Accessibility links

«Қырғызстанда кәсібилік ұлтқа емес, білімге байланысты сыналады»


Қырғыз, қазақ жігіттері. (Көрнекі сурет).

Бішкектегі "Қырғыз-қазақ достық, қызметтестік байланысы" қоғамының төрағасы Нұрсыдық Жақсығұлов Азаттыққа берген сұхбатында Қырғызстан қазақтарының тарихы мен қазіргі жағдайы туралы әңгімелеп берді.

Азаттық: – Шетел қазақтарының өздері өмір сүріп жатқан елдегі жағдайына байланысты белгілі бір кәсіптің айналасында шұғылданады. Мәселен, Қытай мен Моңғолиядағы қазақтардың басым бөлігі мал шаруашылығымен, Түркия қазақтары саудамен, Еуропа қазақтары кезінде тері өңдеу жұмыстарымен айналысты. Сол секілді Қырғызстан қазақтарының негізгі күн көру кәсібінің көзі неде?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Совет одағының тұсында қазақтар денсаулық сақтау министрлігі мен білім саласында және ішкі істер қызметінде көп жұмыс жасайтын. 1956 жылға дейін Қырғызстанға мамандарды Қазақстаннан жиі шақыратын. Ал қазір кез-келген салада қазақтар бар. Үкіметте, Жоғарғы кеңесте, саясатта және бизнесте жүрген қандастар жеткілікті. Бұл жерде сенің кәсібилігің ұлтқа қатысты емес, біліміңе байланысты сыналады ғой.

Азаттық: – Қазақтардың Қырғызстанды мекен етуі қай кезеңнен басталады? Бұл диаспорология тұрғысынан арнайы зерттелген бе?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Ертеде қазақ-қырғыз арасында шекара болмаған. Екі ел халқы көшіп-қонып жүре беретін. Ата-бабаларымыз Қазақстанға қарасты Жамбыл облысы аумағында Алатаудың етегінде қыстап, бұл жақты жайлап жүрді ғой. Бертінде қазақтардың қазіргі Қырғызстан жеріне қоныс аударуы Түрксіб темір жол желісі құрылысын жүргізу кезеңімен тұспа-тұс келді. Менің әкем осы лекпен Қырғызстан жеріне келген екен. Басшылық қызмет атқарған әкем әуелде Шу мен Луговойдың (Қазақстанның қазіргі Жамбыл облысына қарасты Тұрар Рысқұлов ауданы) арасында темір жол салып жүрген екен. Сол кезде Луговой станциясынан Фрунзеге (қазіргі Бішкек) дейін жаңа жоба бойынша жол түсетін болып, сонда жол құрылысы мекемесі басшысының орынбасары болып келеді. Теміржол құрылысы біткеннен кейін Қырғызстандағы бас поштаның басшысы болып тағайындалған әкем Бішкекте орнығып қалды. Түрксіб кезеңінде сол темір жол құрылысында жүрген көптеген қазақтар да осында қоныстанған екен. Қазақтардың тағы бір легі Қырғызстанға аштық, қуғын-сүргін жылдары келген екен.

«Қырғыз-қазақ достық, қызметтестік байланысы» қоғамының төрағасы Нұрсыдық Жақсығұловтың (оң жақта) шетел азаматына шапан жауып жатқан сәті.
«Қырғыз-қазақ достық, қызметтестік байланысы» қоғамының төрағасы Нұрсыдық Жақсығұловтың (оң жақта) шетел азаматына шапан жауып жатқан сәті.

Азаттық: – Қырғызстанда 2009 жылы жүргізілген халық санағы бойынша қазақтар санының 1999 жылғы көрсеткішке қарағанда 42,7 мың адамнан 33,2 мың адамға дейін азайғаны байқалған екен. Қырғызстан қазақтары санының жыл өткен сайын азаю себебін немен түсіндіресіз?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Қырғызстанда 1990 жылдардағы ресми есеп бойынша шамамен 100-124 мың қазақ болған. Қазір соның көбі Қазақстанға көшіп кетті. Қазақстанға қоныс аударып жатқан қазақтардың негізгі құрамы - жастар. Ал үлкен кісілер туып-өскен жерін қимайды ғой.

Азаттық: – Қырғызстанда қазақ мектебі немесе сыныбы жоқ. Оқушылар негізінен қырғыз және орыс мектептерінде оқиды. Осы орайда қазақ балаларының ана тілін меңгеруін қалай қамтамасыз етесіздер?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – 1992-1996 жылдар аралығында мен өзім Бішкектегі «Отан» қазақ мәдени орталығын басқардым. Мәселелерімізді сол кездегі президент Асқар Ақаевке дейін жеткізіп талқылап отыратынбыз. Мәселен, сол кездегі білім министрі Асқар Кәкеев қолдап, қазақша оқытатын сыныптар ашып берген. Бірақ мәселенің бәрі сайып келгенде қаражатқа келіп тіреледі ғой. Басында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қолдаймыз деді. Бірақ жеткілікті деңгейде жәрдем бере алмады. Екіншіден, Қырғызстанда да соңғы жылдары бұл мәселеге жете көңіл бөлінбей кетті.

Азаттық: – Қазір өзіңіз басқаратын "Қырғыз-қазақ достық, қызметтестік байланысы" қоғамы бұл мәселеге неге қозғау салмайды?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Қазақ-қырғыз достығы мен ынтымақтастығы қоғамы арқылы Қазақстандағы оқу орындарымен, бұл жақтағы жоғарғы оқу орындарымен сөйлесіп, жоқ-жітік балаларды оқуға түсіріп, оқу ақыларын жеңілдетуге, квота бөлуге көмектесіп тұрамыз.

Қазақ-қырғыз шекарасы. Қордай кедені.
Қазақ-қырғыз шекарасы. Қордай кедені.

Азаттық: – «Жете көңіл бөлінбеді» дегеніңізден шығады, Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің басын қосқан ассамблея мәжіліске тоғыз бірдей депутат сайлай алады. Іргелес жатқан Қырғызстан елінде мұндай мәселелер қалай шешіледі?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Қырғызстанда ондай жоқ.

Азаттық: – Сонда әртүрлі ұлттардың мәдени ұйымдары немесе қоғамдары қалай өмір сүріп жатыр?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Олар елден жиналған қаражатпен немесе жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен, өз күштерімен өмір сүріп жатыр. Мәселен, біз қазақ мәдени орталығының басшылығына тиісті адамды сайлап қойдық. Ол өз мүмкіндігіне қарай жұмыс істейді. Біз де қолдан келгенше осы орталыққа жәрдем береміз.

Азаттық: – Екі ай шамасы бұрын Қазақ-қырғыз шекарасында мәселе туындағаны белгілі. Бұл оқиға сіздерге қалай тиді?

Нұрсыдық Жақсығұлов: – Көпшілік сол мәселенің шешілетініне сенді, елдің көзқарасы, көңілі дұрыс болды. Адамдар екі ел арасындағы ушыққан жағдайға байланысты ой-пікірлерімен бөлісіп тұрды. Ешкім зардап шеге қойған жоқ. Қазір жағдай қалыпқа келтірілді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG