Accessibility links

Сенат ұлттық қауіпсіздік туралы заң қабылдады


Қазақстан парламенті cенатының жалпы отырысы.
Қазақстан парламенті cенатының жалпы отырысы.

Желтоқсанның 14-і парламент сенаты қабылдаған құжатта «ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін дәйексіз ақпаратты әдейі бұрмалау және тарату арқылы қоғамның және жеке адамның сана-сезіміне ақпараттық әсер ету» қауіп-қатер ретінде аталған.


Сәрсенбі күні Қазақстан парламенті сенатының жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» заң қабылдады.

Заң жобасына сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті берген қортындысында бұл құжат ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құқықтық тетігін құруға бағытталатыны айтылған.

Атап айтқанда, бұл заң мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өкілеттіктерін, олардың қызметін ұйымдастырудың құқықтық негіздерін анықтайды. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі механизмдерді жүзеге асыру үшін әртүрлі салалар бойынша ведомствоаралық комиссиялар, кеңестер немесе штабтар құру тәртібі белгіленген.

Осы заң жобасына қатысты қоғам тарапынан айтылған сын-ескертпелерге қатысты сенат депутаттары оған бірқатар түзетулер енгізді. Мәселен, заңның 16-бабының 6-тармағындағы «негативтік» ақпараттық ықпал жасау» және «деструктивтік пиғылдағы» құрылымдар деген баға беруші ұғымдар алынып тасталды деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

Сөйтіп, 6-шы баптың түпкілікті редакциясында «ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін дәйексіз ақпаратты әдейі бұрмалау және тарату арқылы қоғамның және жеке адамның сана-сезіміне ақпараттық әсер ету» қауіп-қатер ретінде аталған.

Бұған дейін бірқатар оппозициялық партиялар мен қоғамдық ұйымдар енетін «Халық майданы» қозғалысы егер заң алғашқы нұсқада қабылданатын болса, онда билік азаматтарға «негативті ақпараттық әсер етті» деген желеумен шынайы, объективті ақпарат таратуға кедергі қояды деп мәлімдеген еді.

Сенат мақұлдаған «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» заң президентке қол қоюға жіберілді.
XS
SM
MD
LG