Accessibility links

Наурызға жиналғандар "патша күзетке" тап болды


Наурыз мейрамына келген полицейлер. Алматы, 22 наурыз 2013.
Наурыз мейрамына келген полицейлер. Алматы, 22 наурыз 2013.

Алматының орталығындағы мерекелік концертке жиналған тұрғындар түскі 13.00-ге қарай ғана алаңдағы қоршаудан өтуге мұрсат алды.

Наурыздың 22-сі күні Алматы қаласының "Астана" алаңында Наурыз мейрамын тойлауға келген адам ығы-жығы көп болды. Мерекелік концерт сағат 11:30-да басталды.

Халық ашылу салтанатынан қалып қоймау үшін ерте жиналған. Бірақ қанша ерте келгенімен бірден қойылымды тамашалау мүмкін болмады. Себебі "Астана" алаңы айнала қоршаулы тұрды. Қоршаудың арғы-бергі жағында тәртіп сақшылары сап түзеп тұрды.

"ХАЛЫҚ - МҰНДА. АНДА ТОЙЛАП ЖАТҚАН КІМ?"

Бүгін Наурыз мейрамын халықпен бірге тойлауға келіп, "Астана" алаңына кіре алмай тұрғандардың бірі - Нұрмахан Жанұзақұлы.

- Бес жыл болды, жыл сайын алаңға кеп, бала-шағаммен бірге Наурызды қарсы аламын. Осылай күтіп көрмеппін. Бірақ несіне ренжимін, ерте келмеген өзімнен көрмесем, - деді ол.
Қала тұрғыны Нұрмахан Жанұзақұлы. Алматы, 22 наурыз 2013.
Қала тұрғыны Нұрмахан Жанұзақұлы. Алматы, 22 наурыз 2013.

Бірақ оның айтқанындай мәселе тек кешігіп келуде болмай шықты. Алматы қаласының тағы бір тұрғыны Лариса Ахмамбетова екі қызын ертіп таңертеңгі сағат 10-да келген.

- Балалар тоңды, кетейік десек қимай тұрмыз. Біз осылай тоңып тұрамыз ба? Концерт көруге көруге келдік қой, есіктерін ашса, көрейік, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Қала тұрғыны Лариса Ахмамбетова. Алматы, 22 наурыз 2013.
Қала тұрғыны Лариса Ахмамбетова. Алматы, 22 наурыз 2013.

Уақыт өткен сайын халықтың наразылығы күшейіп, тәртіп сақшыларына сұрақ жаудыра бастады.

- Концерт көрмесек не үшін келдік? Осылай кіргізбейтіні бар неге жариялайды? Біздің ақшамызға тойлатып жатыр. "Жоғарыдағылар ішіп-жеп алсын, қарапайым халық сарқытын ішеді" деп жатыр ма? Халық мұнда, анда кім тойлатып жатыр? - деп сұрап жатты жұрт.

"ПАТШАМЫЗ КЕЛГЕН"

Сақтық шарасын осыншама күшейтуге не себеп болғанын ресми тараптан білмек ниетпен сол жердегі халықты сабырға шақырып тұрған полицейлерден сұхбат алмақ болып едік, "журналист" деген сөзді естіген бетте жұмған ауыздарын ашпады. "Басшы - әне, басшы - міне" деп бір-біріне сілтеп, ары-бері бос сандалғаннан еш нәтиже болмады.
Наурыз мейрамына келген жұрт. Алматы, 22 наурыз 2013.
Наурыз мейрамына келген жұрт. Алматы, 22 наурыз 2013.

Біраздан соң біз де айламызды өзгертіп көрдік. Шетте тұрған бір сақшыдан жай жөн сұрап едік:

- Патшамыз (президент - ред.) келген, сондықтан кіргізбей жатыр ғой. Іштегі көрермендер - арнайы шақырту қағазымен кіргендер, - деді.

Қоршау сыртында қалған қалың көпшіліктен бөлек қоршау ішіне кіргізілген бірқатар жұрт "Астана" алаңына келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын естіді. Президент Назарбаев наурызға қатысты тілек айта келіп, елдің "әлеуметтік-экономикалық дамуы" туралы мысалдар келтірді.

- Көшеге қарайтын болсақ, бұдан 20 жыл бұрын болмаған жағдайларды көреміз. Көше толған машина. Балаларымыз қай жерде оқимын десе, оқиды. Халқымыз дүниенің қай жеріне барып демалам десе, демалады. Дубай дегенді (БАӘ-дегі қала - ред.) қазір "қазақтың дачасы" деп айтып жүр жігіттер. Осының барлығы - халықтың әл-ауқатының көтерілгендігі болып саналады, - деді ол.

please wait

No media source currently available

0:00 0:00:00 0:00
Жүктеп алу

Қоршау түскі сағат 12:40-та ашылды. Халық ішке кіргенімен, көңілдері көнши қоймады. Екі немересін ертіп келген ардагер Сәбит Алдамжаров:

- Бұл масқара жағдай болды. Талай Наурыз көрдік, мұндай болған емес. Екі немерем үшін шыдап әрең тұрдым. Кім үшін, не үшін бір жарым сағат далада тоңып тұрдық? Бұл мазақ қой. Біз құмырсқа болдық па көзге ілінбейтін? - деді.

Қала тұрғыны Сәбит Алдамжаров. 22 наурыз 2013.
Қала тұрғыны Сәбит Алдамжаров. 22 наурыз 2013.

Қоршауды ашуға нұсқау берген полиция капитанынан бүгінгі сақтықтың себебін білмек болып едік:

- Кіргіздік - болды ғой, - деп қолды бір сермеді.

Бұлбұл есімді алматылық та қоршаудың сыртқы жағында көп күткендердің бірі екен.

- Қоршау ашылғанымен кірудің де еш қызығы қалмады. Жиендерімді ертіп тойлатуға келіп едік, енді қайтып барамыз. Балалардың қарны ашты, біздің де қызығушылығымыз өшті. Халықпен тойламаған Наурыз - қандай Наурыз? - деді ол.
Қала тұрғыны Бұлбұл мен жиені. Алматы, 22 наурыз 2013.
Қала тұрғыны Бұлбұл мен жиені. Алматы, 22 наурыз 2013.

Алаңда "тегін наурыз көже таратылатын" бірнеше шатыр тігілген. Азаттық тілшісі бұл маңға жақындағанда ол жерді де сақшылар қорғауға алған болып шықты. Себебін сұрағанымызда:

- Жаңағы адамдар (шақырту қағазымен кіргендерді айтады - ред.) кіріп шықты. Ештеме қалған жоқ, - деді күзетші жігіт.

Наурыз мейрамындағы көже таратушылар. Алматы, 22 наурыз 2013 жыл.
Наурыз мейрамындағы көже таратушылар. Алматы, 22 наурыз 2013 жыл.
XS
SM
MD
LG