Accessibility links

"Наурыз үнді-иран мифологиясынан бастау алады"


Мерекеге жиналғандарға наурыз көже ұсыну. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл
Мерекеге жиналғандарға наурыз көже ұсыну. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл

Қазақ арасында "Ұлыстың ұлы күні" деп те танылған көктем мейрамы кезінде Азаттық Наурыздың шығу тарихы мен бүгіні туралы этнограф-ғалыммен сұхбаттасты.

Бабақұмар Қинаятұлы қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, тұрмысы мен әдет-ғұрыптарын зерттеп жүрген ғалым. Ол "Саятшылық" атты кітап жазып, бірнеше этнографиялық зерттеулер жинағын шығаруға және "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" атты тұңғыш энциклопедияны құрастыруға қатысқан.

Азаттық: – Наурыз мерекесінің пайда болу тарихына байланысты түрлі болжам айтылады. Зороастризм дінімен де байланыстырамыз. "Жоқ, бұл мұсылман халқының мейрамы" дейтіндер де бар. Наурыздың әуелгі тарихы қандай?

Бабақұмар Қинаятұлы: – Наурыздың ислам мәдениетіне, соның ішінде араб мәдениетіне қатысы шамалы. Бұл – үнді-иран танымынан, мифологиясынан бастау алатын түсінік. Тұран халқына, Орта Азия мен кіндік Азияны мекендеген парсы-түрік халықтарының арасында таралған мейрам. Қазақ түсінігінде – "Ұлыстың ұлы күні". Ұлыс – мемлекет. Сонда "Мемлекеттің ұлы күні".​

Наурыз мерекесінде алтыбақан теуіп жатқан жастар. Шымкент, 25 наурыз 2015 жыл
Наурыз мерекесінде алтыбақан теуіп жатқан жастар. Шымкент, 25 наурыз 2015 жыл

Азаттық: – "Ұлыстың ұлы күні" дейтін түсінік, таным қалай пайда болды?

Бабақұмар Қинаятұлы: – Мейрамды өткізу тәртібінде молшылық пен ізгілікті рәміздеу бар. Молшылықтың символы – ас та төк дастархан. Мұны ертеректе бай-бағландар, мемлекет басқарушылар мемлекет тарапынан қамтамасыз ететін болған. Яғни, бұл мемлекет басқарудағы билік жүйесінің үлкен бір мейрамы болды. Сондықтан бұл "мемлекеттің немесе ұлыстың ұлы күні, қасиетті мейрамы" деген түсінік қалыптасқан.

Азаттық: – Әуелгі сұраққа қайта оралайын. Жылдың басталуын күн мен түннің теңелуінен бастаудың қандай да бір алғышарттары болған ба?

Бабақұмар Қинаятұлы: – Ежелгі, я ортағасырлық мемлекет үшін жыл уақытын есептеуде бір жаңару, жаңғыру болу керек қой. Саясат үшін де, салық алу үшін де, табиғаттың жаңаруы үшін де, шаруашылық қарекетінің басталуы үшін де күнтізбе үлкен мәнге ие. Идеологиялық фактор да бар. Сондықтан әр келген билеуші осы тарапта жаңғыртулар, реформалар жасауды қолға алған. Бірақ өзгермейтін дүниелер бар. Ол – күн календары. Күн календары бойынша жылдың басын есептеу өте қолайлы. Жылына екі рет күн мен түн теңеседі. Бір рет күннің шығандауы, бір рет тоқырауы болады.

Асық ойнап отырған балалар. Наурыз мерекесі, Шымкент, 25 наурыз 2015 жыл
Асық ойнап отырған балалар. Наурыз мерекесі, Шымкент, 25 наурыз 2015 жыл

Қысқы тоқырау – 22 желтоқсанға, жазғы шығандау – 22 маусымға келеді. Сосын көктем мен күзде күн теңеледі. Егер тарихқа қарасақ, көне түркі заманында, Алтай жұртында жылдың басы 22 маусымға дөп келген. Бұл қазір түркі халықтарынан ертерек ажырап кеткен саха халқында сақталған. Бұлар қазір 22 маусымды жылдың басы ретінде тойлайды. Ал Шыңғысхан дәуіріндегі деректерге қарағанда, жылдың басы қыркүйектегі күн мен түннің теңелу уақытына келеді. Мал тойынған, ақ молайған кездегі молшылықты малшы қауымның арасында тойлау өте қолайлы болған.

Оқи отырыңыз: Орталық Азия қазақтары Наурызды қалай тойлайды?

Ал басқа халықтарда 22 желтоқсанда. Мысалы, Еуропада тұрақтанған мажарлар 25 желтоқсандағы Иса Мәсіхтің туған күнінің алдында қысқы күннің тоқырауын атап өтетін болған. Осы үрдісті қазір олар қайтадан қолға алып жатыр. Мағынасы жаңарту, тазарумен астасып жатыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Наурыз Қазақстанға қалай оралды?

Енді 22 наурызға келетін болсақ – оңтүстіктегі, құнарлы жерлердегі егіншілікпен айналысатын жұрттың арасында кең тараған. Көне үнді-иран мәдениетімен шұғылданатын мамандардың пайымдауынша, алғашқы наурыз біздің заманымызға дейінгі 6-4 ғасырларда тойланған. Ол Ахурамазда құдайлы зорастризм дінімен тікелей байланысты. Орта Азиядағы, оның ішінде Қазақстанның Оңтүстік өңірлеріндегі кейбір наурыздағы көрсетілетін ғұрыптар сол заманмен тікелей байланыста екенін көрсетеді.

Азаттық: – Қандай ғұрыптарды айтып отырсыз?

Бабақұмар Қинаятұлы: – Бұлақ көзін ашу, ағаш егу, сонан кейін үнді елінде қастерлі, қасиетті түлік болып саналатын сиырдың, оның аталығының мүйізін майлау, өгіз көтеру деген секілді культтық ғұрыптар бар. Осы ғұрыптар наурыздың ілкі бастауларымен тікелей қабысып жатқан дүние.

Көкпар тарту. Отпантау, Маңғыстау облысы, 14 наурыз 2015 жыл
Көкпар тарту. Отпантау, Маңғыстау облысы, 14 наурыз 2015 жыл

Азаттық: – Орта Азия, оның ішінде парсы тілдес халықтардағы наурызды атап өту дәстүрі бірдей екен. Дастарханға жеті түрлі дән қою Иранда сақталған. Ал қазақ жеті түрлі дән салып көже жасайды. Көже жасаудың мәні неде?

Бабақұмар Қинаятұлы: – Кез-келген мерекенің немесе шараның идеологиялық рәмізі болады ғой. Белгілі бір символикамен бекітіледі. Сол секілді өзбектер наурызда сумалак жасаса, ауғандар саманак жасайды. Ал Ирандар бірыңғай "син" дыбысынан басталатын тағамдар қояды. Қазақтардың наурыздағы рәмізі – көже. Ал енді мынау солтүстік ендікте жатқан өңірлерде наурызда қыстың көбесі сөгіле қоймайды. Тіпті амалдардың өзі 10-15 күнге кешігіп келеді. Сол себепті біздің солтүстік өңірлерде көкек айының 20-сы шамасында наурызды шығарып салып жататын дәстүр бар. Бір ай тойлау да осыдан шығып отыр.

Оқи отырыңыз: Наурыз туралы Рысқұловтың бұйрығы мен Назарбаевтың жарлығы

Азаттық: – Қазақстанда наурыз мерекесін атап өтуді 1926 жылы ресми түрде тоқтатты. 1988 қайтадан тойлай бастады. Коммунистік саясаттың ықпалымен ұлттық дәстүрінен айрылып бара жатқан ұлт үшін наурызды қайтадан тойлау бүгінгі айтып жүрген "рухани жаңғыру" еді. Тәуелсіз Қазақстан үшін наурызды ресми мереке ретінде атап өтудың маңызы қандай?

Бабақұмар Қинаятұлы: – Иә, қазақтар үшін Желтоқсан оқиғасынан кейін елдің еңсесін көтеру үшін, халықтың жадындағы нәрсені қайтадан жаңғырту үшін қажет болды. Идеологиялық мәні болды. Егемендік алғаннан кейін де бұл мәдениет өзінің функцияларын атқарып жатыр. Бұл – бүкілхалықтық мейрам. Жаңару, жаңғыру, ізгілік сипатында тойланса деймін.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG