әртүрлі тау-кен – геологиялық табиғи жағдайлар да кездеседі. Газдың аты газ, сыртқа өтіп кетуі мүмкін. Оның үстіне үнемі адам факторы да бар. Кенші жұмысы - өте қауіпті еңбек. Бұл қаһарман жандардың мамандығы. Қазір шахтада істегісі келетіндер көп. Түлектерімнің ішінен үміт күттіретін жастар, жақсы мамандар көп шықты. Колледжіміз тәжірибеге бай. Қазақстанда мұндай жер асты оқу шахтасы басқа еш жерде жоқ, - дейді зейнетке шыққан соң колледжде өндірістік білім беру шебері болып істейтін Владимир Лендо.

ЖҮЗДЕГЕН МЫҢ АДАМНЫҢ СҮЙЕГІ ҚАЛҒАН

Шахта-мұражайда түрлі экспонаттар және ақпаратармен танысуға болады, олар сонау 1800-жылдары Аппақ Байжанов алғаш рет көмір кені орнын тапқан кезден бастау алады. Байжановты Қарағанды көмір алабын алғаш ашқан адам деп атайды. Ары қарай кен орны қалай игерілгені туралы баяндалған. Бұл орайда 1930-1940 жылдар аралығындағы кезеңнің маңызы ерекше.

- 1931 жылы Қарағанды облысына 500 мың арнайы қоныс аударушы әкелінген. Бір жылдан кейін солардан 100 мың адам ғана қалған: өзге 400 мың адамның дәм-тұзы таусылып, осында сүйегі қалған, ол кезде ажалдан аман қалу өте қиын болған. 1932 жылы бұл жерге арнайы қоныс аударушыларды тағы әкелген, 1934 жылы Қарағанды кентіне қала мәртебесі берілген, шахталар салынып, көлемді жұмыстар басталған. Соғыс кезінде майданға кеткен ер азаматтардың орнын әйелдер басқан. Горбачев шахтасында 223 әйел жұмыс істеген, оның 103-і жер астында қайламен кен өндірген. Көмір алу үшін аянып қалмаған, - деді Азаттыққа колледж директоры Геннадий Ивченко.

Майқұдық шахтасындағы метан газы мөлшерін бақылайтын аспап. Қарағанды облысы, 21 шілде 2017 жыл.
Майқұдық шахтасындағы метан газы мөлшерін бақылайтын аспап. Қарағанды облысы, 21 шілде 2017 жыл.

Шахта-мұражайда шахтер әйелдерге арналған стенд бар. Онда қажалған тізеқаптар, көмірді жер бетіне тасып шығарған шаналар қойылған. Мұндағы "Қарағанды 7-15" комбайны әлі жұмыс істеп тұр. Музей залында Қарағанды көмір алабында өндірілетін көмір қыртыстары бар.

- Қарағанды облысындағы ең қауіпті нәрсе – көмір қыртысы метан газымен аралас кездеседі. Метанның исі де, түсі де жоқ. Бұрын ескі қалада тұрғанда бізге пәтерді неліктен оңтүстік-шығыс жақтан берді? Өйткені, түнде жұмыстан үйіне оралған адам шырпы тұтатса – баспананың күлі көкке ұшатындай қауіп бар болатын. Көмір қыртысы жақын орналасқан еді, - дейді Геннадий Ивченко.

Майқұдықтағы колледж директоры Геннадий Ивченко. Қарағанды облысы, 21 шілде 2017 жыл.
Майқұдықтағы колледж директоры Геннадий Ивченко. Қарағанды облысы, 21 шілде 2017 жыл.

Майқұдық – Қарағандының өнеркәсіптік жұмысшы ауданы, мұнда кейінгі салынған қазіргі заманғы ғимараттармен бірге ескі тұрғын үйлер, барақтар да сақталған. Майқұдықтың өзіне тән ерекше исінен өнеркәсіптің дамығаны аңғарылады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын түрлі зауыттар мен кәсіпорындар қазіргіден де көп болған. Қарағанды қаласын "шахтерлер астанасы" деп те атайды.

"МҰНДАЙ АЖИОТАЖ БОЛАДЫ ДЕП ОЙЛАМАДЫҚ"

Оқуға арналмаған кәдуілгі шахтаға кіру оңай емес: ол стратегиялық және қауіпті нысанға жатады. Бірақ қазір жерасты шахта-мұражайына түсіп, онымен танысуға әркімнің мүмкіндігі бар. Екі аптаның ішінде шахта-мұражайды көруге 250 астам адам келген.

Мұражай директорының айтуынша, әзірге мұнда кіру тегін. Алдағы уақытта оны ақылы жасау жоспарланған, қазір ол шаруамен туроператор айналысып жатыр. Ерекше шахта-мұражай ашу - Қарағанды облысы білім беру басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетовтің идеясы. Шахтаны жөндеп, мұражай ашуға бюджет есебінен 25 миллион теңге бөлінген.

- Бұл шахта 1981 жылы оқу-жаттығу орны ретінде пайдалануға берілген. Қазір де сол міндетті атқарады: шетелдіктер кіріп шыққан соң жерасты мұражайына студенттер түсіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тексереді. Жер бетінен 15 метр тереңдікте орналасқан бұл музейдің кәдімгі шахтадан еш айырмасы жоқ. Мұражайға сұраныс та бар. Оған Португалия, Австралиядан адамдар келді. Тіпті мұражайды көру үшін алдын ала жазылып жатыр. Бұндай ажиотаж болады деп ойламаған едік. Қарағандының шахтерлер астанасы екенін, оның қалай басталғанын жұрттың бәрі білсе деймін, - дейді тау-кен – индустриялық колледжінің директоры Геннадий Ивченко.

Майқұдықтағы шахтада жүрген турист. Қарағанды облысы, 21 шілде 2017 жыл.
Майқұдықтағы шахтада жүрген турист. Қарағанды облысы, 21 шілде 2017 жыл.

Мұражайдың көрме залдарында көмір өнеркәсібіне тікелей қатысы бар экспонаттар ғана емес, шахтер ісімен қандай да бір байланысы болған адамдардың суреттері де ілінген. Олардың арасында қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің жаттықтырушысы – Виктор Дмитриевтің де фотосы бар.

Виктор Дмитриев бұрын осы жерде оқып, Костенко атындағы шахтада жұмыс істеген. Қазақстанға еңбек сіңірген бапкер қазір жас балаларды жаттықтырады. Боксшы Геннадий Головкиннің өзі де аса танымал, туған жерінде оны әрдайым қошеметпен қарсы алады. Шахта-мұражайда жаттықтырушысы туралы әңгімелеген кезде Головкинді де қоса атап өтеді.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG