Нью-Йорктегі Журналистерді қорғау комитеті Астанадағы 55 мемлекеттің өкілі қатысып отырған алқалы жиынға қатысушыларды Қазақстандағы баспасөз бостандығы мәселесін талқылауға үндеді. Олар ЕҚЫҰ төрағасы болып отырған Қазақстан өз елінде баспасөз саласында еркіндікті шектеп, тәуелсіз басылымдар мен журналистерді қысымға алып отыр деген дәйек келтірген.
СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН ТАЛАП ЕТУ
Сөз бостандығын қорғайтын журналистер ұйымы ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттерден Қазақстанның баспасөз еркіндігі саласында өзіне алған міндеттемелерін орындауын талап етуге шақырды.
Нью-Йорктегі журналистер комитеті ЕҚЫҰ-на төраға Қазақстан сөз бостандығын шектеп отыр десе, Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінің назар аударуын сұрап, Тәжікстанның тәуелсіз журналистері де Душанбедегі Қазақстан елшілігіне барды. Олар елшінің кеңесшісі Минара Рахмановаға петиция тапсырып кеткен.
Бірақ, тәжікстандық журналистер өз елдеріндегі тәуелсіз басылымдар мен ақпарат құралдарының қиын жағдайда, қысым мен қудалаудан көз ашпай жұмыс жасап жатқанына назар аудартуға тырысқан. Тәжікстандағы тәуелсіз БАҚ-ның ұлттық қауымдастығы жетекшісі Нуриддин Қаршибоев ондаған тәуелсіз журналистің Қазақстан елшілігі алдындағы пикеті туралы былай деп айтты:
Біз өз хатымызда Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Тәжікстандағы тәуелсіз журналистер мен басылымдардың жағдайына назар аударады деп үміттенеміз.
«Біз өз хатымызда Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Тәжікстандағы тәуелсіз журналистер мен басылымдардың жағдайына назар аударады деп үміттенеміз. Елде екі бірдей тәуелсіз газетті соттың шешімі болмаса да, баспаханалар басудан бас тартып отыр. Бірқатар вебсайттарға кіру мүмкін болмай қалды».
Астанадағы ЕҚЫҰ-ның саммитімен тұспа-тұс Қазақстан елшілігіне барған тәжікстандық журналистер ғана емес, Ислам Каримов режимінен қашқан өзбекстандық босқындар да өз отандастарын Ташкентке экстрадицияламауды сұрап, наразылық шараларын өткізді.
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН СЫЙЛАУҒА ШАҚЫРУ
Атап айтқанда Швеция, Чехия, Түркия, Канада және АҚШ елдеріндегі Қазақстан елшілігі жанына өзбек эмигранттары жиналып, Қазақстан билігінің 29 өзбек босқынын Өзбекстанға экстрадициялау шешімін өзгертуді талап етті. Олар өздері алаңдап отырған бұл мәселеге ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттер Астанадағы саммит кезінде назар аударса деп тілейді.
Қазақстаннан Өзбекстанға экстрадиция қаупі төнген өзбек босқындарын құтқару комитетінің Стокгольмдегі жетекшісі Ахмад Исоның айтуынша:
«30 қараша күні Швеция астанасы Стокгольмде біз Алматыда қамауда отырған 29 өзбек босқынын Өзбекстанға экстрадициялаудың алдын алуды талап етіп, пикет өткіздік. Мұндай пикеттер Берлинде, Прагада, Анкарада, Канада мен Америкада өткізу жоспарланған. Мақсатымыз бұл мәселеге желтоқсанның 1-і күні Астанада басталған ЕҚЫҰ саммитінің назарын аударту, ұйымға мүше елдердің Қазақстанға әсер етіп, өзбек босқындарын бостандыққа шығаруын сұрау болды. Біздің қолымызда 15-тен аса талап-ұрандарымыз бар», - дейді Швециядағы өзбекстандық Ахмад Исо Азаттықтың өзбек қызметіне берген сұқбатында.
Сонымен қоса Чехия астанасындағы Қазақстан елшілігі мен ЕҚЫҰ-ның кеңсесі алдына барған өзбек босқындарының жетекшісі Абдусалом Каримов Азаттыққа берген сұқбатында, әлем елдерінің өкілдері жиналған Астанадағы саммит Қазақстанның шет елдердегі елшіліктері алдында өтіп жатқан бұл пикеттерге назар аударады деген үмітте екенін айтты:
«Біз қарашаның 30-күні Прага қаласындағы ЕҚЫҰ-ның кеңсесі алдында да пикет өткіздік. Ондағы мақсатымыз Астанадағы ұйымға мүше елдердің саммитіне қатысушылардың назарын Алматыда экстрадиция қаупі төнген өзбек босқынының жағдайына назар аударту болды. Біз Өзбекстанда саяси ахуал қиын, адам құқықтары сақталмайды дей келе, 29 өзбек босқыны бала шағасымен қайтарылатын болса, қиын жағдайға тап болатынын айттық. Бірқатар Қазақстан елшіліктері алдындағы пикеттерге көңіл бұрады деген үміттеміз»,- дейді Абдусалом Каримов.
Астанадағы саммит қарсаңында Қазақстандағы бір топ өзбек босқыны саммитке қатысушыларға үндеу жолдап, өздерін отанына қайтармақшы болып отырған қазақ билігіне ықпал етуді сұрады. Олар Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттерін еске салады.
Биыл жазда Алматыда қазақ полициясы «Мигрант» операциясы барысында елу өзбек босқынын ұстап, олардың отызын тергеу абақтысына қамады. Алматыдағы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті мен әділет министрлігінің қамау мекемелерінде отырған олардың біреуін полиция өкілдері Өзбекстанның құқық қорғау органдарына қайтарып та үлгерді. Арнайы органдар босқын мәртебесін сұрап келген бұл азаматтардың тек біреуінің ғана өтінішін қанағаттандырған.