Accessibility links

Назарбаев Атамбаевтың инаугурациясына бармады


Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Алмазбек Атамбаев ант беріп тұр. Бішкек, 1 желтоқсан 2011 ж.
Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Алмазбек Атамбаев ант беріп тұр. Бішкек, 1 желтоқсан 2011 ж.

Бейсенбіде Бішкекте Қырғыстанның жаңадан сайланған президенті Алмазбек Атамбаевтың ант беру рәсімі өтті. Түркия мен Грузия президенттері және өзге де бірқатар елдердің жоғары лауазымды өкілдері қатысқан бұл шараға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев барған жоқ.


Желтоқсанның 1-і күні Қырғызстанның биыл жаңадан сайланған президенті Алмазбек Атамбаев ел халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті. Бішкектегі инаугурацияға Түркия президенті Абдулла Гүл, Грузия президенті Михаил Саакашвили, Тәжікстан үкіметінің жетекшісі Акил Акилов және Әзербайжан премьер-министрі Артур Расизаде сынды жоғары лауазымды шетелдік қонақтар, бірқатар халықаралық және аймақтық ұйымдардың жетекшілері, дипломаттар қатысты. Ал көршілес Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бішкектегі бұл шараға бармады, қазақ елінен премьер-министр Кәрім Мәсімов қатысты. Бұл рәсімге Ресей президенті әкімшілігінің басшысы Сергей Нарышкин қатысады деп хабарланғанымен, ол да Бішкекке бармай қалды.

АНТ БЕРУ

Ант беру рәсімінде осы күнге дейін Қырғызстан президенті міндетін атқарып келген Роза Отынбаева да сөз сөйледі. Ол Қырғызстанның тағдыры үшін жоғары жауапкершілікті Алмазбек Атамбаевқа табыс етіп жатқанын атап өтті.

Президент антын берген соң Алмазбек Атамбаевқа Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы Тұйғынәлі Әбдрайымов президент куәлігін, төсбелгі мен президент штандартын табыс етті. Қырғыз елінің жаңа президентінің құрметіне 7 мәрте залп берілді.

Алмазбек Атамбаев - тәуелсіз Қырғызстан тарихындағы төртінші президент. Биыл қазанның 30-ы күні өткен бүкілхалықтық сайлауда 62,52 пайыз дауыс жинап жеңіске жеткен Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан конституциясына сәйкес, алты жыл мерзімге президент болып сайланды.

КӨРШІЛЕР

Қырғызстанда осымен төртінші президент өз міндетіне ресми кіріскен желтоқсанның 1-і күні көршілес Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш рет бүкілхалықтық сайлауда ел президенті болып сайланғанына тура 20 жыл толды.

Содан бергі өткен уақыт ішінде Назарбаев көрші қырғыз елінде өткен президентті ұлықтау рәсімдеріне барып қатысып жүрді.

Соңғы рет 2009 жылы тамызда Қырғызстанда екінші мерзімге президент болып сайланған Құрманбек Бакиевтің инаугурациясына қатысқан жалғыз шетелдік мемлекет басшысы – Нұрсұлтан Назарбаев болған еді. Ал оған дейін, 2005 жылы тамызда Бакиевтің алғашқы инаугурациясына да Қазақстан президенті өзі барған болатын.

Былтыр сәуір айында Қырғызстанда наразы халық билікке қарсы бас көтерген соң, Құрманбек Бакиев, өзінің алдында ел басқарған Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев тәрізді шетелге қашуға мәжбүр болды. Бакиевтің өз отанынан аман-сау шығуына көмектескен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан көрші елді азаматтық соғыстан аман сақтап қалды» деп мәлімдеген еді.

Желтоқсанның 1-і күні Алматыда президент Назарбаевтың ел ғалымдарымен кездесіп, құрылысы совет заманында басталған Алматы метросының ашылу рәсіміне қатысты.

ЖҮЙЕДЕГІ ӨЗГЕШЕЛІК

Қазақстандық кейбір саясаткерлер мен сарапшылар Қырғызстан президентінің инаугурациясына бұл жолы Назарбаевтың бармауының себебін екі елдің басқару жүйесіндегі ерекшеліктермен байланыстырады.

Президенттік «Нұр Отан» партиясының мүшесі, биыл таратылған парламент мәжілісінің депутаты болған Камал Бұрханов:

– Елбасының өз жұмыс графигі бар, ол кісі соған сәйкес жұмыс істейді. Қай жерге өзі барады, ал өзі бара алмаса оған өкілетті адамды – парламенттің спикері бола ма, немесе мемлекеттік хатшыны, я болмаса премьер-министрді жібере ме – ол жұмыс барысында шешілетін мәселе. Екіншіден, бүгінгі таңда Қырғызстан парламенттік республика болғандықтан ол елде мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын президент емес үкімет жүргізетін болады. Мысалы, Германияда, Түркияда солай, біріншісінде – канцлер, ал Түркияда – премьер-министр айналысады ішкі және сыртқы саясаттың барлығымен. Сондықтан, бұл жағдайда премьер-министрдің барғаны да дұрыс шығар деп ойлаймын, – деді Азаттық радиосына.

please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00
Жүктеп алу



Саясаттанушы Досым Сәтбаев президент Назарбаевтың өзге мемлекеттер басшыларының инаугурациясына бармай қалуы бірінші рет емес дейді.

– Басқа елдің басшысының инаугурациясына бару-бармауды шақырылған адам өзі шешеді, бұл мәселеде қатып қалған тәртіп жоқ. Менің ойымша, президент Назарбаевты шақырған, бірақ бұл жерде екінші бір мәселе бар. Қырғызстанда конституцияға соңғы енгізілген өзгертулерден соң президенттің мәртебесі бұрынғымен салыстырғанда аздап кішірейді. Яғни, Қырғызстандағы президент институты енді Қазақстандағы немесе Өзбекстандағы және Орталық Азиядағы басқада мемлекеттердегідей, биліктің негізгі басқару тетіктері бір қолға шоғырланған елдерден өзгеше. Мүмкін осы жайт Назарбаевтың елде нақты билігі шамалы адамның ұлықтау рәсіміне қатысу міндетті емес деп ұйғаруына бір себеп болған шығар. Сондықтан, Қазақстан басшысының Бішкекке бармауы екі ел арасында қандай да бір дипломатиялық салқындық бар деген сөз емес. Оның үстіне, Қазақстан қырғыз президенті [Алмазбек Атамбаевтың - Азаттық] сайлауының нәтижесін ресми түрде мойындап, Қазақстан президенті Назарбаев пен премьер-министр Кәрім Мәсімовтің құттықтағаны белгілі, – деді Досым Сәтбаев.

please wait

No media source currently available

0:00 0:00:55 0:00
Жүктеп алу



Ал, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин президент Назарбаевтың Бішкекке бармай қалуын Қазақстандағы билік жүйесі мен қазіргі қырғыз қоғамында болып жатқан өзгерістердің қарама-қайшы екендігімен түсіндіреді.

– Қазақстандағы басқару – суперпрезиденттік билік жүйесі, ал Қырғызстан қазір күшті президенттік билікті сырып тастап, парламенттік басқару жүйесіне шешімді түрде көшіп жатыр. Бұл да Назарбаев үшін өте қауіпті. Сондықтан, әрине, ол өзін Қырғызстаннан, онда болып жатқан оқиғалардан, жалпы саяси-қоғамдық өзгерістерден аулақ ұстайды. Көрші елдің, туысқан бауыр халықтың президенті сайланып, оның инаугурациясы өтіп жатқанда бармай қалуы – көп нәрсені аңғартады. Ол Қырғызстандағы өзгерістерге түбегейлі қарсы екендігін осындай іс-әрекетімен білдіріп отыр, – деп санайды Жасарал Қуанышәлин.

please wait

No media source currently available

0:00 0:01:37 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG