Accessibility links

Министрдің жалақысы мұғалімдікінен неше есе көп?


Мұғалім мен оқушылар. Жаңаөзен қаласы, желтоқсан, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Мұғалім мен оқушылар. Жаңаөзен қаласы, желтоқсан, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Министр, әкім мен орынбасарларының жалақысы 2014 жылдың 1 қаңтарынан 50 пайызға өсуі тиіс. Ал бюджет саласындағы басқа қызметкерлердің жалақысын өсіру туралы айтылмайды.

Биыл қыркүйек айында Қазақстан қаржы министрі Болат Жәмішев "мұғалімдердің жалақысы 2014 жылдан кейін ғана өсуі мүмкін" деп мәлімдеді. Ал әзірше біліктілікті арттыру курсынан өтіп, емтихан тапсырған кейбір педагогтардың ғана жалақысы өсті.

«КУРСТАН ӨТКЕН МҰҒАЛІМНІҢ ҒАНА ЖАЛАҚЫСЫ ӨСЕДІ»

Біліктілік санатын алған мұғалімдердің еңбекақысын көтеру туралы үкімет қаулысы биыл 1 қыркүйектен бастап күшіне енді. Қолында үшінші санатты мұғалім деген сертификаты бар педагогтың жалақысына 30 пайыз, екінші санатқа - 70 пайыз, бірінші санатқа 100 пайыз үстеме ақы қосылады.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында мұғалім болып істейтін Мақпал Х. «біліктілікті арттыру курстары жыл сайын қиындап барады» дейді Азаттық тілшісіне. Оның айтуынша, біліктілік санатын көтергісі келген мұғалім толып жатқан қағаз, құжат әзірлеуі тиіс.

– Өткізген ашық сабақтарыңның материалдарын, оқушылардың үлгерімін, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларыңды қарайды. Мүмкін, бұл дұрыс та шығар. Мұғалімдерге талап күшейіп келеді. Бірақ жақсы жалақы күтудің басқа амалы жоқ, - дейді Мақпал.

Арнайы мектеп-интернат мұғалімі тәрбиеленушілермен бірге.
Арнайы мектеп-интернат мұғалімі тәрбиеленушілермен бірге.
Mojazarplata.kz сайты «Жаңа ережеге сәйкес, орта мектеп мұғалімдері алатын ең аз және ең көп жалақы мөлшері 82 мың теңге мен 160 мың теңге аралығында болады» деп хабарлайды. Бұл - көп пе, аз ба? Мысалы, орта мектепте қоғам тану пәнінен сабақ беретін мұғалімнің 40 сағаттық жұмыс аптасы негізінде есептелген жалақысы 132 мың 117 теңге немесе 847 доллар (салықты алмағанда) болады.

Ал Ресейде бұл пәннің мұғалімі шамамен 1 мың 69 доллар, Германияда – 3 мың 688 доллар, Беларусь Республикасында – 422 доллар, Украинада – 560 доллар алады.

МИНИСТРЛЕР ЖАЛАҚЫСЫН ЖАРИЯЛАЙ БАСТАДЫ

Мұғалім, дәрігер және басқа мамандық иелерінің жалақы мөлшері мен оларға еңбекақы төлеу ережелерінен жұрт хабардар. Бұл жайындағы ақпаратты қазақстандық министрліктер мен ведомстволардың сайттарынан және басқа көздерден табуға болады.

Ал министрлер мен олардың орынбасарлары, әкімдер мен басқа да мемлекеттік шенеуніктердің еңбегіне ақы төлеу сыры - құпия. Бұл сегментті реттейтін құжат - Қазақстан президентінің «Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетi және ұлттық банк сметасы (бюджетi) есебiнен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi туралы» жарлығына «қызмет бабында пайдалануға арналған» деген белгі соғылған.

Алматы әкімі Ахметжан Есімов. 12 тамыз 2012 жыл.
Алматы әкімі Ахметжан Есімов. 12 тамыз 2012 жыл.
Бірақ топ-шенеуніктердің жалақысы туралы ақпарат кейде олардың «ашық сыры» ретінде жария болып қалады. Кейбіреулер «Әкім-қаралардың жақсы жалақыдан басқа да кірістері бар» деп сенбегенімен, министрлер мен ірі әкімдер жергілікті ақпарат құралдарында жалақысын жарыса жариялап жатады. Мысалы, қарашаның басында Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов «салық ұсталғанға дейінгі жалақым – 645 мың теңге» деп мәлімдеді.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев жалақысының құпиясын биыл жазда ашты. Ол Астанада өткен брифинг кезінде «барлық министрлер қолына 614 мың теңге жалақы алады» деп мәлімдеді.

Қазан айында министрлер мен комитет, ведомство төрағалары, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары кіретін «А» корпусы өкілдерімен кездесуінде президент Нұрсұлтан Назарбаев «2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыларың бір жарымға еселенеді» деген уәде берді. Қарапайым есеп бойынша, енді министрдің айлық жалақысы 1 миллион теңгеден асып, қолына 900 мың теңге алатын болады.

Қазір мұғалімдердің жалақысын ішінара көтергенімен, оны топ-шенеуніктердің жалақысымен салыстыруға келмейді. Мысалы, министр осыдан тура 10 жыл бұрын мұғалімдердің қазіргі жалақысын – 800 доллар алған, 2007 жылы министрдің орташа жалақысы - 370 мың 244 теңге, білім беру жүйесінде 31мың 924 теңге немесе 11,5 есе аз болды. Қазір Қазақстанда министр мұғалімнен жеті есе көп жалақы алады.

Кейбір елдердегі мұғалім мен министрдің жалақысы (еуро)

Әрине, мұғалім министрден көп жалақы алатын мемлекет жоқ. Бірақ көп елмен салыстырғанда, Қазақстанда министр мен мұғалім алатын жалақының арасы – жер мен көктей. Мысалы, неміс министрінің айлық орташа жалақысы – 14 мың еуро, ал мұғалім 4 мың еуро алады. Ресейде министр – 1 мың 850 еуро, мұғалім – 590 еуро, мұнайлы Әзірбайжанда министр – 1 мың 740 еуро, мұғалім – 280 еуро алады. Еуроодақтың ең кедей елі Болгарияда министрдің жалақысы - 1 мың 700 еуродан асса, мұғалімнің жалақысы - 310 еуро.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Руслан Меделбек қатысты.
XS
SM
MD
LG