Accessibility links

«Әдебиетіміздің назары ересекке ауып, бала қалтарыста қалды»


Велосипед теуіп жүрген балалар. (Көрнекі сурет)
Велосипед теуіп жүрген балалар. (Көрнекі сурет)

Маусымның 1-і – балаларды қорғаудың халықаралық күні. Азаттық тілшісі балаларға арналған өлеңдер жазып жүрген ақын Алмат Исәділмен балалар әдебиеті төңірегінде әңгімелесті.

41 жастағы Алмат Исәділ - Астана қаласында 2001 және 2002 жылдары өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Әдеби шығарма» аталымы бойынша дипломанты; «Жолдар, жолдар», «Көңіл алаң», «Аспантау», «Бір тамшы» атты өлеңдер жинағы жарық көрген ақын.

Азаттық: – Алмат мырза, қазақстандық БАҚ беттерінен «Алмат Исәділ кейінгі жылдары балаларға арналған өлеңдер жазып жүр» деген ақпарат оқимыз. Балаларға арналған өлеңдеріңізді өзіңіз әке болғаннан кейін жаза бастадыңыз ба, әлде одан бұрын жазып жүруші ме едіңіз?

Алмат Исәділ: – Балаларым алғаш балабақшаға бара бастаған кезде бұл проблема алдымнан шыға бастады. Қазақ әдебиетінің ішіндегі балалар әдебиеті қанша дамыған болса да, өкілдері қаншама мықты шығармалар берген болса да, кейбір мектептер мен балабақшаларда ізденіс жоқ. Балаларым жаттауға қиын, тілге ауыр шумақтарды алып келіп, қиналып отырады. Сосын, басында Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Иманасов секілді ақындардың үйдегі кітаптарын ақтарып, балаларға арналған өлеңдерін тауып беріп жүрдім. Кейін өзімде олардың тіліне жеңіл, жаттауға оңай шумақтар шығарып беріп бастадым. Осылайша, балаларыма арнап шығарған өлеңдерімнің өзі біршама болып қапты. Соларды газет-журналдарға беріп, арасында жаза жүріп, балалар ақыны болып кеттім.

Азаттық: – Яғи «балалар ақыны» болу қажеттіліктен туды ғой?

Алмат Исәділ: – Иә, қажеттіліктен туды. Өз балаларыма арнап өлең шығарып жүріп, тәжірибе жинадым.

Азаттық: – Қырықтың қырқасына шыққан ақынға бала тілінде өлең жазудың қиыншылығы қандай?

Ақын Алмат Исәділдің балалармен ойнап жүрген сәті. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.
Ақын Алмат Исәділдің балалармен ойнап жүрген сәті. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

Алмат Исәділ: – Шындығында балалар әдебиеті - жеке бір әлем. Бірақ көпшілік жұрт бұған көп мән бермейді. Көбісі «балаларға тақпақ жазып жүр, оңай» деп ойлайды. Баланың жүрегіне жол табу үшін бала болып, ойлап, бала болып сөйлеу керек. Ол үшін сенің ойың да бала секілді таза болу керек. Мысалы Бердібек Соқпақбаевтың бір сұхбатында «Ағымдағы ақпараттарға, телеарналарға, киноларға көп көңіл аудара бермеймін» дегенін оқып едім. Себебі адамның миы ақпараттарға толып кетеді. Ең қиыны баланың тілінде сөйлеу. Өйткені қазір балаларға арналған кейбір өлеңдерді оқып отырсаң, ішінде бала түсінбейтін көнерген сөздер, айналымнан шығып кеткен ұғымдар жүреді. Балалар әдебиеті -шығармашылықпен қатар үлкен жұмысты қажет етеді.

Азаттық: – Не істеу керек?

Қазіргі біздің қоғамда студенттерге, орта жастан асқан адамдарға көп көңіл бөлінген. Мектепке дейінгі жастағы балалар қалтарыста қалып қойған. Дамыған елдерде керісінше осы жастағы балаларға ерекше назар аударады.

Алмат Исәділ: – Қазіргі біздің қоғамда студенттерге, орта жастан асқан адамдарға көп көңіл бөлінген. Мектепке дейінгі жастағы балалар қалтарыста қалып қойған. Дамыған елдерде керісінше осы жастағы балаларға ерекше назар аударады. Сол себепті бізде де балалар әдебиеті үлкен индустрияға айналу керек. Бұл тек ұйымның немесе одақтың, болмаса автордың ғана мәселесі болып қалмауы керек.

Азаттық: – Балаларға арналған өлеңдер жазу үшін қандай эксперименттерге бардыңыз?

Алмат Исәділ: – Ондай бір үлкен экспериментке барғаным жоқ. Оған біріншіден, уақыт жоқ. Екіншіден, стимул да жоқ. Қазір заман басқа, өмір басқа. Мәселен, бұрынғы ақын ағаларымыз қалай өнімді еңбек етті. Оларда стимул болды. Себебі қаламақы жолма-жол төленді. Сол тұстағы балалар басылымының өзіне көңіл ерекше бөлінді. Егер елорданы, қазақтың даласын немесе батырларды балалардың ұғымына сай таныстыруға арналған жобалар болса, оған авторлар тартылса, сонда әртүрлі эксперименттерге барып, балалар әдебиетімен түбегейлі айналысуға болар еді.

Азаттық: – Кітап оқымайтын буынның өсіп келе жатқанын жиі айтамыз. Бәлкім, қазақстандық ақын-жазушылар балаларды қызықтыра алмай жатқан шығар...

Алмат Исәділ: – Жоқ. Бұлай деп айтуға болмайды. Шығармалар жоқ емес, бар. Мысалы Қазақстан жазушылар одағы мен жекелеген тұлғалар, жеке компаниялар жыл сайын балалар шығармашылығына арнап авторлар арасында «Дарабоз», «Балауса» секілді конкурстар өткізеді. Соның нәтижесінде балаларға арналған үлкен-үлкен дүниелер шығып жатыр. Әңгіме, повесть, ертегі, мысалдар. Соларды кәсіпкерлер өз қаржыларына қазақша, орысша кітап қылып бастырып жатыр. Бірақ мемлекеттік деңгейде қолдау болмағаннан кейін бұл аздық етеді. Сондықтан, балалар әдебиетіне заманауи көзқараспен қарауымыз керек. Яғни, көқарас өзгермей балалар әдебиеті ілгері баспайды.

Азаттық: – Қазіргі балаларға арналған әлеуметтік шығармалар жазыла ма?

Біз үйімізде баламыздан қаржы аямаймыз ғой, сұрағанын алып береміз. Мемлекет те балаларға солай қарап, балаларға қатысты шыққан барлық дүниені топтастыру қажет.

Алмат Исәділ: – Жазылады. Бірақ әр жерде шашылып жүр. Жалпы біз кейде балаларды саяси-әлеуметтік өмірден ығыстырып тастаймыз. Мысалы, ең қарапайым түрі - үйге біреу келсе, «бар, ана жаққа» деп жұмсап жібереміз. Керісінше, бала бәрін көріп, естіп өсуі керек. Өмірдің үлкен көріністеріне араластыра беру керек. Үлкен тақырыптарға да бала кезінен дайындау керек. Мәселен, мен бірде Мәскеудің кітап дүкенінен «Библия для детей» деген балаларға арналған кітаптың тұрғанын көрдім. Тіпті оны категорияларға бөліп тастаған. Балабақшаға, бастауыш сыныптың психологиясына лайықтап түсіндірген. Ал бізде «Балаларға арналған Құран» деген кітапты көрдіңіз бе? Жоқ. Сол секілді олардың тарихи кітаптары да бар, балалардың жас ерекшелігіне сай етіп жазған. Яғни, бұл мемлекеттік идеологияның бір саласы болуы тиіс. Мысалы, мен өзімше бір әңгіме жазамын, сен өзіңше бір тақпақ жазасың. Тағы бір студия үйін кепілдікке қойып, мультфильм түсіріп жатады. Әркім бір жанкештілікпен өмір сүріп жатыр. Тіпті, біздегі балаларға арналған «Ұлан», «Ақжелкен» секілді басылымдардың өзінің жай-күйі өте қиын. Мектепке барып, беттің арын бес төгіп, менің «Мөлдір бұлағыма» жазыл деп жалынып, директорын мақтап, жанын үзеді. Біз үйімізде баламыздан қаржы аямаймыз ғой, сұрағанын алып береміз. Мемлекет те балаларға солай қарап, балаларға қатысты шыққан барлық дүниені топтастыру қажет.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар кітабы неге аз шығады?

Азаттық: – Бүгінгі балаларды не толғандырады?

Алмат Исәділ: – Үлкендердің ойын дөп басып, анализ жасауға болады. Ал баланың жан-дүниесі құбылып тұрады ғой. Сондықтан, олардың толғанысын тап басу қиын. Олар бәрін білгісі келіп тұрады. Әсіресе, бүгінгі қызылды-жасылды дүние оларды ерекше еліктіріп барады. Сол қызылды-жасылды дүниеден аман алып қалу үшін олардың рухни танымын дамыту керек. Баланың бетін бері қаратуға мүмкіндік беретін бағдарламалар жасау қажет.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG