Accessibility links

Қазақстанда ана мен бала өлімі көбейгеніне қарамастан, 2012 жылдан медицина институттарында педиатрия факультеті болмайды


Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес жалпы медициналық тәжірибе жүйесін қолға алу көзделген. Осы мақсатта медицина саласында біршама өзгерістер орын алды. Оның бірі 2007 жылы медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттері жабылды.

Жаңа жүйе бойынша енді ол Емдеу факультетімен біріктіріліп, болашақ педиатрлардың оқу мерзімі 9 жылға дейін ұзартылды. Яғни, олар жеті жыл жалпы медициналық тәжірибе жүйесі бойынша білім алса, соңғы екі жылда педиатрия мамандығын оқып үйренеді. Бұл жаңа өзгерістерге ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы Камал Ормантаев түбегейлі қарсы.

- Екі жылда педиатр даярлау қиын. Педиатр ол өз алдына жеке мамандық, оның өзіндік ерекшелігі бар. Сол үшінші курстан бастап, жас баланың ағзасына қатысты өзінің ерекшелігін ескере отырып, білім берген абзал. Себебі үлкен адам мен нәрестенің ағзасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Сондықтан олардың барлығын бірдей, жалпылама оқыту, меніңше дұрыс емес.

Денсаулық сақтау министрінің келтірген мәліметтеріне жүгінер болсақ, соңғы уақыттары ана мен бала өлімі көбейіп отыр. Республикада өткен 2008 жылдың өзінде 104 ана босану барысында қайтыс болған. Оның әрбір үшіншісі - алғаш рет құрсақ көтерген жас аналар. Деректерге сәйкес, босана алмай өліп кеткен аналардың 67 пайызына, ал шетінеген нәрестелердің 70 пайызына дәрігерлер кінәлі көрінеді.

Осы ретте, академик Камал Ормантаев, білім аламын дегендердің санын азайтудың орнына, дәрігер мамандардың санын да, сапасын да жақсарту қажет екендігін айтады.

- Бүгінде Республикада балалардың өлімі де көбейіп кетті, одан қала берді алуан түрлі аурулар анықталуда. Әрине оның көптеген себептері бар. Болашақта осы салада білікті маманның болмауы мәселені ушықтыруы мүмкін. Жас маман бірнеше жыл оқып келіп, соңғы 2 курсында педиатрияны оқығанмен, ешқандай білім мен тәжірибе ала алмайды. Сондықтан бұрынғысынша 3-курстан бастап арнайы мамандандырылған дәріс беру қажет. Айта кету керек, Ресейде де осындай мәселе көтерілген, алайда, ұзақ талқылаулардан кейін, педиатрияны жеке факультет ретінде қалдырды. Тіпті кей елдерде медициналық педиатриялық институттар бар. Ал біздегі жағдай әзірге осындай болып отыр.

Қазақстан Республикасы педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық орталығының директоры Сәуле Диқанбаеваның айтуынша, бүгінгі білім алып жатқан жастардың көпшілігінің ертеңгі күні бұл салада қалу- қалмауы екіталай. Өйткені дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы мәз емес. Бір ғана мысал, жыл сайынғы оқуын бітіріп жатқан мыңдаған жастардың 45 пайызы денсаулық сақтау саласынан басқа мамандыққа ауысып кетеді.

-Айта кету керек, бүгінгі таңда дәрігер педиатрлардың орташа жалақысы 22 мың теңге яғни, 180 доллар шамасында. Ал ай сайын 46 мың теңге, яғни 380 доллар жалақы алу үшін, сіздің осы салада 20 жыл қызмет етуіңіз міндетті. Статистика мәліметтеріне тағы бір көз жүгіртсек, 2006 жылы Қазақстанда 10 мың тұрғынға 4-5 педиатрдан келсе, 2007 жылы 4 –ақ дәрігерден болған екен. Тек Алматының өзінде бұл көрсеткіш 6 –ны көрсетсе, ауылдық жерлерде педиатрлар саны 10 мың тұрғынға шаққанда 2 –ақ маманнан келген. Сондықтан қазіргі таңда педиатрия факультеттерін жабу орынсыз, - дейді орталық директоры Сәуле Диқанбаева.

-Денсаулық сақтау саласының ең басты проблемасы— ана мен баланың өлімін мүмкіндігінше азайту. Бұл мәселе шешімін таппайынша, бізге осы саладағы мамандар өте қажет. Бізге жалпы медициналық дәрігерлер ғана емес лор, балалар хирургтері, окулистер, неонатологтар мен перенатологтар сияқты мамандар өте қажет. Ал оларды педиатр дәрігерлердің ішінен дайындап шығару керек.
Бүгінгі таңда, әсіресе, ауылды жерлерде, ең алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлер тапшы. Алайда, мамандардың, соның ішінде жекелеген сала бойынша маманданған дәрігердің де қызметі маңызды. Өйткені жаңа туылған баладан қарт адамға дейін бәрін емдейтін бір ғана дәрігер, барлық нәрсені білуі мүмкін емес.

Педиатрия факультетіне алдыңғы жылы оқуға түскен жастар соңғы курстарында, олар жоспар бойынша 2012 жылы оқуын бітіріп шығады. Сол кезден бастап балалар дәрігерін оқытатын факультет мүлдем болмайды. Қазақстанның педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық орталығының директоры Сәуле Диқанбаева бір топ мамандармен бірлесе отырып, 2012 жылға дейін педиатрия факультетін қайта жандандыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG