Accessibility links

Орамал тартқан шәкірт сабаққа кіре алмай жүр


Орамал таққаны үшін сабаққа қатыса алмай жүрген Павлодардағы №29 орта мектептің екінші сынып оқушысы Халида Әубәкірова. (Азаттыққа оқушының әкесі Ерқанат Әубәкіров жіберген видеодан скриншот)
Орамал таққаны үшін сабаққа қатыса алмай жүрген Павлодардағы №29 орта мектептің екінші сынып оқушысы Халида Әубәкірова. (Азаттыққа оқушының әкесі Ерқанат Әубәкіров жіберген видеодан скриншот)

Павлодардағы №29 орта мектептің екінші сынып оқушысы Халида Әубәкірованың сабаққа бармағанына бірнеше күн болған. Оқушының мойны-басын қымтаған ақ орамалы министрлік бекіткен киім үлгісіне сай емес дейді мектеп әкімшілігі. Орамалға қатысты даудың кесірінен елде ондаған шәкірт сабақтан шет қалып отыр.

МЕКТЕПКЕ КІРГІЗБЕГЕН СОҢ ПРОКУРАТУРАҒА ШАҒЫМДАНҒАН

Тоғыз жасар қыздың әкесі Ерқанат Әубәкіров Азаттыққа жіберген видеода мектеп формасын киген қыз баланың басына ұшын жейдесіне кіргізген ақ орамал байлап алғаны бейнеленген. Әкесінің айтуынша, орамалды бірінші сыныптан бастап тағатын Халида қоғамдық орында онсыз жүре алмайды. Ерқанат Әубәкіров қызының басына байлағаны хиджаб емес, ұлттық бас киім – кимешек, оны отбасында қыздың анасы мен әжесі де киеді, бұрынғы әжелері де киген деген уәж келтіреді.

- Бірінші сыныпта қызым орамал тағып жүрді, ешкім тыйым салмады, кейін киіміне тиісе бастады. Қалада қыздары орамал тағатын 11 отбасы бармыз, екеуі басқа жаққа кетпекші. Біреуі Түркияға қоныс аударады, екіншісі Алматыдан мектеп тапты. Бәрін тастап орамал үшін Алматыға кетпек, ол жақта орын шектеулі. Мен қазір Мәскеу онлайн-мектебіне өтініш жаздым, - дейді Ерқанат Әубәкіров.

Бірінші сыныпта қызым орамал тағып жүрді, ешкім тыйым салмады, кейін киіміне тиісе бастады

Наурыздың 12-сі күні Ерқанат Әубәкіров жергілікті прокуратураға жазған шағымында мектеп басшылығы "қызымның білім алуына кедергі келтіріп, орамал түріндегі заманауи аксессуарды тағуына қарсы шықты" деп жазды.

Қазақстанда осындай мәселеге тап болған басқа ата-аналар елде қашықтан оқыту мен үйде оқытудың жоқтығына қынжылады.

"Қазақстандық мәдени дәстүрде тәрбиеленген қызым жеке бас сұранысына орай қазіргі заманға сай жеңіл орамал тағып жүргісі келеді, осыған байланысты жасалған кез келген жала мен кемсітушілік оны жабырқатып, жанына психологиялық жарақат түсіреді", - делінген мәлімдемеде.

Ол Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ресми ұстанымын қолдайтынын айтады.

"МЕКТЕП ФОРМАСЫН САҚТАМАЙДЫ"

Ерқанат Әубәкіровтің сөзінше, жыл басында Дін істері жөніндегі департамент өкілдері бірнеше отбасымен әңгіме өткізіп, олардан қыздарына орамалды артқа қайырып байлатқызуды сұраған, бірақ өзі оған келіспеген. №29 мектептің директоры Владислав Еленич мектепте орамал таққан бір қыз ғана бар екенін, оның ата-анасына бірнеше рет ескерту жасалғанын, ал тоғыз жасар оқушының мектеп формасын бұзғаны үшін сабаққа кіргізілмегенін айтады.

Отбасына ештеңе әсер етпеді, баланың киіміне қатысты шешімді өзіміз қабылдаймыз деп отыр

- Бұған дейін бірнеше жағдай болды. Аталған отбасы мектеп формасына өзгеріс енгізіп, орамалды қосты, олармен білім департаменті өкілдері сөйлесті. Ескерту жасадық, ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарттық, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия да шақырды. Бірақ бұл отбасына ештеңе әсер етпеді, баланың киіміне қатысты шешімді өзіміз қабылдаймыз деп отыр, - дейді Владислав Еленич.

Оның айтуынша, қыздың ата-анасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтардың 16-сы күнгі №26 бұйрығын бұзып отыр. Онда "мектеп формасы" нақты көрсетілген, оған орамал тағу кірмейді.

- Бұл отбасы өз қалауымызша киініп жүруге құқығымыз бар дейді, мен оларға "әркім қалағанын жасаса, оның соңы не болмақ?" дедім, - дейді Владислав Еленич.

"ШЕКТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ"

"Қадыр-Қасиет" құқыққорғау ұйымының жетекшісі Анар Ибраева Қазақстан Конституциясында дін еркіндігі туралы жазылмаған, бірақ ар-ождан еркіндігі дін еркіндігінен де кең түсінік, сондықтан жеке бас пікірі болуға құқылы дейді.

"Қадыр-Қасиет" құқыққорғау ұйымының жетекшісі Анар Ибраева
"Қадыр-Қасиет" құқыққорғау ұйымының жетекшісі Анар Ибраева

- Адам өзі қалауынша киіну арқылы өз мінезін көрсетеді. Кей ата-аналар қыздарының орамалын шешуге мәжбүрлесе "олар өздерін жалаңаш қалғандай сезінеді" деген еді. Егер адам соған сенсе (әркімнің өз сенімі болуы – абсолюттік құқығы), оған ешқандай шектеу қоюға болмайды, - дейді Анар Ибраева.

Оқи отырыңыз: Орамал тағатын оқушылар дауы басылар емес

Оның сөзінше, халықаралық стандарттар нақты мақсаттар үшін шектеу құқығын сақтамай ар-ождан бостандығын шектеуге тыйым салады. Білім туралы заңды айтқанда Қазақстан ратификация жасаған Азаматтық саяси құқықтар туралы 18 Пактінің (қоғамдық қауіпсіздік, тәртіп, денсаулық пен мораль, негізгі құқықтар мен басқа тұлғалардың еркіндігі) қай бабында мектепте орамал тағуды шектеу айтылғаны белгісіз дейді құқыққорғаушы.

- Сиракуздык принциптердің 10-тармағында "Қандай да бір шектеуді кез келген бағалау шынайы факторларға негізделуі керек" делінген. Мемлекет жария түрде осындай факторлардан хабардар етіп, қыздардың мектепте орамал тағуы заңға қайшы екенін дәлелдемейінше (қыз бала орамалсыз өзін жалаңаш сезінген жағдайда) шектеу 18 Пакт бабын ғана емес, 7 Пакт бабын да бұзады (адамның ар-намысына тиюді тоқтату туралы), - дейді Анар Ибраева.

ОНДАҒАН ОҚУШЫ САБАҚҚА КІРЕ АЛМАЙ ЖҮР

Биылғы оқу жылында Қазақстанның бірнеше ауданында орамалға қатысты дау шыққан. Оқу орындары басшылары Білім және ғылым министрлігінің бұйрығын алға тартып, орамал таққан оқушыларды сабаққа кіргізбей қойған. Мектеп директорлары мен жергілікті білім бөлімдері міндетті мектеп формасында діни атрибуттар болмауға тиіс дейді.

Оқушылар ата-аналарының "орамал – діни атрибут емес" деген қарсылығына мектеп басшылығы қыздарға арналған мектеп формасына "жейде, водолазка (мойны тұйық жейде), жилет, сарафан, белдемше мен шалбар" жататынын, бұл тізімде орамалдың жоқ екенін айтады.

ВИДЕО: Орамал дауын әкім "үш айда шешпек" (2 ақпан 2018 жыл)

Орамал дауын әкім "үш айда шешпек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

Ондаған оқушы қыздың ата-анасы мектеп директорларының іс-әрекетінің заңға қайшылығын сот арқылы да дәлелдемек болды, бірақ одан нәтиже шықпады. Ата-аналар министрліктің бұйрығы "орта білім алуға әркім құқылы" деген Конститутциядан және Азаматтық әрі саяси құқықтар туралы пактіден (дінді ұстану және балаларды өз дініне орай тәрбиелеу құқығы көрсетілген) жоғары емес дейді.

Ақтөбе, Орал және Астанада өткен соттарда оқушы қыздардың ата-аналарының шағымы қанағаттандырылмады.

Қазақстанның батыс аудандарында ондаған оқушы қыз орамалды шешуден бас тартқаны үшін сабаққа бара алмай отыр. Билік олардың ата-анасын "міндеттерін тиісінше орындамады" деген бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Наурыздың басында Ерқанат Әубәкіровке "Қазақстан Республикасының білім беру туралы заңнамасында көрсетілген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін" әкімшілік жаза тағайындалды.

ВИДЕО: Хиджаб таққандардың ата-аналары биліктен медресе ашуды сұрады (10 қаңтар 2018 жыл)

Хиджаб таққандардың ата-аналары биліктен медресе ашуды сұрады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00

Қазақстандық сарапшылардың кейбірі мектепке орамал тағуға тыйым салу - биліктің діни ағымдарға қарсы тұрсақ деген ниетінен туған шара дейді, билік оны "исламның жат ағымдары" деп атап, қауіпсіздікке (әсіресе радикалдарды айыптаған бірнеше қарулы шабуылдан соң) қатер төндіреді деп санайды.

Биліктің деструктивті санайтын ағымдарға қарсы тұруға ұмтылысы адамдардың сырт келбетіне қарап тыйым салатын шараларға әсер етіп жатыр. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі әзірлеген заң жобасында "бүлдіргіш діни ағымдардың сыртқы белгілері мен атрибуттарын жария көрсетуге" тыйым салатын норма бар. Бірақ "бүлдіргіш" ұғымына бұлыңғыр түсініктеме берілген.

XS
SM
MD
LG