Accessibility links

ЮНЕСКО көкпарды қырғыз, асықты қазақ атынан тіркеді


Көкпар. Маңғыстау облысы, Отпантау, 14 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

ЮНЕСКО-ның «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары» тізіміне көкпар Қырғызстан атынан, асық ойыны Қазақстан атынан тіркелгені хабарланды.

«БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ СИМВОЛЫ»

ЮНЕСКО-ның ресми сайтындағы 2017 жылдың тізімінде бұрынғы СССР елдерінен бес мемлекет аталады. Соның ішінде асық ойыны «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары» тізіміне Қазақстан атынан тіркелген. ЮНЕСКО асық ойынын «Қазақстандағы ежелгі дәстүр, балалық шақтың ұлттық символы» деп сипаттай келе, оны 4 пен 18 жас аралығындағы балалардың ойнайтынын жазған. «Асық ойыны балалардың ойын дамытып, денесін шынықтырады, достық және жұртпен араласу дағдыларын жетілдіреді» деп жазады ЮНЕСКО. Асық ойыны ересек балалардан кішкентай балаларға ғасырлар бойы үйрену арқылы беріліп келе жатқаны да айтылған. Ойын туралы ЮНЕСКО видеосында «сақа», «алшы», «тәйке», «бүк», «шік», «омпы», «шоңқай», «үштабан», «бестабан» сияқты асық ойынында айтылатын ұғымдарға анықтама берілген.

ЮНЕСКО-ның асық ойыны туралы видеосы (ағылшын тілінде)

Асықтың қыз балаларға және ұлдарға арналған ойын түрлері көп. Қазақстанның әр аймағында «ұшу», «иіріп бару», «қосқабат», «құстырып алу» сияқты көптеген ережелері бар және ол ережелері күрделі немесе қарапайым болып келетін асық ойындары таралған. Оны негізінен ауыл балалары ойнайды, олардың ішінде таңнан кешке дейін үй бетін көрмей асық ойнайтын фанаттары кездеседі.

«КӨКПАРДЫ БІР ҒАНА ҰЛТҚА ТЕЛУ ДҰРЫС ЕМЕС»

Қырғызстанның көкбөрі федерациясы президентінің орынбасары Жырғалбек Саматов өзінің Facebook парақшасында сүйінші сұрап «Барлықтарыңызды құттықтауымды қабыл алуларыңызды сұраймын. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне көкпар ойыны Қырғызстан атынан тіркелді. Еліміздің, жұртымыздың бүтіндігін қамсыз қылған ұлттық көкпар ойыны мынандай үлкен жетістікке жеткендігіне шынымен қуанып жатырмын» деп жазды.

Бұл жазбаның астына пікір қалдырған қырғызстандық әлеуметтік желі қолданушылар бірін-бірі құттықтап жатыр. Азаттық тілшісіне Жырғалбек Саматовпен де, федерацияның ақпарат жөніндегі хатшысымен де тілдесу мүмкін болмады.

Көкпарды Қырғызстан атынан тіркеген ЮНЕСКО-ның ресми сайтында көкпар туралы «Көкбөрі ойыны халықтың рухани ерекшелігін, мәдени-тарихи дәстүрін көрсетеді. Көкбөрі ойыны адамдардың әлеуметтік мәртебесіне қарамайды, жауапкершілік пен құрметті шыңдайды. Көкбөрі ойындарының ережелері мерекелік, қоғамдық шаралардағы ойындар арқылы беріліп келеді. 1998 жылы құрылған Ұлттық көкбөрі федерациясы (Қырғызстанның көкбөрі федерациясын айтады – ред.) бұл ойынды қорғап, дамытып келеді» деп жазылған.

ВИДЕО: 21-ғасырдағы көкпар (Астанада тамызда өткен халықаралық чемпионаттан жасалған орыс тіліндегі видеосюжет)

21 ғасырдағы көкпар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:45 0:00

Көкпар тақырыбында мақалалар жазып жүрген қазақстандық журналист әрі этнограф Бекен Қайрат көкпарды белгілі бір алаңда ойналатын спорт түрі ретінде бейімдеген, яғни «салымды қазандыққа салу түрін қалыптастырған қырғыздар» екенін айтады.

- Совет Одағы тұсында «Орта Азия халықтарының ұлттық спорты» деген атпен спартакиада ұйымдастырылатын. Сонда көкпардан тәжіктер - 18 рет, қырғыздар - 11 рет, ал қазақтар 9 рет жеңімпаз болыпты. Сол заманнан бастап көкпар спорттық бағытта дами бастады. Көкпарды спорттық бағытта, салымды қазандыққа тастауды шығарған – қырғыздар, - дейді Бекен Қайратұлы.

Бекен Қайрат көкпарды белгілі бір алаңда ойналатын спортқа айналдырудан бөлек, оның ЮНЕСКО-ның «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар» тізіміне енуіне де Қырғызстанның үлесі болғанын айтады.

- Себебі, Қырғызстан екі жыл қатарынан ЮНЕСКО аясында Көшпенділер ойынын ұйымдастырып, оған 70-ке жуық елдің өкілдері барды. Сол шаралардың негізінде бүгін тіркетіп отыр, - дейді ол.

ВИДЕО: Қазақстан құрамасы көкпардан әлем чемпионы болды (2017 жылдың тамызы)

Қазақстан құрамасы көкпардан әлем чемпионы болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

Ал Қазақстан ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан «Көкпарды бір ұлтқа телу дұрыс емес» екенін айтады.

- Көкпар ол қырғыздың да, қазақтың да, ауғанның да ойыны емес. Бұл - Азиядағы бірқатар ұлттарға ортақ ойын. Бір шалдың 10 баласы болыпты. Соның бірі «бұл тек менің ғана атам» дегені секілді көкпарды бір ғана ұлтқа телу дұрыс емес, - дейді Бекболат Тілеухан.

Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қазақ тілінде - «көкпар», қырғыз тілінде - «көкбөрі», өзбек тілінде - «улак тартыш» деп аталады. Ауған, тәжік тілдерінде де атауы бар. Қазақтар көкпарды бұрын жайлауда отырған бірнеше ауылдың ортасында, яғни ұлан-ғайыр далада тартқан.

ЮНЕСКО-ның хабарлауынша, Қырғызстан көкпарды ЮНЕСКО тізіміне енгізу туралы ұсынысты 2016 жылы наурыздың 31-і түсірген.

ЮНЕСКО-ның көкпар туралы видеосы (ағылшын тілінде)

2017 жылғы ЮНЕСКО тізімінде «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары» тізіміне Әзербайжан долма ұлттық тағамын тіркетсе, Армения Кочари ұлттық биін тіркеткен. Түркіменстан атынан «топпен ән салып, би билеудің» Куштдепди аталатын түрі тіркелген.

ЮНЕСКО бұған дейін Қазақстан атынан 2016 жылы қазақ күресін, 2015 жылы айтысты Қазақстан мен Қырғызстан атынан, 2014 жылы домбырамен күй тарту өнерін Қазақстан атынан, киіз үйді Қазақстан мен Қырғызстан атынан тіркеген. Бұл жолдары да қазақ пен қырғыз қоғамында айтыс пен киіз үйге қатысты әрқилы пікір айтушылар болған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG