Accessibility links

Қазақстан универсиаданың үздік ондығына кіруден дәмелі


Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен. (Көрнекі сурет)

Желтоқсанның 11-інде Италияның Трентино қаласында бүкіләлемдік қысқы универсиада басталды. 10 күнге созылатын жарысқа Қазақстаннан 54 студент-спортшы қатысып жатыр.

Қазақстан студенттері универсиада кезінде шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, фристайл, шорт-трек, сноуборд және тау шаңғысынан медальға таласады.

Жалпы универсиадаға әлемнің 51 елінен 1 мың 700 спортшы қатысады.

Қазақстан студенттер спорты федерациясы биылғы универсиададан сегіз-тоғыз медаль алуды жоспарлап отыр.

Федерацияның арнайы таратқан мәлімдемесінде: «Бұл универсиада әлем спортшылары үшін Сочи олимпиадасының алдындағы дайындық. Қазақстанның универсиадаға мақсаты - сегіз-тоғыз медальмен жалпы есепте үздік ондыққа ену. Шаңғы, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіруден жүлде күтеміз» деп жазылған.

Мәнерлеп сырғанаудан биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен де бұл универсиадаға қатысады. Федерация өз мәлімдемесінде Денис Тенді алтын медальдан үміткерлердің бірі ретінде атайды.

Қазақстандық 15 шаңғышы жекелей және эстафеталық жарыстардың бәрінде жүлдеге таласады. Тұңғыш рет Қазақстан сноубордтан универсиадаға спортшы жіберіп отыр. Өскемендік сноубордшы Валерия Цой үш бағдарлама бойынша жарысқа қатысады. Есесіне биылғы универсиадаға қазақстандық бірде-бір биатлоншы қатыспайды.

Универсиаданың ашылу салтанаты болмай тұрып, шайбалы хоккей ойындары басталып кетті. Италия мен АҚШ құрамаларының кездесуі. Италия, Трентино, 10 желтоқсан 2013 жыл. Сурет универсиаданың ресми сайтынан алынды.
Универсиаданың ашылу салтанаты болмай тұрып, шайбалы хоккей ойындары басталып кетті. Италия мен АҚШ құрамаларының кездесуі. Италия, Трентино, 10 желтоқсан 2013 жыл. Сурет универсиаданың ресми сайтынан алынды.
Қазақстанның ерлер хоккей командасы да жүлдеден үмітті. Олар топтық кезеңде Канада, Жапония, Украинамен кездеседі.

– Қазақстан шаңғышылары соңғы универсиада жарыстарында жүлдесіз қайтқан емес. Сондықтан биылғы жарыста да біздің шаңғышылар кемінде үш медаль алады деп ойлаймын. Денис Теннің басты қарсыластары Қытай, Жапония және Ресей мәнерлеп сырғанаушылары болуы мүмкін. Бірақ ол бабында болса, алтын алуы тиіс. Шорт-трек, тау шаңғысынан аттанған спортшылардың көбі – жастар. Сондықтан олардың жүлде алуы қиын. Хоккейшілер «өлім тобына» түсті. Канада мен Жапония да жүлдеге басты үміткерлер. Сондықтан оларға жүлде алу қиындау болады, – дейді спорт шолушысы Рауан Оқас Азаттыққа.

Қазақстан алғаш рет 1993 жылы Польшаның Закапонье қаласында өткен бүкіләлемдік қысқы универсиадаға қатысып, бір қола медаль ғана алған.

2005 жылы Қазақстан Инсбургте (Австрия) өткен универсиадада төрт алтын, бір күміс, екі қола медальмен жалпы есепте жетінші орынға шықты. Бұл табыс Қазақстанның қысқы универсиададағы ең үздік нәтижесі болып тұр.
Соңғы мәрте 2011 жылы Түркияның Эрзумур қаласында өткен қысқы универсиадада Қазақстан бір алтын, бес қоламен 15-орынға тұрақтаған еді.

Биылғы қысқы универсиаданы өткізу құқығын негізінде Словенияның Марибор қаласы жеңіп алған. Алайда 2012 жылы Словения үкіметі елдегі дағдарысқа байланысты универсиаданы өткізуден бас тартты. Осыдан кейін Халықаралық студенттер спорты ұйымы (FISU) студенттер олимпиадасын өткізу құқығын Италияға берді.

2015 жылғы қысқы универсиаданы Гранадада (Испания), 2017 жылғы жарысты Алматы (Қазақстан) қабылдайды.

Универсиада – FISU ұйымдастыратын студенттер арасында өтетін олимпиада. Қысқы универсиада алғаш рет 1960 жылы Францияның Шамони қаласында өткен.
XS
SM
MD
LG