Accessibility links

Орамал тағатын оқушылар дауы басылар емес


Ақтөбе облыстық әкімдігіне кіреберісте тұрған полиция қызметкерлері мен "орамал дауына" байланысты шағымданып келген тұрғындар. 8 қаңтар 2018 жыл.
Ақтөбе облыстық әкімдігіне кіреберісте тұрған полиция қызметкерлері мен "орамал дауына" байланысты шағымданып келген тұрғындар. 8 қаңтар 2018 жыл.

Ақтөбеде оқу жылының үшінші тоқсаны орамал дауымен басталды. Қаңтардың 8-інде облыстағы орта мектептердің басшылары орамал тартып келген оқушы қыздарды мектепке кіргізбей, үйлеріне қайтарды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Шынар Кенжебаеваның сөзіне қарағанда, оның 10-сыныпта оқитын қызы дүйсенбіде мектепке кіре алмаған.

- Қызым Мәлика Ақтөбедегі №18 мектептің оныншы сыныбында оқитын. 7 қаңтарда сынып жетекшісі үйге хабарласып, қызыма "орамалыңды шешіп кел" деді. Қызым 8 қаңтар күні әдеттегідей сабаққа орамалын тартып кетті. Апайлары "бізге жоғарыдан бұйрық түсті, орамалыңды шешпесең, мектепке кірмейсің" деп кері қайтарып жіберіпті, - дейді ол.

"БӨЛЕК МЕКТЕП АШЫП БЕРСІН!"

Шынар Кенжебаева мектепті "баламның конституциялық құқығын бұзды" деп айыптайды. Оннан астам әйел қаңтардың 8-інде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен жолығу үшін әкімдікке келді. Солардың бірі Гүлжанар Сәбенованың қызы Ақтөбедегі №23 мектепте оқиды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлжанар Сәбенова. 8 қаңтар 2018 жыл.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлжанар Сәбенова. 8 қаңтар 2018 жыл.

- Мына жерде әртүрлі мектептің ата-аналары жиналып тұрмыз. Мысалы, №23 мектептен екі ата-ана келіп тұрмыз. Бәріміздің проблемамыз – бір. Мектеп басшылары "балаларың орамалдарын шешсін" дейді. Ал біз дінді ұстанған соң орта жолдан тайқып кете алмаймыз ғой. Оның үстіне мектептің қойып отырған талабы – ел конституциясына қайшы. Мектеп директорлары ата-аналар комитетімен бірге үсті-үстіне жиналыс ашып, бет бақтырар емес. Сондықтан Бердібек Сапарбаевтан көмек сұрап келіп тұрмыз. Біздің құқығымыз бұзылып жатыр. Балаларымыз мектеп программасынан қалып қойды. Әкімге айтар ұсынысымыз бар. Орамал тағатын қыздарға бөлек мектеп ашып берсін! - дейді Гүлжанар Сәбенова.

Балаларымыз мектеп программасынан қалып қойды. Әкімге айтар ұсынысымыз бар. Орамал тағатын қыздарға бөлек мектеп ашып берсін!

Гүлжанардың сөзін қолдаушылар арасында өз балалары есейіп кеткен, немерелері әлі мектеп жасына жетпегендер де бар болып шықты. Өзін "Әлиямын" деп таныстырған әйелдің сөзіне қарағанда, қалалық мешіттің жанындағы әйелдердің діни сауатын ашу орталығында орамал дауы жиі талқыланады. Ол:

- Бүгін Бердібек Сапарбаевпен кездеспек болып келген әйелдердің басым бөлігі – біздің жамағат, - дейді.

Сол кезде әңгімеге араласқан зейнет жасындағы атын айтпаған бір әйел:

- Менің мектеп жасындағы балам жоқ. Бірақ жамағатыммен бірге келіп тұрмын. Қалай болғанда да орамал шешілмейді! Өйткені ол – Аллахтың бұйрығы. Ол талқыға салынбауы тиіс! Бұған дейін де талай айтылып жатыр ғой, бірақ балалар орамалдарын тастаған жоқ. Біз олардың орамалды тастамайтындарына жүз процент, тіпті екі жүз процент кепілдік береміз, - деді.

Ақтөбе облыстық әкімдігіне "Сапарбаевтан көмек сұрай келдік" деген әйелдердің көпшілігі жүздерін фото, видео камералардан көлегейлеп отырды. Тілшілерге "жүзімді бадырайтып көрсетпей-ақ қойсаңыздар" деп өтініш айтқандар да, "телевизордан көрсететін болсаң, сотқа беремін!" деп дауыс көтергендер де болды. Гүлжанар Сәбенова мұның себебін:

- Мұсылман әйел үшін дүйім жұрттың алдына шығып сөйлеу – ұят нәрсе. Елдің алдына ер адам ғана шыға алады. Мысалы, өзім қатты қысылып тұрмын. Бірақ басқа амалым қалмағандықтан ұяттан аттауға тура келді, - деп түсіндірді.

"КЕЛІССӨЗ"

Әкімдіктің дәлізінде тұрған әйелдермен кездесу үшін сәлден соң Ақтөбе облыстық білім департаментінің басшысы Ләззат Оразбаева мен дін істері жөніндегі департамент басшысы Жолдас Қалмағамбетов шықты. Шенеуніктердің наразы топпен оңаша әңгімесі бір сағаттан астам уақытқа созылды. Бұл мезетте тілшілер орамал дауының нәтижесін әкімдік дәлізінде күтіп тұрған болатын. Түскі бірге таман Гүлжанар Сәбенова мен басқа да әйелдер әкімдік ғимаратынан "ештеңе де шешілген жоқ" деп ренжіңкіреп шықты.

Егер орамалға орай бала сабақтан қалатын болса, оған ата-анасы жауап береді. Ата-анаға шара қолданылады.

- Ата-аналар бізге өз проблемаларын айтты. Олар жоғары сыныптағы қыздарының орамалын шешкісі келмейді. Біз бұйрықта (Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтардың 14-і күні шыққан №26 бұйрығы – ред.) айтылғандай түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Егер орамалға орай бала сабақтан қалатын болса, оған ата-анасы жауап береді. Ата-анаға шара қолданылады. Өйткені бұйрық бар. Ол бұйрықты бұзуға біздің ешқандай құқығымыз жоқ. Баланың сабаққа қатысуы керек және мектептің ішкі тәртібі бұзылмауы керек. Бұл – менің бұйрығым емес, бұл – министрліктің бұйрығы. Айтарым, барлық бала мектеп формасын сақтауға міндетті! - деді әкімдік дәлізіне наразы топтың соңынан ілесе шыққан Ләззат Оразбаева.

"Хиджаб дауымен" Ақтөбе облысы әкімдігіне келген тұрғындар туралы видео:

Ақтөбедегі хиджабты оқушылар дауы басылар емес
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

Ал Жолдас Қалмағамбетов ата-аналардың арасында "қоғам орамалға қарсы" деген қате түсінік қалыптасқан" деп санайды.

- Ата-аналардың түсінбестігі сол, "орамалды жаппай шешкізіп жатыр" деп ойлайды. Бұл – "орамалды шешіңдер" деген сөз емес. Тек мектеп қабырғасында ғана, ал қалған уақытта бала орамалын тақсын, оның діни көзқарасына, сеніміне ешкім де араласпайды. Мектепте бала білім алуы керек. Басқа балалармен бірдей боп отыруы керек. Зайырлы қоғамда заңдардың орындалуы бірінші орында тұрады, - деді ол.

Дін істері департаментінің дерегінше, қазір Ақтөбе облысындағы орта білім беретін мектептерге 338 оқушы орамал тартып келіп жүр.

Мектепте бала білім алуы керек. Басқа балалармен бірдей боп отыруы керек. Зайырлы қоғамда заңдардың орындалуы бірінші орында тұрады

- Басшылар 300-400 баланың бәрін мектепке кіргізбей, қаңғытып жібере алмайды ғой. Заңды бұзбай, бәрібір ортақ бір мәмілеге келеміз деп ойлаймын. Әзірше 300-400 бала орамал тартып жүр, ертеңгі күні балиғат жасына толатындары қаншама? Міне, солардың бәрін мектепке кіргізбей тастай ма? Неге бұлар біздерді қайта-қайта түрте береді? Халықты шулата беріп не істейді? Бізге тыныштық керек. Сабағымызды оқып, бір мәмілеге келсек болғаны, - дейді Гүлжанар Сәбенова.

Азаттық тілшісі түстен кейін тағы бір хабарласып, Гүлжанар Сәбенованың №23 мектептің алтыншы сыныбында екінші ауысымда оқитын қызы Диананың сабаққа кіре алмағанын білді. Анасы Диананы бірнеше күн қатарынан мектепке орамалмен апарып көрмек. Осы аралықта баласы мектепке кіре алмаса, анасы мектеп директорын сотқа бермек ниеті бар екенін айтады.

Ақтөбе қаласында жаңа оқу жылы басталған соң 170 оқушы қыз орамал тағып келгені себепті сабаққа кіргізілмеген. Кейін қала әкімдігінің баспасөз қызметі олардың "13-і орамалын шешті, мектеп формасын ұстануға қатысты жұмыстар нәтиже бере бастады" деп хабарлаған.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе мектептерінде орамал дауы басылмай тұр

Қазақстанның Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы жүздеген ата-ана Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтардың 14-і күні шыққан №26 бұйрығының 13-тармағын Қазақстан Конституциясына және халықаралық келісім-шарттарға қайшы деп тануды талап етіп келеді. Ол бұйрық негізінде мектеп формасының бірыңғай ережесі енгізілген. Ережеге сай, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек.

XS
SM
MD
LG