Accessibility links

Суға кеткен үш адамның қазасы үшін полицей сотталды


Тасқын салдарынан жолда қалған УАЗ автокөлігі. (Көрнекі сурет.)
Тасқын салдарынан жолда қалған УАЗ автокөлігі. (Көрнекі сурет.)

Қарағанды облысындағы еріген қар жолды шайып, үш адам суға кеткен қайғылы оқиға үшін полицияның бұрынғы учаскелік инспекторы шартты жазаға кесілді. Ол Азаттық тілшісіне кінәсін мойындағанын айтты

ҚАУІПТІ ЖОЛДА

Биылғы наурыздың 31-і күні кешкісін Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында болған қайғылы оқиға үш адамның – 13 жастағы Ерасыл Дарханұлының, 19 жастағы Жанболат Мәжитовтің және 56 жастағы Болат Әбілдиновтің өмірін қиып кеткен болатын. Еріген қар суы шая бастаған жолмен Бесоба ауылына бара жатқан "УАЗ" маркалы көлігі аударылған. Ресми дерекке сәйкес, көлік салонында тоғыз адам болған. Сотта анықталғандай, әлгі адамдар сол жерде тоқтауы, ал полицияның учаскелік инспекторы Ерсін Әбеуов оларды бөгеп, көлік жүргізушісін қауіпті сапарға шығармауы тиіс болған, өйткені оны жолдың әлгі қауіпті тұсындағы жол жүрісіне тыйым салу үшін жіберген. Бірақ, әлгі көлікте ауыл тұрғындарымен бірге полицейдің өзі де болған.

Аударылған УАЗ көлігінің салонынан шыға бастаған адамдардың үшеуін тасқын толқыны ағызып әкетіп, олар мерт болған. Ертеңінде құтқарушылар оларды Қарқаралы ауданының Бесоба ауылынан шамамен 13 километрдей жерден тапқан. Үшеуі де тыныс жолдарының механикалық асфиксиясы салдарынан, қарапайым тілмен айтқанда, суға тұншығып өлген. Сол кезде тағы үш адам жарақат алған болатын - зардап шеккендердің біреуінің тізе буындары зақымданған, өзге екеуінің бас сүйегі мен миына зақым келген.

Су тасқыны кезінде құлаған үйлердің бірі. (Көрнекі сурет.)
Су тасқыны кезінде құлаған үйлердің бірі. (Көрнекі сурет.)

Әуелі жергілікті билік мерт болғандарды "тасқын құрбаны" деп атамай, үш адамның қазасын "жазатайым оқиға" ретінде тіркеген. Кейінірек сот УАЗ көлігі аударылған кезде ішінде болған, сол кездегі полицияның учаскелік инспекторы Ерсін Әбеуовті кінәлі деп тапқан. Шілденің 13-і күні Қарқаралы аудандық соты Әбеуовті "ауыр зардаптарға соқтырған салдыр-салақтық әрекетке" кінәлі деп танып, үкім шығарды. Сот оған пробациялық бақылау тағайындап, екі жыл шартты жаза кесті. Үкім шілденің 29-ында заңды күшіне енді.

Суға кетіп мерт болғандардың немесе зардап шеккендердің туыстарымен хабарласу мүмкін болмады - телефон нөмірлері табылмады. Бесоба ауылында телефон байланысы қиын болып шықты - ол жақта ұялы байланыс мүлде жоқ, ал стационарлық телефон (үй телефоны) кей тұрғындарда ғана бар, алайда олар арқылы жәбірленушілермен байланысу мүмкін болмады.​

ТЕРГЕУ БОЛЖАМЫ

Тергеу болжамынша, биылғы наурыздың 31-і күні Қарқаралы ауданының Бесоба ауылдық округына қарасты Қарашоқы бөлімшесінен 12 километр жерде жолды еріген қар суы шая бастағандықтан ауылдық округ әкімі полицияның учаскелік инспекторы Ерсін Әбеуовке жолдың әлгі тұсына барып, ол жақтағы автокөліктер мен адамдардың жүруіне тыйым салуды тапсырған. Инспектор жолдың аталған тұсына жеткен кезде қатты ағыстың кесірінен ары қарай жүре алмай тұрған Бесоба ауылы тұрғындарын жолықтырған.

Көлік жүргізушісінің жолдың қауіпті бөлігімен жүруіне тыйым салмаған, оны көліктен түсіріп тастамаған, жолаушылардың көліктен түсуін талап етпеген,

"Әбеуов оларға жағдайды түсіндіріп, жолға шықпай, сол жерде тоқтауды ұсынған, бірақ тұрғындар инспектордың талабын тыңдамай, Бесоба ауылына дейін жету үшін инспектордың УАЗ көлігіне отырып алған. Билік өкілінің заңды талабын орындамағаны үшін Әбеуов оларға тиісті шаралар қолданбаған. Қызметтік нұсқаулық талаптарын және әкімнің нұсқауын орындамаған. Яғни, көлік жүргізушісіне қауіпті жолға шығуына тыйым салмаған, оны көліктен түсіріп тастамаған, жолаушылардың көліктен түсуін талап етпеген, жолдың қауіпті тұсын жауып тастамай, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіпті жолмен жүруіне рұқсат берген әрі қараусыз қалдырған", - делінген Азаттық тілшісінің сауалына прокуратураның жолдаған жауабында.

Тергеу болжамы бойынша, бұдан кейін жолаушылар учаскелік инспектормен бірге Бесоба ауылына қарай бет алған, бірақ еріген қар суының қатты ағысы көлікті жолдан аударып тастаған. Салдарынан үш жолаушы суға батып кеткен.

УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР КІНӘСІН МОЙЫНДАЙДЫ

Шартты жазаға кесілген Ерсін Әбеуовтің адвокаты Әділет Әлпейісов Азаттық тілшісіне қорғауындағы адамның өз кінәсін толық мойындап, болған оқиғаға өкінгенін растады. Адвокаттың сөзінше, тергеу амалдары кезінде айыпталушы кінәсін мойындайтыны әрі белгіленген жазамен келісетіні туралы прокурормен процессуалдық мәміле жасайтыны жайлы мәлімдеген. Сот процесі де тез біткен.

Азаттық тілшісі Бесоба ауылында бала кезінен тұратын Ерсін Әбеуовпен телефон арқылы сөйлесіп, үкімге қатысты позициясын білді. 30 жастағы Ерсін Әбеуовтің айтуынша, ол 2017 жылғы ақпаннан бастап полицияның учаскелік инспекторы болып жұмыс істеген, ал оған дейін бірнеше жыл учаскелік инспектордың көмекшісі болған. Құқық органдарында жиыны сегіз жылдан сәл көбірек уақыт қызмет атқарған. Қарқаралы сотының шешімі бойынша, Ерсін Әбеуов үш жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу, құқық органдарында полицияның учаскелік инспекторы және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан айырылды.

Кінәмді мойындадым. Ештеңе дәлелдеуге тырыспадым.

- Бұл істе әуелі куәгер болғанмын, ал маусымның аяғында маған айып тағылды. Кінәмді мойындадым. Ештеңе дәлелдеуге тырыспадым. Жәбірленушілер маған ешқандай шағым-талап қойған жоқ, сотта олар мені кешірді, - дейді Ерсін Әбеуов Азаттыққа.

Азаттық тілшісі Ерсін Әбеуовтен сол күні кешкісін жолда не болғанын айтып беруін сұрады.

- Ол жаққа УАЗ көлігімен ауыл әкімі тапсырма берген соң бардым. Маған ол жақта үш көлік тұр деп айтқан болатын. Барсам, адамдар тұр екен, олар "үйімізге дереу жетуіміз керек, үйде бала-шағамыз бар" дей бастады. Бірақ өз көліктерімен өте алмады. Ал жарты сағаттай бұрын әлгі тұстан сол бағытқа қатынайтын автобус, әлдебір УАЗ бен "Газель" көліктері өтіпті. Яғни, алдында ғана көліктер өткен екен. Олар "Бесоба жаққа жүруге болмайды" деген сөзімді тыңдамай, УАЗ-ға отырып алды. Рульге отырған ер адам кейін суға кетіп мерт болды. Біз төрт километрдей ғана жол жүрдік. Сосын толқын көтеріліп, көлік аударылып қалды. Адамдардың көліктен шығуына көмектесіп, өзім ең соңынан шықтым. Әлгі адамдардың бәрін танимын, өйткені менің бақылауымдағы территория ғой, - дейді Ерсін Әбеуов.

Ерсін Әбеуов әлгі оқиғаға қатты өкінетінін айтты. "Сол сәтте табандылық танытып, адамдардың жол жүруіне үзілді-кесілді тыйым салуым керек еді деп санайсыз ба?" деген сұраққа полицияның бұрынғы учаскелік инспекторы "иә" деп жауап берді. "Енді немен айналыспақсыз?" деген сұраққа Ерсін Әбеуов "жұмыссыз отырмаймын ғой" деп жауап қатты.

XS
SM
MD
LG