Accessibility links

ҰҚК белсенділерді «орыс ұлтшылы ісіне» қатысты шақырған


Александр Поткин (Белов) шеруде тұр. Мәскеу, 5 наурыз 2012 жыл.
Александр Поткин (Белов) шеруде тұр. Мәскеу, 5 наурыз 2012 жыл.

Өткен демалыс күндері бірнеше азаматтық белсендіні ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) шақыртқан. Олардың кейбірі тергеуге Ресейдің ФСБ қызметкерлері қатысқанын айтады.

Сенбі күні кешкісін «Трибуна: Ашық алаң» газеті журналисі Инга Иманбайға келесі күні, яғни жексенбіде Алматы қаласы ұлттық қауіпсіздік департаментіне келуі тиіс деген талаппен шақырту қағазы тапсырылған. Журналистің айтуынша, тергеу былтыр Мәскеуде ұсталған ресейлік Александр Поткиннің (Белов) ісіне қатысты жүргізілген.

ҰҚК-ДЕГІ ТЕРГЕУ

Ұлтшылдық сипаттағы қозғалыстың бұрынғы жетекшісін Қазақстан билігі «өшпенділікті қоздырды» деп айыптайды. Ресейде белсенді Поткинге «БТА банкінен ақша жымқыруға қатысқан» деген айып тағылған.
– Тергеу кезінде Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) өкілі кіріп, қызметтік куәлігін көрсетті. Маған Александр Поткин (Белов) жайында сұрақтар қойды, – дейді Инга Иманбай.

Өткен демалыста ҰҚК-де тергеуде болғанын «Трибуна: Ашық алаң» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай да хабарлады. Ол Facebook желісіндегі парақшасында шақырту қағазын «жұртты шулатқан бір іс бойынша» қоятын сұрақтары бар «Ресей арнайы қызметінің өтініші бойынша» жіберілгенін жазады.

"Трибуна: Ашық алаң" газетінің бас редакторы Жанболат Мамай. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл.
"Трибуна: Ашық алаң" газетінің бас редакторы Жанболат Мамай. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл.

– Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің бір топ қызметкері Қазақстанға ұшып келіп, тергеуге тікелей қатысып жатыр. ҰҚК-ге саясаткер Төлеген Жүкеев пен журналист Инга Иманбайды шақырды. Олардың кейбірі түсінік беріп шықты, ал кейбірі тергеушілердің сауалдарына енді ғана жауап беруі тиіс, – деп хабарлады Жанболат Мамай Азаттыққа.

Саясаткер әрі Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Төлеген Жүкеев Азаттыққа берген комментарийінде өзін ҰҚК-ге шақырғанын айтты. Жүкеевтің айтуынша, «сұхбат» кезінде арнайы қызмет өкілдері одан Александр Поткинмен таныстығы және кездескені туралы сұраған.

Өткен демалыста ҰҚК департаментіне Көкшетауда тұратын азаматтық белсенді Марат Жанұзақовты да шақыртқан. Ол тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясын жетекшісі Владимир Козлов тұтқындалып сотталғаннан кейін (кейін партия қызметіне сот шешімімен тыйым салынған) басқарған.

Азаматтық белсенді Марат Жанұзақов. Алматы, 3 шілде 2014 жыл.
Азаматтық белсенді Марат Жанұзақов. Алматы, 3 шілде 2014 жыл.

Жанұзақовтың айтуынша, жексенбіге қараған түні оны ҰҚК-ге күштеп апарған. Белсендінің айтуынша, оны бір сағатқа созылған тергеуден кейін босатқан. Жанұзақов тергеу мазмұнын ашпағанымен, сұрақтар көбінесе Мәскеуде ұсталған екі ресейлік азаматқа қатысты қойылғанын, оның бірі ұлт-патриоттық қозғалыс жетекшісі екенін және бұл іс «қазақстандық саясаткер әрі банкирге» қатысты екенін айтады.

ҰҚК-ден комментарий алу мүмкін болмады. Алматы қаласы ҰҚК департаментінің бұл іспен айналысатын тергеушісі Марат Төлепбергенов баспасөз қызметіне хабарласуға кеңес берді. ҰҚК баспасөз қызметі жетекшісі Серік Дәулетов тергеу амалдары аяқталмай ешқандай комментарий берілмейтінін мәлімдеп, әлдебір ақпарат алу үшін ресми түрде жазбаша сауал жолдау қажеттігін ескертті.

ПОТКИННІҢ ІСІ ЖӘНЕ БТА БАНККЕ ҚАТЫСТЫ АЙЫПТАУЛАР

Ресейлік азамат Александр Поткин (Белов) былтыр қазан айынан бері Мәскеу қаласында қамауда отыр. Әуелі оны үй қамағына алып, бір аптадан кейін сот шешімімен тергеу абақтысына қамаған.

Қазақстан бас прокуратурасы дерегінше, 2014 жылдың 20 мамырында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Александр Поткиннің үстінен «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бірақ «Заңсыз иммиграцияға қарсы қозғалыстың» бұрынғы жетекшісі Поткин «өшпенділікті» нақты қалай «қоздырғанын» Қазақстан билігі ашып айтпайды.

Ресей билігі Поткинді өзге тұлғалармен бірге ішінде Подмосковье облысындағы жер телімдері де бар БТА банктен заңсыз шығарылған активтерді заңдастырумен айналысты деп айыптайды. Поткиннің адвокаттары бұл айыптауларды негізсіз әрі саяси астармен қудалап отыр деп санайды.

БТА банктен ақшы жымқыру ісіндегі негізгі айыпталушы – 2013жылдан бері Франция түрмесінде қамауда отырған қазақстандық диссидент әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Қазақстанда оны 2009 жылдың басында елден сыртқа қашқанға дейін өзі басқарған БТА банктен 6 миллиард доллар жымқырды деп айыптайды. Қазір Қазақстан, Ресей және Украина оны экстрадициялауға тырысып жатыр, екі ел оған қаржылық алаяқтық бабы бойынша да айып таққан. Былтыр қазанның аяғында Лион соты Ресей мен Украинаның Әблязовты экстрадициялау жайлы өтінішін мақұлдаған.

XS
SM
MD
LG