Accessibility links

Белсенділер тарифтерді өсірмеуді ұсынады


Степногорск тұрғындары судың кезегінде тұр.
Степногорск тұрғындары судың кезегінде тұр.

Экономистер мен белсенділердің айтуынша, қаладағы коммуналдық шаруашылықты қызмет тарифтерін өсірмей-ақ жаңғыртуға болады. «Бұған әуелі коммуналдық кәсіпорындардың бюджеті ашық болуы тиіс» дейді олар.

Алматылық 73 жастағы зейнеткер Таисия Курочканың 26 мың теңге зейнетақысының 7 мың 700 теңгесі коммуналдық қызметтің ақысын төлеуге кетеді.

– Бірінші топ мүгедегімін. Ай сайын дәрі-дәрмекке 10 мың теңге жұмсаймын, 9-10 мыңына тамақ аламын. Енді коммуналдық төлемдер тағы қымбаттайды деп жатыр. Мемлекет біздің қамымызды ойламайды, – дейді Таисия Курочка Азаттық тілшісіне.

Теңге 19 пайызға құнсызданғаннан кейін өткен үкімет мәжілісінде премьер-министр Серік Ахметов шенеуніктерге «коммуналдық қызмет ақысын қымбаттатуға жол бермеңдер» деген талап қойды. Бірақ елдің кейбір
Зейнеткер Таисия Курочка. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.
Зейнеткер Таисия Курочка. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.
аймақтарында қазірдің өзінде баға өсіп, электр қуаты 8 пайызға, ыстық су 2,5 пайызға қымбаттады.

«БЮДЖЕТІ ЖАРИЯ БОЛУЫ ТИІС»

Халық «коммуналдық шаруашылық тозып біткен, жарық, газ, жылуды жиі өшіріп тастайды» деп шағымданады. Коммуналдық шаруашылықты жөндеу-жаңғырту шығындары көбінесе тарифтерді өсіру арқылы тұтынушы мойнына түседі.

Алматы қоғамдық монополияға қарсы комиссия төрағасы Петр Своиктің пікірінше, тарифтер қымбаттаса, іле-шала барлық заттың бағасы қымбаттауы мүмкін.

Алматыдағы коммуналдық тарифтер туралы жуырда өткен дөңгелек үстелде Петр Своик «Тұтынушыдан жиналатын ақша қайда кетіп жатыр? Ескі турбиналарды ауыстырып, жөндеуге бес жылда 4 миллиард 700 миллион доллар инвестициялық қаржы құйылды. Жағдайы сәл жақсарғаны болмаса, бақылау-қадағалау жоқ, бюджеті жасырын электр қуаты, жылу, сумен қамту кәсіпорындарына салынған «инвестициялық» тарифтер жым-жылас жоқ болады» дейді.

Петр Своиктің есебінше, қазақстандықтардың бір жылдағы жалақы көлемі қазір 4 триллион теңгені құрайды, оның төрттен бірі коммуналдық төлемдерге кетеді.
Белсенді Петр Своик.
Белсенді Петр Своик.
Оның мәлімдеуінше,«ұзақ мерзімді» және «инвестициялық» тарифтерге қатысты жоспарлар мен мемлекеттік бағдарламалардың іске аспауы, проблемалардың себебін табу мен оларды шешудің балама жолдарын іздеуге құлықсыздық, министрліктердің бірігіп әрекет етпеуі кесірінен «тариф саясатының тұйыққа тірелгені байқалып отыр». Петр Своиктің айтуынша, Қазақстан жағдайында дамыған елдердің электрэнергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі либералдық саясатын қолдануға тырысу мүлде зиянды.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаевтың сөзінше, тарифтердің қымбаттауын тоқтату үшін шығынды азайтып, инвестиция қажет. Ескі жабдықтарды ауыстыру керек.

Сарапшылар оның уәжімен таласпағанымен, «коммуналдық шаруашылықты жаңартуға мемлекет кепіл болуы тиіс» дейді.

ХАЛЫҚ ЭНЕРГИЯ МЕН СУДЫҢ ШИРЕГІН ТҰТЫНАДЫ

Электр қуаты мен судың 75 пайызын өнеркәсіп орындары, ал 25 пайызын ғана халық жұмсайды.Үкіметтік емес ұйым сарапшылары «Ескі ұңғымалар мен жылу желілерін жөндеу жұмыстары «Самұрық-Қазына» қоры мен Қазақстанның ұлттық банкі арқылы қаржыландырылуы тиіс. Коммуналдық шаруашылыққа
Жалғыз құдықтың басында су алуға кезекке тұрған жұрт. Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Ақжар ауылы, 18 қаңтар 2013 жыл.
Жалғыз құдықтың басында су алуға кезекке тұрған жұрт. Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Ақжар ауылы, 18 қаңтар 2013 жыл.
алыпсатарлықпен пайда табатын бизнес көзі ретінде қарауды қою керек. Осыдан 50 жыл бұрын нонсенс болған электр жарығы қазір тұрмыстың бір бөлігіне айналды» дейді.

– Ақшамыздың қайда кетіп жатқанын қадағалап отыратын қоғамдық комиссиялар құру керек. Құбыр, насостар баяғыда тозып біткен. «Ақшаларың соларды ауыстыруға кетіп жатыр» дейді, бірақ оны ешкім қадағаламайды. Мемлекет жарытып ақша бөлмеген коммуналдық сектор жүйесін тарифті үздіксіз қымбаттату арқылы жаңартуға бола ма? Бұл проблеманы шешудің басқа жолдарын іздеу керек, – дейді «Норд-Вест» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары Мария Жұматаева Азаттық тілшісіне.

Девальвациядан кейін елдің төрт аймағы – Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласында табиғи газдың бағасы қымбаттауы мүмкін деп хабарлады Астанада өткен брифингте табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасы Мұрат Оспанов. Оның айтуынша, көбінесе шетелден импортталатын табиғи газды пайдаланатын бұл аймақтарда баға да өседі.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG