Accessibility links

Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев еске алынды


Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою сәті. Алматы, 12 қаңтар, 2009 жыл.
Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою сәті. Алматы, 12 қаңтар, 2009 жыл.

Алматыда қаңтардың 12-сі күні Дінмұхаммед Қонаевтың туғанына 97 жыл толуына орай Бөгенбай менТөлебаев көшелерінің қиылысындағы оның ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, еске алу шарасы өткізілді. Тұлғаның ұлт үшін қосқан үлесі туралы кереғар пікірлер де бар.

Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев 1964-1986 жылдары аралығында Қазақстан Компартиясы комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.

Қонаевтың қарындасы Роза Ахметқызы ағасының мемлекетке ғана емес, сонымен бірге отбасы мүшелеріне де тірек бола білгенін айтады.
Дінмұхаммед Қонаевтың мұражайындағы портреті.

- Димаш Ахметұлы біздің үлкен отбасымыздың ұйытқысы болды. Біздің отбасымыздың үлкен еді. Мен ең кішісі едім. Ағамның жүрегінің кеңдігі сондай ешкім де оның мейірімінен құралақан қалған жоқпыз. Ол бізге бағыт беріп, үнемі кеңес беріп отырды. "Кім болу керек, қалай жұмыс істеу керек, қалай өмір сүру керек?" деген сұрақтарға жауап табуға көмектесті. Есімде, менің кішкентай кезімде ол Алматыдан пәтер алды. Оған бәріміз қоныстандық. Сол кездерде оның күндіз-түні тынымсыз жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Бұл кез қиын кезең – соғыс жылдары болатын.

12 қаңтар күні Д.Қонаевтың туған-туыстары оның өмірінің соңғы жылдары мінген автокөлігін мұражай үйіне тарту етті.

Д.Қонаев 1952-1955 жылдары аралығында Қазақ Ғылым Академиясын басқарды. Тарихшылардың бағалауынша, ол қоғамдық істермен айналыспағанда дүниежүзілік аты бар ғалым болып шығатын еді. Кен ісі саласында 100-ден аса ғылыми еңбегі қалды. Мұның өзін тарихшылар үлкен жетістікке бағалайды.

Совет дәуірінде орман шаруашылығымен айналысатын министрлікті басқарған Молдан Әлдербаев Қонаевтың басқарушылық қабілеті жөнінде былай дейді:

- Димекеңнің Қазақстанға жасаған еңбегі мол. Оған меніңше, әлі тура бағасын бере алған жоқпыз. Қазір енді бірнеше кітаптар шығарып жатыр, мақалалар шығып жатыр. Онымен бір аппаратта жұмыс істеп жүрген кезде оның кемелділігіне, байсалдығына таңқалатын едік. Ол қандай қиын мәселе болсын, шешімін дәл табатын. Өкінішке қарай, ол кісімен бірге көп жылдар бойы бірге жұмыс істеген адамдар қатары сиреп бара жатыр. Димекеңе тура бағасын бере алған жоқпыз. Кейінгі жастар ол туралы көп біле бермейді.

Совет уақытында Қазақстанды 22 жыл басқарған Д.Қонаевтың қазақ тарихындағы орны туралы қоғамда пікірталастар бар. Журналист Мырзан Кенжебайдың пікірінше, Қонаев басқарған жылдары Қазақстан экономикалық жағынан дамыған шығар, бірақ рухани жағынан мүлде кері кетіпті.

- Қайраткерлер, әдебиетшілер компартияны жамандайды да, оны басқарған Қонаевты мақтайды. Оның қалай екенін өзім түсінбеймін. Бір ғана өзімнің пікірім: Қазақстанға зауыт салдырса, салдырған шығар қаптатып. Фабрика салдырса, салдырған шығар. Шынын айтқанда Қонаев қазақ ұлтына ештеңе істеген жоқ. Өзі жақсы адам болған шығар.

Қонаевтың өмірін зерттеп жүрген журналист Жанарбек Әшімжан керісінше, бұл пікірге үзілді-кесілді қарсы. Бұл Қонаевқа іштей өкпесі бар адамдардың пікірі болуы мүмкін деп топшылайды.

- Қазақтың кейбір әлеуметтік, ұлттық мәселелерінде осалдық танытты дейтін пікірді мен өз уақытында Қонаевтың оппоненттері болған тараптан естимін көп жағдайда. Әр тұлғаның өз заманына сай бағасы болады. Қонаевтың заманында - кешегі қызыл империя тұсында "сапты ожауға ас құйып, сабына күзет қойған" заманда - ел басқару деген өте сұрапыл жағдай еді. Брежневпен достығын пайдалана отырып, ол үлкен-үлкен қадамдарға барды. Тіпті кезінде Юсуповтың істеп кеткен ылаңдарының өзін де уақыт өте келе жолға қойды. Қазақтың қабырғалы азаматтарын сол кезде цензураның шекпенінен алып шықты. Мысалы, қазіргі кезде бүкіләлемдік тұлғаға айналған Олжастың белгілі бір мөлшерде аман қалуына көмектесті. Бұдан бөлек қаншама қаламгерлердің бүгінгі кезеңге жетуіне бар күш-жігерін салды. Әсіресе, зиялы қауым өкілдерімен етене жақын жұмыс істеді.

Дінмұхаммед Қонаев 1993 жылы тамыздың 22-сінде 82-ге қараған шағында қайтыс болды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG