Accessibility links

Жазалау ма, әлде жолдағы тәртіпке қойылатын талаптар ма?


Алматыдағы жол полициясы инспекторы. (Көрнекі сурет)

Парламент мәжілісінде «Жол жүрісі туралы» заңға түзетулер енгізуге қатысты жұмыс әлі аяқталған жоқ, бірақ көлік жүргізушілер ұсыныстарды қазірдің өзінде сынап жатыр. Бұл заң соңғы рет 2015 жылы өзгертілген.

«Жол жүрісі туралы» заңға жиыны 55 түзету енгізу жоспарланған. Олармен парламент сайтынан танысуға болады. Олар сәуірдің 6-сы күнгі «Жаңалықтар» бөлімінде жарияланған.

Заң жобасы бойынша мәжіліс құрған жұмыс тобы жетекшісі Қанат Мусиннің сөзінше, түзетулер екі жылдай әзірленген, яғни жұмыс 2015 жылы «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер енгізгеннен кейін басталған. Жұрт заңға енгізу үшін ұсынылған кей нормаларды қазірдің өзінде жазалау шаралары деп атап жатыр. Автоәуесқойлардың көбі түзетулер заңды либералдандыру жағына қарай өзгертетін шығар деп күткендерін айтады, бірақ олардың сөзінше, іс жүзінде бұл тағы «қысымды күшейту» болып шыққан. Олардың пікірінше, жаңа түзетулердің сипатынан жаңа заңның ескі заңмен тартысы сезіледі, оны либерал құндылықтар жағына қарай икемдегендері байқалады, бірақ ескі заңдағы көптеген бақылау функцияларын қалдырған.

ЖАРЫҚ ЖАҒЫП ЖҮРУГЕ МІНДЕТТЕЙТІН НОРМА

2015 жылы енгізілген, көлік жүргізушілерді күндіз жақын қашықтықтықтағы жарықты жағып жүруге міндеттейтін түзетуді алып тастауға қатысты дау жүріп жатыр. Кей депутаттар Батыстың дамыған елдері тәжірибесіне сілтейді.

Қазақстанның ралли чемпионатын жүргізуші Серж Каплан Азаттыққа берген комментариінде жақын қашықтықтағы жарықты жағып жүрудің пайдасын жоққа шығармайды. Оның айтуынша, күндіз жарық қосып жүру көлік легінде жүргізушіге шынымен көмектеседі, автомобиль жақсы көрінеді, бірақ ол «Мұны мәжбүрлі шара етудің қажеті не?» деп сұрайды.

Оның сөзінше, орындауды автомобилистердің өз еркіне қалдыруға болатын, мысалы, қауіпсіздік белдігін тағу керек пе әлде жоқ па деген сияқты нормалар көп.

ҚАРСЫ ЖОЛАҚҚА ШЫҒЫП КЕТУ

Парламент депутаты Қанат Мусиннің мәлімдеуінше, құжатта «жолдардағы тәртіпке қойылатын талаптарды күшейтетін нормалар» бар. Мысалы, қарсы жолаққа шығып кеткені үшін жүргізуші куәлігінен айыру жазасы.

Сәуірдің 6-сында жұмыс тобы отырысынан кейін Қанат Мусин журналистерге «Біз қарсы жолаққа шығып кеткені үшін заңда тыйым салынған норманы күшейтуді ұйғардық, енді қарсы жолаққа шығып кетіп бұрылғаны үшін де жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылады» деді.

Блогер Денис Кривошеевтің Азаттыққа айтуынша, бұл түзету жол полицейлерінің коррупциялық әрекеттерін көбейтеді, өйткені әлгі норманы әрқилы түсінуге болады.

Алматыдағы жол жүрісін реттеп тұрған жол полициясы инспекторы.
Алматыдағы жол жүрісін реттеп тұрған жол полициясы инспекторы.

— Кесіп өту деген нені білдіреді? Оның анық түсініктері жоқ. Біздің жолдардың нашар, ойлы-шұңқыр екенін, кей жүргізушілердің жолаушыларды көшеден «теріп алатынын» ескерсек. Айналған кезде доңғалағың қарсы жолаққа шығып кетуі әбден болатын нәрсе. Сондықтан кесіп өттің бе, әлде кесіп өтпедің бе - оны жол полицейі ғана анықтайтын болады. Анық-қанығын ешкім тексеріп жатпайды. Түбінде бұл адамдарды аулау болып шығады. Оның үстіне, бұл норманы бұзу патрульде жүрген экипаждар үшін өте қолайлы, - дейді Денис Кривошеев.

Ол жол тәртібін бұлай бұзғаны үшін куәліктен айыруды шамадан тыс жаза деп санайды, өйткені жол полицейлерінің жұмысы жазалау функцияларымен ғана шектелмеуі тиіс. Оның пікірінше, жол полицейінің міндеті ережені бұзудың алдын алу, профилактикалық жұмыс болуы тиіс.

— Біз жаңа түзетулер заңды көбірек либералдандыратын, мысалы АҚШ-та қабылданған нормаларға жуықтау ету үшін енгізілетін шығар деп күткен едік, өйткені жол жүрісі туралы кодексті күшейтуден нәтиже шыққан жоқ. Адамдар бұрынғысынша мерт болып жатыр. Сондықтан біз жол полициясының жұмысы көбінесе жол-көлік оқиғаларын болдырмауға көбірек күш салатын шығар деп күткенбіз. Өйткені олардың ең бірінші міндеті - айыппұл салу емес, жол-көлік оқиғаларына жол бермеу ғой, - дейді Денис Кривошеев.

«БАҒЫНБАЙТЫН» ВИДЕОРЕГИСТРАТОРЛАР

Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде біреулер кейде өз құқығы үшін күрес ретінде бағалайтын көлік жүргізушілердің жария емес тартысын бақылауға болады. Жол полицейлерінің заңға қайшы әрекеттері түсірілген видеорегистратор жазбалары негізінде интернетте көптеген роликтер жарияланады.

...қазір бұл процесс ырыққа көнбейтін сипатта болып тұр әрі кейде көлік жүргізушілер өздерінің заңды немесе ойдан шығарған құқықтарын қулықпен пайдалана бастайтынын әлеуметтік желілерде жарияланған түрлі видеоматериалдар көрсетеді.

Жаңа заң авторлары назарынан әлеуметтік желілердегі мұндай белсенділік те тыс қалмаған. Мысалы, Қанат Мусин «қазір бұл процесс ырыққа көнбейтін сипатта болып тұр әрі кейде көлік жүргізушілер өздерінің заңды немесе ойдан шығарған құқықтарын қулықпен пайдалана бастайтынын әлеуметтік желілерде жарияланған түрлі видеоматериалдар көрсетеді» дейді. Сондықтан жоба авторлары «...жүргізуші көлікті тоқтатқан полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындауға міндетті» деген норма ұсынған.

Автомобилистерге полицейлерді камераға түсіруге рұқсат еткен. Заңның ескі редакциясында бұл нормаға тыйым салынбаған, бірақ видоматериалдар сотта айғақ ретінде қаралмайтын. Енді жаңа түзетулерге сәйкес, апат орнында немесе жол үстінде болған өзге оқиға орнында түсірілген видео сот материалына айнала алады. Бірақ көлік жүргізушіполицей талабын мүлтіксіз орындауға міндетті. Бұл ұсыныс кей адамдардың ал егер ол видеоға түсіруді тоқтатып, көлікке отыруды «бұйырса ше» деген сұрағын тудырды.

Сәуірдегі түзетулер жолда тоқтатылған жүргізуші көліктен түспей, полицейді салонда күтіп отыруы тиіс деген 2015 жылғы қаулының да күшін жойған.

ЖОЛДАҒЫ КОРРУПЦИЯ

Азаттық әңгімелескен қарапайым автоәуесқойлардың пікірінше, ең бірінші проблема - жолдағы коррупция. Пікірін айтқандардың көбі полицейлер көлік жүргізушілерге алалап қарайды, айыппұл салуға болмайтын немесе тіпті жол ережесін өрескел бұзса да жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін тұлғалар бар деп ашынады.

Журналист әрі көлік жүргізу тәжірибесі мол Серж Капланның пікірінше, жоспарлы, ресми және ресми емес айыппұлдар жүйесі бар кезде коррупцияны жеңу екіталай.

— Проблеманы телефон арқылы шеше салатындар бар, ал кеше ереже бұзған адам ертең де бұзады. Усенов сияқтылар бұған айқын мысал, - дейді ол Азаттыққа.

Ол 2013 жылдың аяғында кісі өліміне ұласып, жұртты шулатқан жол-көлік апатына кінәлі алматылық тұрғын Мақсат Үсеновті айтады. Ол кезде іс тараптардың бітімге келуімен жабылған. Үсеновке 45 тәулікке қамау және 2018 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру жазасын кескен. Бірақ ол 2015 жылы бір адам зардап шеккен тағы бір жол-көлік оқиғасына кінәлі болған. Үсеновті тағы қосымша тоғыз айға куәлігінен айырған.

Адвокат Жангелді Сүлейманов полицейлерді бақылауға арналған техникалық құралдардың көмегімен жолдағы коррупцияны қазірдің өзінде жоюға болады деп санайды.

— Бізде жолдағы коррупцияны түп-тамырымен жоя алатын нормалар қазір де бар. Өйткені видеожетондар мен видеорегистраторларды пайдалану туралы анық жазылған, ішкі істер министрі қол қойған бұйрық бар, - дейді адвокат.

Көлікті алып кеткелі жатқан жол полициясы. Алматы.
Көлікті алып кеткелі жатқан жол полициясы. Алматы.

Оның сөзінше, әлгі бұйрыққа сәйкес, әр жол полицейі видеожетонмен қамтамасыз етілуі тиіс.

— Ол полицейдің қызмет атқару кезіндегі бүкіл әрекетін тіркейді. Оны өшіріп тастау төтенше жағдай ретінде қарастырылады. Видеожетон мен полиция көлігінің ішіне орнатылатын үш видеорегистраторды «картинаны» 360 градусқа көрсететіндей етіп пайдаланса, жолдағы коррупцияны қазірдің өзінде мүлде жоқ қылуға болады, - дейді Жангелді Сүлейманов.

Бірақ оның сөзінше, ішкі істер министрі бұйрығы әлі күнге дейін орындалмай келеді.

Түзетулерді заң тұрғысынан, яғни «Жол жүрісі туралы» заң кімнің мүддесіне жұмыс істеуі тиіс деген мәселе тұрғысынан түсіндірген адвокат Жангелді Сүлеймановтың айтуынша, әлдебір заң нормасын құрастыру кезінде мүдделер қақтығысы болмай қоймайды.

— Заңды кімдер ұсынғанын, кімнің қандай мақсат көздегеніне дейінгі жайттарды қарау керек. Егер мемлекеттік орган - мына жағдайда ішкі істер министрлігі - ұсынса, әлгі түзетулер азаматтар үшін пайдалы болады деп айту қиын. Бізде мемлекеттік органдар тарапынан түзетулер ұсынса, олар өздерінің мүддесін қорғаштайтын практика қалыптасқан, сондықтан, өкінішке қарай, бізде мемлекеттік органдар мен азаматтардың міндет, мақсаттарында айырмашылық бар, - дейді Жангелді Сүлейманов.

ІІМ дерегінше, былтыр Қазақстан жолдарында 17 мыңнан аса көлік апаты болып, 2 390 адам мерт болған, 23 мың адам зардап шеккен. 2017 жылдың бірінші тоқсанында үш мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 295 адам қаза тауып, төрт мыңнан аса адам жарақат алған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG