Accessibility links

Козловтың соттағы сөзі екі күннен асты


Серік Сапарғали (сол жақта) мен Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Серік Сапарғали (сол жақта) мен Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Сәрсенбі күні соттағы сөзін әрі қарай жалғастырған Владимир Козлов прокурордың жарыссөздегі әрбір пікіріне қарсы уәж келтіріп, тағылған айыптарды жоққа шығарумен болды.

Владимир Козлов "сот тергеуі кезінде айыптау тарабының кінәсін дәлелдейтіндей ешбір айғақ-дәлелдер келтіре алмағанын, жүйелі түрде жалған тұжырымдар жасағанын" айтты.

- Сөздерімнен 164 және 170-баптарға сәйкес белгілер табылмады. Істе мұндай материал болмады. Билікте отырған адамдарды сынағаным - менің азаматтық, әрі оппозициялық саясаткер ретіндегі құқығым, - деді Козлов сотта.

Козлов осы істе куәгер болған Айжангүл Әміроваға ешқандай нұсқау бермегенін, Әжіғалиева және Сақтағановпен ешқашан байланыста болмағанын айтты.

Оның пікірінше, айыптау тарабының «Козлов Әблязовтың бұйрығын орындады», «акцияда көпшілік алдында сөйлеп, мұнайшыларды алаңда ақырына дейін тұруға шақырды» деп айыптағаны да ешбір дәлел-дәйекке негізделмеген бос тұжырым болып шыққан.
Сөздерімнен 164-ші, 170-ші баптарға сәйкес белгілер табылмады. Билікте отырған адамдарды сынағаным - бұл менің азаматтық, әрі оппозициялық саясаткер ретіндегі құқығым.
- Мұнда көрсетілген кадрларда мегафон арқылы сөйлеп тұрған басқа біреулерді көрдік. Мен тек әңгімелесіп, сұрақтарға ғана жауап беріп отырдым. Пікірімді айттым. Әңгіменің өзінде 80 пайызын Әжіғалиева сөйлеген. Ал ондағы айтқан сөздерімде жасыратын құпия ештеңе жоқ, - деді Владимир Козлов.

Ол елдегі қарапайым жұмысшылардың ауыр жағдайына назар аудартқанын айтты.

«ЖҰМЫСШЫЛАРҒА ТЕК АФРИКА МЕН ҚАЗАҚСТАНДА ҒАНА ОҚ АТАДЫ»

Владимир Козлов сөз арасында еңбек дауы туған кездегі «Қазмұнайгаз» бен «Қазақмыс» компаниясы басшыларының әрекеттерін салыстырып, соңғысының (алғашқысына қарағанда) "жұмысшылар талаптарына тез реакция танытып, ұтымдырақ шешім қабылдағанын" айтты.

- Әртүрлі әлеуметтік топтарды қамтитын еңбек даулары - қоғамның ажырамас бөлігі. Оған әлемде мыңдап мысал табылады. Бірақ соған қатысқан адамдарға тек Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасында ғана оқ атады, - деді Козлов сотта.

Ол айыптау тарабының «Қазақстан Әблязовтың тапсырмасымен радикалды көңіл-күйдегі БАҚ-тың шабуылына ұшырады» деген тұжырымына да қарсы уәж айтты.
"Қуыршақ әртіс пен марионеткелардың қатысуымен..." деген тіркестер көп. Бұл заңгерлік мәтін емес, өткен ғасырдағы зұлматты 30-60-шы жылдардан қалған "штамп". .
- Іс материалдарында «Әблязовтың бұйрық бергені» туралы дәлел көрсетілмеген. Онда бұл ақпарат құралдарының ("Республика", "Взгляд", "К-Плюс" - ред.) бір рет те болсын жалған ақпарат таратқаны туралы айғақ жоқ, - деді Козлов сотта.

Өзі жетекшілік еткен «Алға» партиясы мен «Халық майданы» қозғалысына келгенде олардың да «заңға қайшы әрекеттер жасамағанын» айтты.

Оның сөзінше, айыптау қорытындысындағы сөйлемдерден "советтік кезеңнің стилі" аңғарылады.

- Айыптау қорытындысының 58-59-беттеріндегі абзац саяси өшпенділікке толы. «...Әмірованың үйлестіруімен, қуыршақ әртіс (кукловод) пен марионеткелардың қатысуымен...» деген тіркес бар. Бұл заңгерлік мәтін емес, өткен ғасырдағы зұлматты 30-60-жылдардан қалған "штамп". Мұндай "штамптарды" құқық қорғау органдарының демократиялық мемлекетте қолданғаны өте жаман. Мұндай "штамптар" айыптау қорытындысының соңына таман көбейе түседі, - деді Владимир Козлов сотта.

«ЕШКІМГЕ РЕНІШІМ ЖОҚ»

Сөзінің аяғында Козлов осы сотта өзіне қарсы куәлік берген адамдарға еш өкпе-реніші жоқ екенін, «мәселе бостандыққа қатысты болған кездегі жағдайларын» түсінетінін айтты.

- Басымнан көп нәрсені өткердім және олардың ешқайсысын да кінәламаймын, - деді ол.

Владимир Козлов соңғы сөзін әлі айтып біткен жоқ. Сот отырысы ертең жалғасады.

Дүйсенбі күні басталған жарыссөзде бірінші болып сөйлеген прокурор Козловтың "кінәсі толық дәлелденгенін" айтып, оған 9 жыл, Ақжанат Әминовке 5 жыл, Серік Сапарғалиға 4 жыл жаза тағайындауды өтінген еді.

Тамыз айында басталған сот процесінде істері қаралып жатқан тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали және қоғамдық белсенді Ақжанат Әминовқа «конституциялық құрылымды күшпен өзгертпек болды», «әлеуметтік араздық тудырды» және «қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG