Accessibility links

Алғашқы дін істері министрі несімен есте қалды?


Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 18 қыркүйек 2017 жыл
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 18 қыркүйек 2017 жыл

Кей сарапшылар Нұрлан Ермекбаев "Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен гөрі маңыздырақ қызметке ауысты" деп санайды. Бұл министрлік азаматтық қоғамды тежейді деп санайтындар бар.

Сәуірдің 4-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты қызметінен босатып, президент көмекшісі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы етіп тағайындады. Ермекбаевтың орнын бұрын президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары және биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған, соңғы уақытта Парламент Сенаты депутаты болған Дархан Қалетаев басты.

Биліктегі кадрлық ауыс-түйіске қатысты баспасөзге білдірген пікірлерінде кей саяси сарапшылар Ермекбаевтың "өзіне жүктелген міндетті табысты атқарғаннан" кейін бұрынғы қызметіне қайта оралғанын айтқан.

Нұрлан Ермекбаев 2016 жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалғанға дейін де президент көмекшісі әрі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған.

"ДІНИ КИІМ МЕН САҚАЛДЫҢ ҰЗЫНДЫҒЫ"

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшы Қазбек Бейсебаев бұл тағайындаудың астарында билік транзитіне дайындық жатуы мүмкін деп есептейді. Оның пайымдауынша, Ермекбаев "Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен гөрі маңыздырақ жұмысқа" ауысқанға ұқсайды.

Қазбек Бейсебаев
Қазбек Бейсебаев

Сарапшының сөзінше, елді 29 жылға жуық үздіксіз басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеті аяқтала қалған жағдайда қызметі "Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы" туралы заңда айқындалған. Қазіргі уақытта парламентте қаралып жатқан заң жобасында тұңғыш президент құрамына парламент палаталарының төрағалары, премьер-министр, мемлекеттік хатшы және күш құрылымдарының басшылары кіретін Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төрағалық етеді деп көрсетілген.

- Биыл қаңтарда парламентке түскен "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі туралы" заң жобасына сай, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасына президент те бағынышты болуы мүмкін. Бұл билік транзиті кезінде маңызды рөл атқаратын заң болмақ. Сондықтан, Қауіпсіздік кеңесіне Нұрлан Ермекбаев сынды тәжірибелі қызметкерді шақырған сияқты, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару заңы

Сарапшының пікірінше, Нұрлан Ермекбаев министр болғанда "деструктивті" діни ағымдармен күресте көбірек көзге түскен.

- Діни ағымдар мен діни экстремистік топтарға байланысты шаралар қоғамда көп талқыланатындықтан Нұрлан Ермекбаевтың осы саладағы жұмыстарына жұртшылықтың назары ауды. "Діни киімді реттеуден бастап сақалдың ұзындығына дейінгі" мәселелердің бәрі Нұрлан Ермекбаев басқарған министрліктің белгілі бір мәселеде нақты шешім қабылдауға көшкенін байқатты. Ал азаматтық қоғаммен қалай жұмыс істегені белгісіз. Оның ерекше нәтижесі көзге түспеді, - дейді ол.

ВИДЕО: 2016 жылғы қарулы шабуылдар

2016 жылғы қарулы шабуылдар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:20 0:00

2018 жылы қаңтардың соңында парламентте дін туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстырған кезде министр Ермекбаевтың сақалдың ұзындығын реттеу туралы айтқанына жұртшылық назар аударып, бұл бастама қоғамда қарама-қайшы пікірлер туғызған еді.

"Әр сақалға тыйым салынбайды, кескіндері мен ерекше сипаттары айқындалады. Әңгіме деструктивті діни ағымды ұстанатын адамдарға қатысты. Мұнда сыртқы белгілерімен қатар олардың не айтатыны, нені насихаттайтыны рөл атқарады", - деген Ермекбаев. Министрлік әзірлеген заң жобасында қоғамдық жерде бет тұмшалап жүруге тыйым салу да қарастырылған.

"АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ БАҚЫЛАУ"

Қазақстанда "діни лаңкестік топтардың әрекеті" деп бағаланған бірнеше оқиғадан кейін 2016 жылы күзде құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне президент Назарбаев "азаматтық қоғам мен мемлекет арасында байланыс орнату" міндетін де жүктеген.

Амангелді Шорманбаев
Амангелді Шорманбаев

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев министрлікке жүктелген бұл міндетке әуел баста-ақ таңырқағанын айтады.

- Демократиялық мемлекетте дін жөнінде, азаматтық қоғам жөнінде министрлік болуының өзі қисынсыз. Маған ол азаматтық қоғамды шектеуге арналған шара сияқты көрінді, - дейді ол Азаттыққа.

Оның сөзінше, соңғы жылдары азаматтық қоғамның бір бөлшегі саналатын үкіметтік емес ұйымдардың билікке есеп беруі көбейген.


Амангелді Шорманбаев осы мәселеге байланысты сотқа шағым түсіргенімен нәтиже болмағанын, енді БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымдануға дайындалып жүргенін айтады.

- Азаматтық қоғам үкіметтен, биліктен тәуелсіз ұйымдардан құралады. Олар тәуелді болса, азаматтық қоғам қалай орнайды? - дейді құқық қорғаушы.

Қазақстанда 2016 жылы күзде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылғаннан кейін билік діни мәселелерге белсенді араласа бастады. 2017 жылы желтоқсанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – бас мүфтиді сайлауға арналған құрылтайға Нұрлан Ермекбаев та қатысқан. Құрылтайда бұрын Алматы әкімдігінің дін бөлімін басқарған және бірнеше жыл имам қызметін атқарған Серікбай Ораз бас мүфти болып сайланған еді.

Ермекбаев министр болып тұрған кезде Қазақстанда орамал тағатын оқушы қыздардың мектепке кіруі қиындады. Білім және ғылым министрлігінің "бірыңғай мектеп формасы туралы" бұйрығы шыққан соң Қазақстанның бірнеше аймағында орамал тағатын жүздеген оқушы қыз мектепке кіре алмай қалған.

Оқи отырыңыз: Орамал дауы үдеген жыл

Осыдан кейін қыздары сабаққа бара алмай жүрген ата-аналар биліктен жеке медресе салып беруді сұраған болатын. Министр Ермекбаев: "Балаларын орамал тағып немесе хиджаб кигізіп мектепке жіберетін болса, олар өздері жиналып, демеушілер іздеп, жеке мектеп ашуына құқығы бар" деп жауап берген еді.

ВИДЕО: Орамал дауы жалғасып жатыр (2 сәуір 2018 жыл)

Орамал дауы жалғасып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

Нұрлан Ермекбаев министрлікті "салафизмнің Қазақстан үшін қаупі басым ұйым" екенін, оған тыйым салуды қарастырып жатқанын да айтқан. Сонымен біге ол елде қалталы азаматтардың мешіттерді бей-берекет салып жатқанын, салынған мешіттердің көбі бос тұрғанын сынаған.

Нұрлан Ермекбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін басқарған тұста Қазақстанда "діни экстремизмді насихаттады" деген айыппен ондаған сот өткен. Айыпталушылардың басым бөлігі сотталды.

XS
SM
MD
LG