Accessibility links

Диктор әрі ұстаз Сауық Жақанова: Микрофон құдіреті қорқуды ұмыттырады


Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сауық Жақанова. Алматы, 2009 жыл.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сауық Жақанова. Алматы, 2009 жыл.

Қазақ радиосы сияқты қара шаңырақтың ірі тұлғаларының бірі, диктор, ұстаз Сауық Жақанованың әуезді, ашық үні әуе толқынынан берілетін әдеби хабарларды құлпыртып, тыңдарманның құлағы ғана емес, жүрегіне де жеткізеді.

Радио тарихын зерттеуші ғалымдардың дерегі бойынша 1921 жылы Қазақ АКСР Халық Комиссарлары кеңесінің 29 қыркүйектегі қаулысымен Орынбордағы радиостансадан күніне 1600 сөзден тұратын хабарлар дайындауға шешім қабылданған.

Міне, сол алғашқы кездегі төрт сағаттық эфирден бастау алған, бүгінде 85 жылдық тарихы бар Қазақ радиосы қазақ жұртымен, қазақ қоғамымен бірге жасап келеді. Қазақ елі осы уақыт ішінде қаншама соқтықпалы, соқпақты тар жол, тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіздікке қол жеткізіп жатса, Қазақ радиосында сол жұрттың жүрегінің дүрсілі, көңілінің күйі бар.

Мәселен, мұнда кешегі өткен ұлы тұлғалардың он мыңдай дауыс-үндері сақталған. Тіпті Алтын қорда Дина Нұрпейісова бастаған қазақ өнері қарлығаштарының шерткен күйлері, сондай-ақ тарихқа айналып кеткен ағалар мен апалардың дауыстары сақталған. Бұл деген үлкен рухани байлық дейді бүгінгі біздің сұхбаттасымыз, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, танымал диктор Сауық Жақанова:

"Жалпы, радио халыққа жылдам тарайтын, жедел жететін ақпарат көзі. Әсіресе, қазақ жұртына ауылға теледидардың күні кеше ғана келгенін ескерсек, сонда Қазақ радиосы қаншама ұрпақты тәрбиеледі десеңізші...
Бұлақтай мөлдір, әуезді ашық дауыстары еріксіз баурап, өн бойыңды ерекше сезімге бөлейтін дикторларды тыңдармандар ерекше жандар деп есептейді. Сол көпшілік тыңдармандар сияқты мен де радиодағы барша жүргізушілерге еліктеп өскен жайым бар,"- деп бастады өз сөзін сұхбаттасымыз.

Бүгінде баршаға жақсы таныс диктор Сауық Жақанова мектеп қабырғасынан бастап өнерге бір табан жақын болғандығын айтады. Түрлі кештерді ұйымдастырып, оларды жүргізіп, сахналық қойылымдарға қатысудан алдыма жан салмадым дейді балалық шағын есіне алған әйгілі диктор.

Сауық Жақанова Қарағанды қаласының жанындағы Еркіндік ауылында дүниеге келген. Алматыдағы нөмері 12-ші мектепті тәмәмдаған соң бойжеткен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі.

- Жоғарғы оқу орынында түрлі шараларға қатысып, микрофонға үйрене бастадым, сөйтіп өзімді радиодағы жүргізушілер сынды елестететін болдым. Сол кезден бастап менің радиоға деген махаббатым оянды. Маған дикторлар деген өзгеше бір жаралған жандар сияқты болып көрінетін- дейді ол.

Осылайша өзі еліктеген «ерекше адамдардың» бірі болу мақсатында сол жылы Қазақ радиосындағы дикторлар байқауына қатысуға бел буады. Дегенмен, байқауға барып, өзінің пір тұтқан дикторларын көріп, олардың дауыстарын естігенде біраз сасқаным бар дейді Сауық Жақанова.

- Мені Мина Сейтовна деген апамыз алып кірді. Байқауға қабылдап отырғандардың арасында Мәмбет Сержанов, Қатира Әзімбаева сынды ағай, апайлар отыр екен. Олардың дауыстар ерекше болатын, ол уақытта олардың дауыстары қоңырлау келген, кішкене жуандау дауыс болатын. Ал менің даусым жіңішке, «шіңкілдеген» еді. Кейін естісем, сол қабылдау комиссиясында отырғандардың арасында «мына қыз шіңкілдеп тұр, осыдан бірдеңе шығар ма екен» деген пікірлер де болған екен.

Содан Республиканың түпкір-түпкірінен жиналған бірнеше ондаған үміткердің арасынан Сауық Жақанова байқаудан сүрінбей өтеді. Радиодағы алғашқы ұстазы Асыл Рахымжанова жас қызға дикторлықтың қыр-сырын жалықпай үйретеді.

Ұстазының аузынан шыққанын қалт жібермей, бәрін бірден қағып алуға тырысқандай болғанымен, бірнеше айдан кейін алғаш рет тікелей әуе толқынына шыққанда, қатты қобалжып қателескенім бар дейді Сауық апай:

- Ең әуелі ауыл өмірінен экономикалық тақырыптағы хабарды оқыдым. Студияға кірдім, арғы жақтан баста деді. Бастай жөнелдім. Сол сәтте бойымды қорқыныш биледі. Не оқып, не қойғанымды түсінбедім. әйтеуір оқып шықтым да, сыртқа шықтым. Сөйтсем, менің жетекшім Асыл Рахымжанова басын шайқап, «Сен қызды тым ерте жібердім» деп айтқаны есімде қалды.
Сол кездегі бойымды билеген сезімді кейіннен сараласам, ол дегенің микрофонның құдіреті екен. Өзіңіз ойлаңызшы, басыңа сені бірнеше миллион адам тыңдап тұр деген ой келгенде бойыңды еріксіз қорқыныш буып алады екен,-дейді Сауық Жақанова сол бір алыста қалған сағым жылдарды еске ала отырып.

Сауық апайдың осы салада қызмет етіп жүргеніне 43 жылдан асып кетті. Осы жылдар ішінде білім мен білікпен қатар бай тәжірибе жинақтаған ол диктор болудың оңай емес екендігін түсіндім дейді. Себебі радиодан айтылған әрбір сөздің сені тыңдап отырған мыңдаған адамның жүрегіне жететіндей етіп айтып, олардың көңіліне шығу қиынның қиыны дейді ол.

Сауық Жақанова менің дикторлық мектебімнің ең мықты ұстазы - Әнуарбек Байжанбаев ағамыз дегенді аузынан тастамайды.
-Сол кісінің дауысы, өзін ұстауы, хабарды жеткізуі өте ерекше болатын. Әнуарбек Байжанбаев сынды өз ісінің шеберімен жұмыс істеймін деп ойламаған мен үшін, ең алғашқы жазылған хабарым мәңгі есімде жатталып қалды дейді Сауық Жақанова:

- Мен Әнуарбек ағамен алғаш бірге хабар жазуға келдім. Бірақ қорқып отырмын, ал қорықсаң даусыңнан бәрі білініп тұрады. Сол сәтте Әнекең жазылуды (запись) тоқтатты да, маған қарап, «Сен диктор болуға келдің бе?» деп сұрады мен "иә" дедім. «Ондай болса, қорқу дегенді қой, сабырлы бол! Бұдан былай қорықпайтын болсаң ғана мен сенімен бірге оқимын, егер олай болмаса сенімен бірге ешқашан хабар оқымаймын!» деді. Сол сәттен бастап, қорқыныш дегенге мән бермейтін болдым, ол кісінің бір ауыз сөзі жігерімді жанып жібергендей болды дейді Сауық Жақанова.

Қазақ радиосы Сауық Жақанованың өмірінде ерекше орын алады. Дикторлық кәсібін басқа ешнәрсеге айырбастамайтын Сауық апайдың микрофон алдындағы өзіндік өмірі қиындық пен қызыққа толы. Сондай қызықтың бірін апайдың өз аузынан естісек.

- Біз отбасында 12 бала едік, қазір 11-іміз қалдық. Радиода жұмыс істеп жүрген кезім, бірде кенже інім әскерден келе жатыр деген хабар жетті. Ал ауылда анам жалғыз еді. Сол анамды қуантайын деп, қуанышым қойныма сыймай кетті. Телеграмма салсам ұзаққа созылып болып кете ме дедім. Сөйтіп, музыкалық хабарлардың бірін жүргізіп отырдым да «Қарағанды облысы Шет ауданына қарайтын Еркіндік ауылындағы Зира Мақанқызына ұлы Ерболат өзінің Отан алдындағы борышын өтеп келе жатқандығын хабарлаймыз» деп музыкалық сәлемдеме жолдап жібердім. Сөйтсем, оны менің анам емес көршілер естіп, анамнан сүйінші сұраған екен, – дейді риясыз күлген ол, сол сәтте сөзінің діттеген жеріне жеткеніне риза болып.

Осылайша қызығы мен шыжығы мол дикторлық қызметпен қатар Сауық Жақанова Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында студенттерге дикторлық шеберліктен дәріс оқиды.

Сөз соңында Сауық апай кез келген істің маңыздылығы бар, ал ол кәсіптің білікті маманы болу - одан да маңызды дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG