Accessibility links

Қытайлық компанияда кәсіподақ дауы шықты


CNLC жұмысшылары «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы төрағасы Кенжеғали Сүйеуовпен кездесіп тұр. Маңғыстау облысы, 5 мамыр 2014 жыл.
CNLC жұмысшылары «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы төрағасы Кенжеғали Сүйеуовпен кездесіп тұр. Маңғыстау облысы, 5 мамыр 2014 жыл.

CNLC компаниясының Ақтаудағы филиалы жұмысшысы кәсіподақ ұйымын құрамын деп қудалау көргенін айтады. Мекеме басшылығы бұл дауға оның «еңбек тәртібі себеп болған» дейді.

Мұнай өнеркәсібі саласында қызмет көрсететін CNLC (China National Logging Corporation International Kazakhstan Inc.) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтаудағы филиалы қызметкері Мақсат Тұманбай «кәсіподақ ұйымын құру бастамасын көтеріп жиналыс өткізген соң қырға іліктім» дейді.

– Мекемеде кәсіподақ ұйымын құру қажет екенін жұмысшылар қолдап отыр. Бірақ олар пікірін ашық айтуға жасқанады. Себебі қытайлық компанияда артық сөз айтуға тыйым салынған. Бірақ тек кәсіподақ ұйымы арқылы ғана жұмыс
CNLC қызметкері Мақсат Тұманбай. Ақтау, 5 мамыр 2014 жыл.
CNLC қызметкері Мақсат Тұманбай. Ақтау, 5 мамыр 2014 жыл.
берушіге талаптар қойып, құқығымызды қорғауға, әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізе алатынымызға көзім жетті, – дейді ол.

«ЖҰМЫС БЕРУШІ ҚЫСЫМ КӨРСЕТІП ЖАТЫР»

Мақсат Тұманбайдың сөзінше, кәсіподақ ұйымын құру туралы жиналыстан соң жұмысшыларды CNLC директорының орынбасары Мұрат Реджепов пен кадр бөлімі қызметкері шақырып алып, жиын өткізген. Басшылар өткізген жиыннан соң кәсіподақ ұйымын құруды қолдаған жұмысшылар қайтадан екіойлы бола бастаған.

– Жұмысшылар маған: «Мақсат, біздің несиеміз бар. Бізді жұмыстан шығарып жібереді, отбасымызды қалай асыраймыз» деп отыр. Ал мен бұған дейін Жетібайдағы CNLC-ге тиесілі өндірістік базаның бастығы едім. Маған алдымен «Қаражанбас кенішінде иесіз қалған вагондарды күзетуге барасың» деп, артынша геофизикалық жұмыстармен айналысатын қарапайым жұмысшы санатына дейін төмендетілетінім туралы хабарлама ұсынды. Бастысы – ол
CNLC кәсіпорнының Жетібайдағы базасы. Маңғыстау облысы, 5 мамыр 2014 жыл.
CNLC кәсіпорнының Жетібайдағы базасы. Маңғыстау облысы, 5 мамыр 2014 жыл.
хабарламаны 1 мамыр мерекесі қарсаңында ұсынып, келіспеген жағдайда келісім-шартты бұзатынын ескертті, – дейді Мақсат Тұманбай Азаттық тілшісіне.

Бұл компанияда жұмыс істеген уақыттан бері бір де бір рет ескерту алмағанын, заң бұзбағанын айтқан Мақсат Тұманбайдың сөзінше, оған «кәсіподақ ұйымына кіру туралы жиынға қатысқан адамдар жайлы жалған құжат бергені үшін база бастығы ретінде сенім артылмайтыны» ескертілген.

Мақсат Тұманбайдың құқығын қорғауға көмектесіп жүрген белсенді – «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы төрағасы Кенжеғали Сүйеуов «жұмыс беруші жұмысшыларға қысым көрсетіп, тәуелсіз кәсіподақ ұйымын құруға кедергі келтіріп жатыр» деген пікірде.

– Тәуелсіз кәсіподақ құру туралы арызға қол қойғандар абайсызда емес, өз еріктерімен қойған. Олар онда мекенжайларына дейін көрсеткен. Тек жұмыс беруші қысым көрсеткен соң бас тартуға мәжбүр. Себебі жұмысшылар солай деп мәлімдеді, несиелері бар екенін айтты, – дейді Кенжеғали Сүйеуов.

ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ УӘЖІ

CNLC компаниясының Ақтаудағы филиалы директоры Мао Чуньян сөйлесуден бас тартты. Оның орнына Азаттық тілшісімен тілдескен орынбасары Мұрат Реджепов «Мақсат Тұманбайдың квалификациясының төмендеуінің кәсіподақ туралы жиынға еш қатысы жоқ» екенін айтты.

– «Мақсат Тұманбай вахтада жүрген кезде техникаға жауапсыз қарайды» деген
Тәуелсіз кәсіподақ төрағасы Кенжеғали Сүйеуов (сол жақта) пен CNLC директоры орынбасары Реджепов Мұрат. Ақтау, 5 мамыр 2014 жыл.
Тәуелсіз кәсіподақ төрағасы Кенжеғали Сүйеуов (сол жақта) пен CNLC директоры орынбасары Реджепов Мұрат. Ақтау, 5 мамыр 2014 жыл.
әңгіме болды. Оның төмендеуіне себеп болған – сол, – дейді Мұрат Реджепов.

Ол Мақсат Тұманбайдың «техникаға жауапсыз қарағаны» ешбір құжатта тіркелмегенін, бірақ «қытайлар айтқан ауызша әңгіме ғана бар» екенін мәлімдеді.

Мұрат Реджепов Мақсат Тұманбайдың лауазымын төмендету туралы құжатқа қандай қисынмен қол қойғанын да түсіндірді.

– Жетібайдағы база бастығы Мақсат Тұманбайға «жұмыстан шық» деп айтқаннан гөрі айлығын сақтағым келді, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Мұрат Реджепов «Тұманбайдың еңбек құқығы бұзылғанын түсінетінін», «қазір Алматыдағы бас кеңсе заңгерлері шешімін күтіп отырғанын» айтты.

Бірақ мамырдың 7-сі күні Азаттық тілшісіне хабарласқан Мақсат Тұманбай «кәсіподақ ұйымына кіру туралы жиынға қатысқан адамдар жайлы жалған ақпарат бергені үшін уақытша жұмыстан шеттетілгені» жөнінде бұйрық алғанын айтты.

CNLC мекемесінің Жетібайдағы өндірістік базасы жұмысшылары бұған дейін де басшылары үстінен шағымданып, ақпанның 17-сінде Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Ержан Бердібековтің атына арыз жазған еді.

Олар компаниядағы Қазақстан азаматтары кемсіту көретінін, еңбек құқықтары
Жетібайдағы базада адам өмірі үшін қауіпті тоқ көздері канализациямен қатар орналасқан. Маңғыстау облысы, 5 мамыр 2014 жыл.
Жетібайдағы базада адам өмірі үшін қауіпті тоқ көздері канализациямен қатар орналасқан. Маңғыстау облысы, 5 мамыр 2014 жыл.
мен қауіпсіздік шаралары сақталмайтынын, өздерін кез келген жұмысты атқаруға мәжбүрлейтінін айтқан.

Маңғыстау прокуратурасы жұмысшылардың бұл арызын облыстық еңбек қорғау департаментіне жолдаған. Жұмысшылар арызды зерттеумен айналысқан еңбек департаменті қызметкері Нұралы Баулыбаевтың жауабын әлі алмаған. Азаттық тілшісі бұл арыздың ақырын білмек болып, еңбек заңдылығын сақтау жөніндегі инспектор Нұралы Баулыбаевқа қоңырау шалғанымен ол жауап беруден бас тартты.

Қытайлық CNLC Internatіonal Kazakhstan Inc. жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтаудағы филиалы 2004 жылы құрылған. Онда 180-ге жуық адам 15 күндік ауысыммен жұмыс істейді. Компания негізінен ұңғымаларға геофизикалық қызметтер көрсетумен айналысады. CNLC-тің Ақтөбе, Атырау, Қызылордада да филиалдары бар.
XS
SM
MD
LG