Accessibility links

Жалға алу келісімшарты қауіпті аймақтардағы үйлерді қатерден құтқара ма?


«Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің мүшелері (солдан оңға қарай): Жиенов Бұлжанбек, Жасарал Қуанышалин, Келешек Балмағамбетов. Алматы, 23 ақпан, 2009 жыл.
«Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің мүшелері (солдан оңға қарай): Жиенов Бұлжанбек, Жасарал Қуанышалин, Келешек Балмағамбетов. Алматы, 23 ақпан, 2009 жыл.

Ақпанның 23-інде «Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы билігінің Алатау ауданы тұрғындарына өз үйлері орналасқан жер телімдерін өздеріне жалға беру туралы ұсынысына қарсылықтарын білдірді. Аудан әкімшілігі бұның ерікті шара екенін алға тартады

Бірлестік төрағасы Жасарал Қуанышәлинның айтуынша, бүгінде әкімшілік тек үгіттеумен шектелмей, заңды өрескел бұза отырып, адамдардың көп жылдардан бері жекеменшігінде болып келген жер телімдерін олардың еріктерінен тыс жалға аударуда.

Осыдан 3 жыл бұрын Өзбекстан Республикасынан көшіп келген Қарсыбай Құрымбаев 7 мың АҚШ долларына бүгінгі Алатау ауданынан 8 сотық жер сатып алған. Бір жылдың ішінде үйін тұрғызып, бала-шағасымен тұрып жатқанда, баспанасының құжаты дұрыс емес екендігі анықталған.
Алматыдағы Алатау ауданының тұрғыны Құрымбаев Қарсыбай. 23 ақпан, 2009 жыл.


«Өзбекстандағы үйімізді сатып, осында келіп бар ақшамызға жер алдық. Маған жердің құжаттарын берген адам әкімшіліктің қызметкерімін деді, құжатта да сол кездегі Жетісу ауданы әкімінің қолы мен мөрі тұрды. Соған қарамастан ол құжат жалған болып шықты» - дейді Қарсыбай Құрымбаев.

Қарсыбай Құрымбаев баспана сатып алу барысында алданып қалғандығын дәлелдеу үшін сотқа шағымданған. Тіпті жалған құжат сатқан адамды табылып, ол 7 жылға сотталған. Дей тұрғанмен, баспананы жекешелендіріп алуға рұқсат берілмей отыр дейді Қарсыбай. Оның орнына үй иесіне жер телімін жалға алу турасында келісімшартқа қол қою ұсынылған.

Осы ретте Қарсыбай Құрымбаев Алатау ауданының тұрғындарына жер учаскелерін жалға алу қажеттілігі жайында үгіт- насихат жүргізіліп жатқандығын айтады. Оның айтуынша, бұл құжат осы аудан тұрғындарын болашақта баспанасыз қалдыруға негіз болады.

- Жалға беру дегеніміз біздің тұрып жатқан жеріміз, үйіміз бөтен біреудікі деген сөз. Біздің жағдайда ол мемлекеттікі деп есептелінеді. Келісімшартта «мемлекетке қажет болған жағдайда 1 айдың ішінде жерді босатып беру керек» деген бап бар. Сонда қала басшылығы кез-келген сәтте бізге жер керек десе біз қайда бармақпыз? Мысалы біз бір отбасында 11 жанбыз, – дейді Қарсыбай Құрымбаев.

«Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігі Алатау ауданы тұрғындарына өз баспаналары орналасқан жерін жалдау туралы ұсынысқа қарсылықтарын білдіріп, мәлімдеме жасады. Бірлестік төрағасы Жасарал Қуанышәлин қала әкімшілігі заңды өрескел бұзып отыр дегенді айтады.

Бұл мәселені жан- жақты зерттеген бірлестік мүшелері, заң жағынан болсын, адамдық тұрғыдан болсын бұның барлығы халықты алдау саясаты екендігі анық деген пікір білдіреді.

"Жалға алу – жерге уақытша иелік ету деген сөз. Сондықтан ондағы баспаналарды олар оп-оңай бұза салып немесе тартып алуларына еш тосқауыл болмайды,"- дейді «Алға, Азаттықтар».

ҚР Конституциясы бойынша республиканың әрбір азаматы жер телімімен, баспанамен қамтамасыз етілуге құқылы. Соған қатысты «Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігі өздерінің үзілді-кесілді талаптарын мәлімдеді.

Біріншісі, Алатау ауданының әр тұрғынына олардың жер учаскелері мен үйлеріне жекеменшік құқығын белгілейтін құжаттар сөзсіз берілсін.

Екіншісі, Алатау ауданының әкімдігі «қызыл сызық» бойында орналасқан жер учаскелері мен үй иелерінің әрқайсысымен оларды көшіру қажет болған жағдайда толыққанды өтемақы төленетіндігі немесе тиісті баспанамен қамтамасыз етілетіндігі жөнінде кепілдік беретін келісімшарт жасасын.

Сондай-ақ, «Алға, Азаттық!» өкілдерінің айтуынша, өз жерін өзіне жалға беру туралы биліктің ұсынысына Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров пен «Шаңырақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметовтер дем беріп отырған көрінеді.

Ал, Асылбек Қожахметов өзінің ең алдымен халық жағдайын ойлайтындығын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Алатау ауданындағы барлық тұрғындарға жерді жекеменшікке беру мүмкін емес. Ол үшін жер туралы заңға өзгерістер енгізілуі керек. Ол бірнеше жылды қажет етеді. Сондықтан бірнеше жыл қол қусырып отырғанша, ең болмаса келісімшарт арқылы жерді жалға алу арқылы болса да иеленген дұрыс деген пікір білдірді.

Ал осы мәселеге қатысты Алатау ауданы әкімшілігіне хабарласқанымызда, аудан әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Әбдібеков жалға алу шарасы тұрғындардың арасында жаппай жүргізіліп жатпағандығын мәлім етті. Оның айтуынша, бұл аймақта баспаналар әр түрлі жер телімдерінде орналасқан. Баспанасы қауіпсіз жерде орналасқан және үйлерінің құжаттары дұрыс болған азаматтарға үйін жекешелендіріп алуға әбден болады дейді әкімшілік өкілі.

Ал жалға алу келісімшарты тек қауіпті аймақтарда – жер астынан газ немесе су құбырлары өтетін жерлерге жақын орналасқан баспаналар иелеріне ұсынылып отыр. Оның өзінде ешқандай қысым арқылы емес, түсіндіру шаралары арқылы жүзеге асырылып жатыр екен. Қайрат Әбдібеков жер асты мәселелері шешімін тауып жатса, жалға алу келісімшарты бірнеше жылдан кейін тұрғын үй иесіне жекеменшікке берілу құқымен ауыстырылуы мүмкін екендігін де айтып отыр.

-Ал әзірге, Алатау ауданындағы қауіпті аймақтарда орналасқан төрт жарым мың үй анықталған. Солардың барлығы да осы құжатпен танысып шықпақ. Ал ол құжатқа қол қою - қоймау, әрине әр тұрғынның өз еркінде,- дейді Алатау ауданы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Әбдібеков.
XS
SM
MD
LG