Accessibility links

Зағипқа өз мамандығымен жұмыс табу арман болды


Руслан Башаев көшеде концерт беріп тұр. Алматы, 4 тамыз 2018 жыл

Қазақстандық Руслан Башаев көзі көрмейтін бірінші топтағы мүгедек болғанына қарамастан жоғары музыкалық білім алды. Енді мүгедектікке берілетін зейнетақыға өмір сүргісі келмейді, мамандығы бойынша жұмыс табуды армандайды.

КӨШЕДЕГІ КОНЦЕРТ

Руслан Башаев туралы мақала авторы Facebook әлеуметтік желісінен білді. Оның өмірден өз орнын табуына көмектескісі келген адамдар алматылық Арбатта (Жібек жолы даңғылының жаяу жүргіншілер жүретін бөлігі) оның қатысуымен концерт ұйымдастыру туралы шешім қабылдапты.

Шатыр орнатып, синтезатор мен сыртқы динамиктер сияқты аппаратура алып келді. Руслан түн ортасына дейін ән айтып, синтезатор мен қобызда ойнады. Бес сағат бойы көшеде тұрып музыка тыңдауға дайын адамдар көп емес. Ал музыкант болса аспапта ойнап, ән айтуы керек. Ол оңай емес.

Көше көрермендері қол соққанымен бұндай шараны концерт деп атау қиын. Арбатта бұндай «концерттер» күн сайын кешке әр елу қадам сайын болып жатады. Олардың маңына аздаған адам жиналып, тыңдайды. Бірақ ұзақ тұрмай өз жөнімен кетіп жатады.

Көшедегі концерт кезінде Руслан Башаев синтезатордың сүйемелдеуімен эстрадалық әндерді орындап тұр. Алматы. 4 тамыз, 2018 жыл
Көшедегі концерт кезінде Руслан Башаев синтезатордың сүйемелдеуімен эстрадалық әндерді орындап тұр. Алматы. 4 тамыз, 2018 жыл

Бір аптадан соң тағы бір «концерт» беру керек еді. Бірақ аппаратураны орнатқан соң найзағай ойнап, жауын құйып кеткен. Концертті ойлауға шама келмеген.

ЕКІ АДАМҒА - БІР ЖӘРДЕМАҚЫ

Біраз уақыттан соң Азаттық тілшісі Русланға хабарласып, тыныс-тіршілігі туралы сұрағанда ол Арбатта тұруға намыстанатынын айтты. Бірақ ол анасына қаржылық көмек көрсету үшін көшеге шығуға мәжбүр. Арбаттағы музыканттар керемет ақша таппайды. Оның үстіне полиция да қудалайды, тұруға болмайды дейді. Неліктен болмайтынын көпшілік түсінбейді де.

Отбасыдағы жалғыз бала Руслан мен оның анасына ақша күнделікті қажеттілік ғана емес, несиені жабу үшін де керек. Екеуі Русланның бірінші топтағы мүгедек ретінде алатын қаржысына күн көреді. Оның көлемі айына 50 мыңға жетпейді.

- Алматыдан үй алу үшін Оралдағы пәтерімізді саттық. Бірақ Оралда пәтер құны арзан, сондықтан несие алдық. Пәтер ғана емес, кір жуғыш машина сияқты тұрмыстық техниканы да несиеге рәсімдедік. Анам мені жұмысқа орналаса алмай қалады деп ойламады, - дейді музыкант.

Руслан Башаев көшедегі концерт кезінде біраз әнін қобызбен де орындады. Алматы. 4 тамыз, 2018 жыл
Руслан Башаев көшедегі концерт кезінде біраз әнін қобызбен де орындады. Алматы. 4 тамыз, 2018 жыл

​Қазір Русланның анасы жұмыс істемейді. Ол сырқаттанып жүр. Осымен екінші мәрте Орынборға емделуге барып келді.

МУЗЫКАНТ ЖОЛЫ

28 жастағы Руслан бес жасынан бастап музыкамен айналысады. Бірақ оның отбасында музыканттар жоқ. Басында оған «Бұл қолайсыздықты жеңеміз» («Эту неприятность мы переживем») деген ән қатты ұнап қалады, оны «Леопольд мысықтың басынан кешкендері» атты советтік мультфильмнен естиді. Содан соң басқа әндерді үйренеді. Русланның музыкаға бейім екенін көрген анасы музыка мектебіне беріп, ол музыка-хор бөлімінде білім алады.

- Бағдарлама бойынша оқушылар фортепиано ойнап үйренуі керек. Бірақ мұғалім менімен сабақ өткізуге қорықты. Мен оның бірінші зағип шәкірті болатынмын. Сондықтан фортепианоны өзім меңгердім, - дейді Руслан.

Ол фортепианода ойнауды есту қабілетінің арқасында үйренді. Тоғыз жасында Руслан өз бетімен қобызды меңгерді. Ол вокалшы болуды армандады. Бірақ туған қаласы Оралда эстрадалық вокал болмады. 2011 жылы мектепті бітірген соң ол анасымен бірге Алматыға көшеді.

- Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясына түсемін деп шештім. Ол жерге ешкімнің көмегінсіз түстім, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Руслан академияда алты жыл оқыды, оның ішінде екі жылын магистратуға арнады. «Қазақстан халықтары ассемблеясы іс-әрекеті негізінде қалыптасқан отандық эстрада» тақырыбында магистрлық диссертация қорғады. Оның аспирантураға түсіп, PhD диссертациясын қорғауы да мүмкін. Бірақ алдымен магистратурадан соң үш жыл жұмыс істеуі керек. Оған қоса, Руслан Қазақстан эстрадасының ардагері Лаки Кесоглудың шеберлік класына қосымша қатысты.

ЖҰМЫС ІЗДЕУ

- Қазір жұмыс іздеп жүрмін, - дейді Руслан.

Ол академиядан соң бір жылдай жұмыс істеді. Оны Русланға жұмыспен қамту орталығы тауып берді. Ол инклюзивтік бағдарламалар орталығында аутист балалармен жұмыс істеп, вокал үйретті. Онысы балаларға да ұнайтын. Орталық үйлестірушісі Салтанат Мурзалинова-Яковлева Русланның жұмысын жоғары бағалады. Бірақ бір жылдан соң келісімшарт мерзімі бітіп, Руслан жұмыссыз қалды.

Содан бері Руслан жұмыс іздеп жүр.

- Әңгімелесуге барамын. Мысалы, мектеп сияқты мекемелерден жұмыс шығады. Басында бәрі дұрыс сияқты көрінеді, бірақ көзім көрмейтінін білгенде мені қабылдағысы келмейді. Телефонмен қоңырау шалсам «Зағыип адамды алмаймыз, біз жеке мектеппіз. Ата-аналар сонша ақша төлеп отырмыз, неліктен көзі көрмейтін мұғалім сабақ береді деп айтады» дейді. Маған театрға барыңыз деп кеңес береді. Театрда мен не істеймін? Үнемі осылай қабылдамай тастайды, - дейді Руслан Башаев.

Көшедегі концертті біраз адамдар келіп, тамашалап тұрады да ары қарай кетеді. Бірақ Руслан Башаевты басынан аяғына дейін тыңдаған шағын қолдаушылар тобы болды. Алматы. 4 тамыз, 2018 жыл.
Көшедегі концертті біраз адамдар келіп, тамашалап тұрады да ары қарай кетеді. Бірақ Руслан Башаевты басынан аяғына дейін тыңдаған шағын қолдаушылар тобы болды. Алматы. 4 тамыз, 2018 жыл.

Жұмысқа тұрсам деген ниеті сәтсіз болып жатса да, ол армандауын қоймайды. Вокалдан сабақ бергісі келеді. «Қазақстандағы соқырлар қоғамы жұмыс іздеуге көмектесе ме?» деген сауалға ол былай деді: «Соқырлар қоғамынан еш үміт жоқ. Оларға бардым. Сол жерде есепте тұрмын, жыл сайынғы жарнаны төлеймін (жылына мың теңге - автор). Ештеңе айтып, көмектеспейді. Шындығы солай».

Арбаттағы концертті Русланның жолдастары Facebook арқылы белсенді жарнамалаған соң әлеуметтік желіде біреу Русланға Петр Чайковский атындағы музыкалық колледждің қызығушылық танытқанын айтты, оны кездесуге шақырып, жұмысқа орналасу үшін құжаттарын дайындауды сұрады.

- Құжаттар туралы сұрап, қоңырау шалып едім, олар білмейміз дейді. Алай-бұлай деп қашқақтай бастады, - дейді Руслан.

Әйтсе де Руслан жұмысқа тұрудан үміттенеді.

- Мені жұмысқа алады деп үміттенемін. Олардан қоңырау күтемін. Мені жұмысқа алса Біржан Хасанғалиевке (музыкалық колледж директоры) үлкен алғыс айтамын, - дейді музыкант.

СЫНЫПТАСТАР ТАҒДЫРЫ МЕН АРМАНЫ

Руслан Башаев екеуіміздің сұхбатымыз оның Оралдағы көзі көрмейтіндер мектеп-интернатын бітірген сыныптастарыныңтағдырына ауысты. Олардың сыныбында оқушылар саны аз болыпты, екі-төрт баладан аспаған. Ол жерде тек соқырлар ғана емес, көруін жақсартуға мүмкіндігі бар нашар көретіндер де оқыған екен.

- Сыныптастарымның ата-аналары жақсы тұратын. Көбі шетелге кетті. Біреуі Англияға, енді бірі Ресейге кетті. Олармен араласып тұрамын. Жағдайлары жақсы, ал менікі онша емес, - дейді ол.

Басында Руслан да Ресейдің Курск қаласына барып, 1945 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зағиптарға арналған музыкалық арнайы орта мектеп-интернатына (басында музыкалық мектеп, кейін училище, одан соң музыкалық колледж) түскісі келген екен. Ол жерге қоңырау шалып, шетелдік ретінде оқудың ақылы екенін біледі (айтуынша, жылына төрт жарым миллион теңге).

ВИДЕО: Руслан Башаевтың көшедегі концертінен үзінді.

Уличный концерт Руслана Башаева
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:04 0:00

Мамандығы бойынша жұмыс табудан басқа Руслан нені армандайды? Ол өзінің «вокал мектебін ашқысы» келеді. Ол үшін ғимаратты жалға алып, басқа шығындарды жабу үшін ақша керек. Сахнаға шығып, ән салғысы да келеді. Бірақ ол үшін көмек қолын созатын жан керек.

ТҮРЛІ ӨМІР

Русланға хабарласар алдында Азаттық тілшісі зағип музыканттардың табысқа жеткен кезін еске алды. Италиялық Андреа Бочелли, америкалық Рэй Чарльз бен Стиви Уандер өз еңбегі мен таланттары арқасында дүниежүзіне танымал болды. Аймақ жағынан жақыны – Диана Гурцкая. Грузия тумасы, қазір Ресей азаматы. Ол туғанынан бері көзі көрмесе де, Ресей эстрадасының жарық жұлдызына айналды. Гурцкаяға қатысты сауал дайын тұрса да, Руслан ол туралы әңгіме қозғалғанда тілшінің алдын орап кетті.

- Соған қарап бой түзеймін. Диана Гурцкаямен кездесуді армандаймын. Әлі күнге дейін соны армандаймын – қандай да бір фестивалге барып, онымен кездесіп, сөйлессем деймін. Тіпті түсімде де соны көрдім. Арманым орындалады деп сенемін. Мақсат қойсам, оған жеткенше тынбаймын. Ешқашан да торықпаймын, - дейді Руслан.

Руслан Башаев қазір денсаулығы бойынша жұмыс істей алмайтын анасы екеуінің зейнетақыға күн көргенін қаламайды, оның үстіне өтелмеген несиесі де бар. Туысқандары көмектеспейді, олардың ішінде банк саласында жұмыс істейтіні де бар. Руслан олардан көмек сұрамайтынын айтады, аяушылық сезімін тудырғысы келмейді.

Руслан – Қазақстандағы мыңдаған соқыр мен нашар көретіндердің бірі ғана. Жұмыс табудан қиналып жүрген бұндай мүгедектер өте көп.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNEWS 26.02.2020
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG