Accessibility links

Жаңаөзен оқиғасын еске алмақ болған белсендіге ескерту жасалды


Орал тұрғындары қаладағы орталық алаңда Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып тұр. 16 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)
Орал тұрғындары қаладағы орталық алаңда Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып тұр. 16 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Жаңаөзендегі қантөгіс құрбандарын еске алмақ болған оралдық белсенді Мақсат Айсауытовқа прокуратура "митингі заңын бұзбауды" ескертті. Құқық қорғаушы мұны биліктің наразыларды "қорқыту амалы" деп санайды.

АЛДЫН АЛА ЕСКЕРТУ

Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласында биыл желтоқсанның 16-сы күні бес жыл бұрын Жаңаөзен қаласындағы ереуілді билік күшпен басқан кезде қаза тапқандарды еске алмақ болған азаматтық белсенді Мақсат Айсауытовқа қалалық прокуратура митингі туралы заң талабын бұзбау туралы ескерткен.

Мақсат Айсауытовтың Азаттыққа айтуынша, Оралдағы азаматтық белсенділер жылдағы дәстүрге сай, биыл да желтоқсанның 16-ы күні қаладағы алаңға барып, 2011 жылы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан ереуіліне полицияның атқан оғынан қаза тапқандарды еске алуды жоспарлаған.

Оралдық азаматтық белсенді Мақсат Айсауытов.
Оралдық азаматтық белсенді Мақсат Айсауытов.

Желтоқсанның 12-і күні кешке Мақсат Айсауытовтың үйіне келген учаскелік полиция өкілі оны қалалық прокуратураға шақырып жатқанын хабарлаған. Белсендінің сөзінше, прокуратурада оған қазақ және орыс тілдерінде "алдын ала ескерту" деп жазылған екі қағазды ұсынып, қол қоюын сұраған.

- Менің атыма жазылған ресми қағазда Орал қаласы прокурорының міндетін атқарушы Қ.Молдаштың қолы тұр. Онда "Қазақстанның бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер туралы заңын бұзуға жол берілмейтіні, аталған талаптар бұзылған жағдайда қылмыстық кодекстің 400-бабы және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілік жүктелетіні" жазылыпты. Мен "келіспеймін" деп қол қойдым, - дейді Мақсат Айсауытов.

Орал қаласы прокурорының міндетін атқарушы Қ.Молдаштың азаматтық белсенді Мақсат Айсауытовқа «митингі заңын бұзбау» жайлы алдын ала жазбаша ескертуі. Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы. 12 желтоқсан 2016 жыл.
Орал қаласы прокурорының міндетін атқарушы Қ.Молдаштың азаматтық белсенді Мақсат Айсауытовқа «митингі заңын бұзбау» жайлы алдын ала жазбаша ескертуі. Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы. 12 желтоқсан 2016 жыл.

Орал қалалық прокуратурасы белсендіге тапсырылған "ескерту хатқа" қатысты Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты.

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз хатшысы Алмагүл Ибрашева Азаттыққа ескерту хат азаматтарға "құқық бұзу оқиғасының алдын алу мақсатында" беріледі деп түсіндірді.

- Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам және азаматтың құқықтарын мен бостандықтарын қорғау мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде прокурор жазбаша нысанда жеке және заңды тұлғаларға заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын-ала ескерту жасайды. Яғни, оларға заңда белгіленген жауаптылық туралы ескертеді, - деді ол.

Азаттықтың "облыс көлемінде қанша адамға осындай ескерту беріледі" деген сұрағына Алмагүл Ибрашева "ондай мәлімет жоқ" деп жауап берді.

"ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТУ ҚАДАМЫ"

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис 2014 жылы қоғамдық ұйымдардың "Азаттық" сыйлығын тапсыру шараларын ұйымдастыру кезінде Алматы қалалық прокуратурасы өзіне ескерту жасағанын еске алды. Жовтис биліктің мұндай іс-әрекеті қоғамдағы наразыларды қорқытып-үркіту мақсатын көздейді дейді.

- Қазіргі қолданыстағы заң бойынша прокуратура мұндай ескертулерді жасай алады. Бірақ, қарапайым логикаға жүгінсек, бұл – қорқытып-үркітуге бағытталған классикалық саяси қадам. Олай болса, егер қисынға салсақ, прокуратура Қазақстанның әрбір азаматына ұрлық жасамау, кісі өлтірмеу, т.б. туралы ескерту беруі керек. Бұл енді - ақымақтық. Қазақстанның қай өңіріндегі белсенділер болса да рұқсат етілмеген митингі, пикет ұйымдастыруға болмайтынын, ол үшін заң бойынша жауап беретінін біледі. Сондықтан, оларға заңды түсіндірудің қажеті жоқ, - дейді құқық қорғаушы.

Атырау прокуратурасы «митингі туралы заң талабын бұзбауды» ескерту үшін шақыртқан азаматтық белсенділер (солдан оңға) Гүлзада Исмұрзиева, Макс Боқаев және Ерлан Башақов прокуратура алдында тұр. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.
Атырау прокуратурасы «митингі туралы заң талабын бұзбауды» ескерту үшін шақыртқан азаматтық белсенділер (солдан оңға) Гүлзада Исмұрзиева, Макс Боқаев және Ерлан Башақов прокуратура алдында тұр. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.

Евгений Жовтис құқықтық тұрғыда әлгіндей ескерту қағаздың ешқандай рөлі жоғын, оған қол қою я қоймау әр азаматтың өз еркіндегі іс екенін ескертеді.

Билік органдарының жекелеген азаматтық белсенділерге "митингі заңын бұзбау" жайлы ескертулер тапсыруы бұған дейін де бірнеше рет болған. Мәселен, 2016 жылы көктемде Қазақстанның әр аймағында үкіметтің жер реформасына қарсылық шерулері өте бастаған кезде прокуратура органдары митингі өтеді деп жоспарланған Алматы, Астана, Атырау, Жаңаөзен, Тараз, Шымкент және өзге қалаларда жергілікті белсенділерге "заң талабын бұзбау" туралы алдын ала ескерту жасаған. Ескертуге қарамастан жер мәселесіне қатысты азаматтық позициясын білдіруге көшеге шыққан жүздеген адамды билік өкілдері ұстап, олардың кейбірін әкімшілік қамауға алып, кейбіріне айыппұл салған.

XS
SM
MD
LG