Accessibility links

Экологтар итбалықтар өлімін тексеруге шақырады


Каспий жағасына шығып қалған өлі итбалықтар. Баутино кенті, Түпқараған ауданы, Маңғыстау облысы. 27 сәуір 2013 жыл. Суретті түсірген Азаттық оқырманы Асқар Айдарбай
Каспий жағасына шығып қалған өлі итбалықтар. Баутино кенті, Түпқараған ауданы, Маңғыстау облысы. 27 сәуір 2013 жыл. Суретті түсірген Азаттық оқырманы Асқар Айдарбай

Азаттықтың оқырманы Каспий жағасындағы өлі итбалықтардың суретін жіберген соң тілшіміз оқиға орнына барып, тұрғындар мен мамандардың пікірін біліп қайтты.

Азаттық оқырманы жолдаған суреттерге сүйенсек, алты өлі итбалық сәуірдің соңында Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарасты Баутино кентінің маңындағы Каспий жағалауынан табылған.

«ӨЛЕКСЕНІ ДЕРЕУ ЖИНАП ӘКЕТЕДІ»

Сол ауданға арнайы барған Азаттық тілшісімен әңгімелескен жергілікті тұрғындардың айтуынша, итбалықтың қырылуы бұл аймақ үшін үйреншікті жайтқа айналған.

Тілшімен әңгімелескен жергілікті тұрғындар кезінде итбалықтардың жағада адамдармен араласа, топ болып жүзіп жүретінін, ал қазір олардың ара-тұра қайраңға шығып қалған өлі денелерін қаңғыған ит жеп жататынын айтып қынжылды.

Азаттық тілшісі Каспий теңізінің сол маңдағы жағалауын сүзіп біраз жүргенімен өліп жатқан итбалықтар көзге шалынбады. Оның себебін тілшіге Баутино тұрғыны, ардагер теңізші Бақытжан Досанов былай түсіндірді:

– Өлекселерді бірден жинап алып кетеді. Итбалықтар өлігін барынша жасырын ұстау – осындағы мұнай компанияларының басты тәсілі.
Солдан оңға қарай Баутино ауылы тұрғындары: Доғдырбай Ермекбаев, Бақытжан Досанов, Жақсылық Даулетбаев. Баутино поселкесі, Маңғыстау облысы, 3 мамыр 2013 жыл.
Солдан оңға қарай Баутино ауылы тұрғындары: Доғдырбай Ермекбаев, Бақытжан Досанов, Жақсылық Даулетбаев. Баутино поселкесі, Маңғыстау облысы, 3 мамыр 2013 жыл.

64 жастағы Бақытжан Досановты ауылдастары «Теңіз қасқыры» деп атайды екен. Ол 27 жыл капитан болғанын, өмірінің теңізде өткенін айтады. 1996 жылдары ыдырап, жекешеленіп кеткен «Маңғыстау балық мұздату порты» мекемесінде ұзақ уақыт еңбек еткен Бақытжан Досанов теңіз экологиясы өзі қызмет еткен жылдары жақсырақ болды деп есептейді.

Қарт теңізші Азаттық тілшісін оқырман жіберген суреттер түсірілуі мүмкін деген жағалау орнына алып барды.

– Бұл – «Аджип ККО» компаниясы қоршауының ішкі тұсы, – деді Бақытжан Досанов.

«Аджип ККО» компаниясының қоршалған территориясында шаруашылық объектілері мен қоймалар орналасқан болып шықты.

Бақытжан Досановтың ойынша, итбалықтар өліміне теңіздегі жасанды аралды соғу үшін тонналап тасылған әк себеп болуы мүмкін.

– Не шықса, сол мұнай ұңғымасы жақтан шығады. Итбалықтардың көзінің ағарып көрмей қалғанын көргендер бар, – деді ол.

Ауылдағы басқа теңізшілер де бұдан 15 шақты жыл бұрын итбалықтардың бұлайша жаппай қырылған кезі болмағанын айтады. Олардың пікірінше, су хайуандарына теңіздегі мұнай өндіру жұмысы үшін пайдаланылатын мұзжарғыш кемелердің де кесірі тиген.

«АУДЫҢ ІЗІ БАР»

Италиялық «Аджип ККО» компаниясы құрамына кіретін Қашаған кенішін игеруші халықаралық НКОК консорциумы Каспий теңізіндегі жыл сайын қайталанып келе жатқан итбалықтар өліміне қатысты Азаттық тілшісінің сауалына тек бір айдан соң жауап берді.

НКОК-тың сыртқы байланыстар жөніндегі менеджері Ханс Венктің жазбаша жауабы бойынша Каспий итбалықтары қатарының сиреуін компания әрекетінен емес «адами факторлар немесе түрлі табиғи-техногендік әсерлерден» іздеу керек.

«Жарияланған суреттерге жасалған талдаулар өлген итбалықтардан ау іздерін көрсетті. Ау тіпті кей суреттерде анық бейнеленген» деп жазады Ханс Венк Азаттық тілшісіне жолдаған жауабында.
Каспий жағасына шығып қалған өлі итбалықтар. Баутино кенті, Түпқараған ауданы, Маңғыстау облысы. 27 сәуір 2013 жыл. Суретті түсірген Асқар Айдарбай.
Каспий жағасына шығып қалған өлі итбалықтар. Баутино кенті, Түпқараған ауданы, Маңғыстау облысы. 27 сәуір 2013 жыл. Суретті түсірген Асқар Айдарбай.

Оның айтуынша, теңіздегі кемелер қозғалысының итбалықтарға тигізетін әсері айтарлықтай емес. «Итбалықтар күшіктейтін кезеңге қатысты аэрофотолар түсіру, зерттеулер жүргізу, олардың күшіктері кеме жолында кездессе, бағытты өзгерту, итбалықтар алдынан шықса, баржалар мен кемелердің жүрісін баяулату тәрізді шаралар қарастырылған» деп жазады НКОК өкілі.

Ханс Венктің мәліметі бойынша НКОК мұзжарғыштардың итбалықтарға тигізетін әсерін 2005 жылдан бері бақылап отыр. Консорциум өкілінің жазуынша, компанияның заманауи технологияларды пайдалана отырып қалдық суларды тазартуға мүмкіндігі бар. Бірақ Қазақстан заңдары оны теңізге кері төгуге рұқсат етпейді. Сондықтан НКОК компаниясы мұзжарғыштарды пайдалануға мәжбүр.

«КӨМ ДЕСЕ, КӨМЕМІЗ»

«Эко Маңғыстау» қоғамдық бірлестігі директоры Кирилл Осин итбалықтар жаппай қырылса да, әлі күнге дейін оның нақты себебі айтылған жоқ деп санайды.

Экологтың пікірінше, итбалықтар өліміне теңіздегі кеме қозғалысының әсері болуы мүмкін.

– Мәселен, Ақтау портында жылына 1200 кеме қызмет көрсетеді. Бұдан соң теңізде не болатынын өзіңіз елестете беріңіз. Сондықтан бүгінде Каспий теңізінің флорасы мен фаунасын зертейтін арнайы ғылыми институт құратын кез келді, – дейді Кирилл Осин.

Балық шаруашылығын зерттеу бойынша қазақ ғылыми зерттеу институты Атырау филиалының ихтиологы Елена Бокова Азаттық тілшісіне 2007 жылы итбалықтардың жаппай қырылғанын көзімен көргенін айтты.

Каспий итбалықтарының өлімі

Каспийдегі итбалықтардың өлімі



– Бірнеше итбалықтың өлексесін қарадым. Олардың, не себепті екені белгісіз, терілері сыпырылып түсіп жатты. Мені қатты таң қалдырғаны – олардың шақырая ашылып жатқан қан қызыл көздері болды. Шамасы, көздеріне қан құйылған тәрізді, – деп тұспалдайды ол.

Бірақ ихтиолог ғалым ол жолы да итбалықтар өлімінің себебіне қатысты нақты қорытынды жасалмағанын айтты. Себебі өлекселерді күн ыстықта арнайы жабдықпен тасымалдап әкете алмаған.

Маңғыстау облыстық экология департаментінен итбалықтар өліміне қатысты жауап алу мүмкін болмады. Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Орынбасар Тоқжанов итбалықтарға бақылау жасау «өз міндетіне жатпайтынын» айтты.

– Біз тек атқарушы, орындаушы органбыз. Бізге өлексені көм десе көмеміз, өрте десе өртейміз. Оның үстіне мен теңіздің жағасында емес, қалада отырамын. Өлген итбалықтарды көргенім жоқ. Ал бірді-екілі өлген итбалықтар «погода» жасамайды, – деді ол.
Каспий теңізінің флорасы мен фаунасын зертейтін арнайы ғылыми институт құратын кез келді.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілі де Каспий итбалықтарының қырылуын «әдеттегі жағдай» ретінде қабылдайды. Мемлекеттік зертханалық-сараптамалық бақылау бастығы Жанетта Нұрдәулетованың Азаттық тілшісіне айтуынша, Каспий теңізінің қазақстандық айлағындағы итбалықтар мен қызыл балықтардың қырылуы маусымдық проблеманың бірі. Жыл сайын сәуір-мамыр айында Солтүстік Каспийдегі Құлалы, Кіші Жемчужина аралдары мен Баутино кенті маңында оба сияқты аурудан өлетін итбалықтардың өлексесі шығып қалып жатады. Оның сөзінше, «2007 жылы құрылған мекемеаралық бірлескен тексеру тобы итбалықтардың қырылуына мұнай өнімдері мен теңіздегі шаруашылық жұмыстардың қатысы жоқтығын анықтаған».

Маңғыстау облыстық табиғат қорғау прокуроры Омар Сүтбаев биыл табылған алты итбалықтың өлімі де «назар аударатын жайт емес» деп санайды.

- Ауа мен суға жасалған сараптама еш зиянды қалдықтардың жоқтығын анықтады. Ал итбалықтардың тінін төтенше жағдай департаменті зерттеуге алған еді, әлі қорытындысы шыққан жоқ, - деп хабарлады прокурор.

КӨҢІЛСІЗ СТАТИСТИКА

Каспий теңізінде итбалықтардың қырылуы туралы хабар соңғы оншақты жылдан бері тұрақты түрде жарияланып келеді.

Жергілікті ақпарат құралдары 2000 жылы 12 мың итбалықтың қырылғанын жазған еді. Кейін 2007 жылы мыңға жуық, одан кейінгі әр жылдары жүздеген итбалықтың өлгені хабарланған.
Баутинодағы ескі кемелерден секіріп суға түсіп жүрген ауыл балалары. Баутино поселкесі, Маңғыстау облысы, 3 мамыр 2013 жыл.
Баутинодағы ескі кемелерден секіріп суға түсіп жүрген ауыл балалары. Баутино поселкесі, Маңғыстау облысы, 3 мамыр 2013 жыл.

Бірақ әлі күнге дейін итбалықтардың нақты қырылу себептері анық айтылған жоқ. 2012 жылы маусымда Ақтау қаласында өткен халықаралық семинарда ғалымдар Каспийдегі итбалықтар санының 100 мыңға жетпейтінін айтып дабыл қақты. Кейбір ғалымдар «итбалықтардың жапай қырылуының басты себебі – мұзжарғыш кемелер» дейді.

Соңғы рет 2012 жылы тағы да Каспий жағалауынан 35 өлі итбалық табылған. Жасалған сараптама итбалықтардың уланып қырылғанын көрсеткен еді. Ал Маңғыстау облыстық табиғат қорғау прокуратурасы кемелер жүрісіне рұқсат берілгенде жануарлардың жүзу маршруттары мен көбеюі кезеңі ескерілмегенін айтқан еді.
XS
SM
MD
LG