Accessibility links

Лавровтың ақындығы: Алдыңғы жол - артқы жолдың жалғасы


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ақындықтан да құр алақан емес екен.

Ресейдің «Русский пионер» әдеби журналының «Шетелде» деп аталатын арнайы шығарылымында осы ел сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың үш өлеңі жарияланды.

Түсі суық, аузынан шылымы түспейтін Лавровтың поэзияға жақындығы көптеген адамдарды қызықтырғандай.

Журналға жарияланған өлеңдер ертеде жазылған болып шықты: біреуі Совет одағы құлардың алдында – 1989 жылы жазылған. Сол кезде Лавров Нью-Йорктегі Совет одағының Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілі қызметін аяқтап, Мәскеуде халықаралық экономикалық ұйым басқармасы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалған еді.

1995 және 1996 жыл деп белгіленген екі өлеңі Лавровтың БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкілі қызметін атқарғанда жазылған. Қысқаша кіріспеде Лавров 1989 және 1996 жылғы өлеңдер алдымен Нью-Йоркке кетіп, одан соң Ресейге оралған досыма арналды дейді.

Лавровтың 1995 жылы жазылған өлеңі «елдің бәрі шетелге кетіп жатқандай көрінетін» кезеңде жазылған екен.

Лавровтың өзі «азаматтық бағдары қалыптасып жатқан біздің буын өкілдерінің түрлі кезеңдегі «шетел» ұғымын қабылдауын көрсетуді мақсат еттім» дейді.

"Жолаяқ" деп аталатын 1989 жылғы өлеңінде «кейіпкер күймеге отырып, отанынан кетуге асығады», «... кері қайтып келместей, бейіттерді аралап, бәрімен қоштасады».

«Делбеші Манхэттенге бет алды, аттарды аямай дүрелеп...». Бірақ әлдебір тылсым күш күймені кері тартып тұрғандай, аттар көзге көрінбейтін лас жолақты аттап өтуге тырысады. Өлең мынандай тілекпен аяқталады: «Әлсіздігіміз үшін... Ресей үшін... Еншіміз бен ендігіміз үшін».

Мәскеудегі Кремль. (Көрнекі сурет)
Мәскеудегі Кремль. (Көрнекі сурет)

1995 жылдың қаңтарында Лавров орыс эмиграциясының түрлі толқыны туралы ой толғап, олардың үйінен қашып, «басқа жағалаудан» пана тапқанын сөз етеді.

«Енді арынды Ресей жерінен үшінші толқын көтерілді. Қасиетті құдық тартылды, Сиқыршылар айналып өтетін Ресей оған берілмейді, Толқын артынан толқынды тудырады. Тағдыр мыстан тәрізді күледі, Еліміз шығынды сезбей қалады» деген жолдары бар.

Өлең соңында:

Осыбір сұмдық үшінші толқын,

соңғы толқынға айналса қайтеміз?

тостаған түбіндегі кофенің ізіне үңіліп,

қай жерден қателескенімізді тауып көр

Соңғы толқын эмигранттарын қайтаратын жолды тауып берші, -

деп аяқталады.

Лавровтың 1996 жылы жазылған үшінші өлеңі біріншісінің жалғасы тәрізді жазылған. Бұл өлең "Кеша ғана" (Жолаяқ-2) деп аталады. Оның айтуынша, «алты жыл от ұшқыны тәрізді жалт етіп, өте шықты. Алғашқы махаббат пен опасыздық, түрлі мәселелер бар еді. Оның орнын басқа істер толтырған:

Лавров осы өлеңінде "құйын ұшырып әкеткен елді» еске алады.

«Сол ел жоқ қой енді, бірақ оны мақтаныш еткендер қалды. Тағы да такси есік алдында күтіп тұр, заттар буылып-түйілді. Тағы да жолаяқтан тартайық, бұл жолы кері ораламыз. Алдыңғы жол - артқы жолдың жалғасы. Қазір еске алсаң – бәрі де бекер емес екен. Қазіргі мына жолаяқ - ертеңгі күнге естелік» деп аяқтайды ол өлеңін.

Роберт Коалсонның мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG