Accessibility links

Жүздеген баланың туу куәлігі жоқ


Анна Гайдукованың мектеп жасындағы балалары сабақ қарап отыр. Шымкент, 1 тамыз 2017 жыл.
Анна Гайдукованың мектеп жасындағы балалары сабақ қарап отыр. Шымкент, 1 тамыз 2017 жыл.

Балаларының туу туралы куәлігі жоқ ата-аналар әлеуметтік жағдайларының нашарлығынан тиісті құжатты ала алмағандарын айтады. Мамандар мұны «немқұрайдылық» деп санайды.

Шымкенттегі Қайнарбұлақ шағын ауданында төрт баласымен жалдамалы пәтерде тұратын 37 жастағы Анна Гайдукова «өзінің жеке куәлігі болмағасын балаларына туу туралы куәлік алмағанын» айтады. 16 жасқа толған кезінде туу туралы куәлігін жоғалтып алған Анна жеке куәгілін әлі күнге рәсімдемеген. Үлкен қызы – 20 жаста, кенже ұлы – 7 жаста.

«АНЫҚТАМА ЖИНАУҒА АҚША ЖОҚ»

- Үлкен қызым - мүгедек. Өзім жұмыссызбын. Күйеуім мен ұлым жалданып қара жұмыс істейді. Көріп тұрсыз, тұрмысымыз нашар. Қолымызда құжат жоқ. Туу туралы куәлік алу үшін бірнеше анықтама керек екен. Оны жинауға ақша жоқ. Құжаттарымыз болмаған соң мемлекеттен берілетін бірде-бір әлеуметтік көмекті де, мүгедектігіне байланысты жәрдемақы да ала алмаймыз, - дейді Анна Гайдукова.

37 жастағы келіншек үлкен қызының бір жыл бойы төсек тартып жатқанын, дәрігерлердің «инсульт» деп диагноз қойғанын айтады. Анна Гайдукова балаларымен жалдамалы пәтерде тұрып жатқан Қайнарбұлақ саяжайы құрамына кіретін Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімдігі Азатыққа тіркеу мен әлеуметтік көмектерді қалалық мемлекеттік мекемелер жүргізетінін ескертті. Анна Гайдукова туу туралы және жеке куәлігі болмағандықтан өзі және балалары ешқайда тіркеуде емес екенін айтады. Қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі әуелі балалардың туу туралы куәлігін рәсімдеу, тіркеу керектігін, әйтпегенде қаладан қандай да бір мемлекеттік әлеуметтік көмек берілмейтінін хабарлады.

Қайнарбұлақ шағын ауданының тұрғыны Анна Гайдукова. Шымкент, 1 тамыз, 2017 жыл.
Қайнарбұлақ шағын ауданының тұрғыны Анна Гайдукова. Шымкент, 1 тамыз, 2017 жыл.

Перзентінің туу туралы куәлігін рәсімдемей жүрген және бір ана – 44 жастағы көпбалалы Айнұр Құрманова (аты-жөні өзгертілді – ред.) Ол 15 жастағы қызының туу туралы куәлігін әлі алмаған. Айнұрдың сөзінше, қызын үйде босанған. Перзентханадан анықтама болмағандықтан қызының туу туралы куәлігін ала алмаған.

- Өте қиын кез еді. Қызымды үйде туғаннан кейін жарты жылдай ешқайда шықпадым. Кейіннен туу туралы куәлігін алайын десем, бермеді. Жақында сотта өз қызым екенін дәлелдедім. Шешім шықты. Енді қалған керекті құжаттарды жинап, қызымның туу туралы куәлігін аламыз, - дейді Айнұр Құрманова.

«НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ ТАНЫТАДЫ»

Балаларының туу туралы құжаттары жоқ ата-аналарға құқықтық көмек берумен айналысатын Шымкенттегі «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігінің өкілі Шахноза Хасанованың Азаттыққа айтуынша, балалардың туу туралы куәлігінің жоқтығы көбіне мектепке келгенде анықталады.

- Үйінде туған, не ата-анасының жеке құжаттары болмағасын перзентханадан анықтамамен шыққан балалардың туу туралы куәлігі жоқ болады. Перзентхана берген анықтаманың пайдалану мерзімі - бір ай. Бұл уақыт аралығында баланың туу туралы куәлігін рәсімдеп үлгермегендер кейіннен оны рәсімдеуге асықпайды. Кейде ата-анасының бірі шетел азаматы болса, не ата-анасының құжаттары жоқ болса, баланың туу туралы куәлігін алуға кедергі етеді. Куәлігі жоқ балалардың арасында Қазақстанда тұратын шетел азаматтары да бар, - дейді ол.

Шахноза Хасанова туу туралы куәлігін алу үшін керек құжаттарды жинауға уақыт көп кететінін айтады. Егер баланың ата-анасы Қазақстанның азаматы болып, құжаттарын жоғалтқан не ескі куәлікпен жүрген болса, тиісті мекемелерден сұраныс хат жолданады. Егер ата-анасының бірі шет ел азаматы болса, куәлік Қазақстандағы елшілік арқылы жасалады. Бала перзентханада емес, үйде туып, анықтама болмаса, құжат беру тек сот арқылы шешіледі.

- Бұл өте қиын мәселе. Көп уақытты талап етеді. Кейде ата-аналардың өзі анықтаманы күткісі келмейді, немқұрайдылық танытады, - дейді Хасанова.

Анна Гайдукованың балаларының туу туралы куәлігін алу үшін жинаған құжаттары.
Анна Гайдукованың балаларының туу туралы куәлігін алу үшін жинаған құжаттары.

«Сана-сезім» бірлестігіне 2016 жылы туу туралы куәлігін рәсімдеуге 108 адам көмек сұрап, олардың 49-ы туу туралы куәлігін алған. 2017 жылы 56 адамнан осындай өтініш түсіп, қазірге дейін олардың 19-ы құжатты болған. Балаларына құжатты кешігіп сұраушылардың көбі тұрақты мекен-жайы жоқ, әлеуметтік жағдайы нашар, экономикалық қиындыққа тап болған отбасылар.

Туу туралы куәлігін алмаған, не жоғалтып қайта тіркете алмай жүрген балалар туралы мәліметтерді ешбір мемлекеттік органнан алу мүмкін болмады. Азаттық туу туралы куәлігі жоқ балалар туралы облыстық ішкі істер департаментіне, облыстық прокуратураға арнайы хат жолдады. Ішкі істер департаменті «туу туралы куәліктерді беру және жою, оларды есепке алу жұмыстары департаменттің құзырына жатпайтынын» айтты. Бұған дейін туу туралы куәлігі жоқ балаларға көмек бергенін хабарлаған прокуратура облыстық білім беру департаментіне жауап беруін сұрап хат жіберді.

КУӘЛІК АЛУДЫҢ ТӘРТІБІ

Балалардың туу туралы куәлігін тіркеумен айналысатын облыстық әділет департаментінің бас маманы Лариса Өмірбекованың Азаттыққа айтуынша, департамент баласының туу туралы куәлігін рәсімдеуге келгендермен ғана жұмыс істейді. Заңға сәйкес туу туралы куәлік алу үшін ата-ана перзентханадан алған туу туралы медициналық дәрігерлік анықтаманы, жеке куәліктері мен неке қию туралы куәлігін халыққа қызмет көрсету орталығына көрсету керек, я электронды түрде АХАЖ бөлімінде тіркетуі тиіс.

- 2017 жылдың алты айында ОҚО-да 1132 туу сот шешімімен тіркелген. Яғни, осыншама жас баланың перзентханада туғаны туралы анықтамасы болмаған. Үйде туғандар немесе оралмандар тууды сот арқылы тіркеп, туу туралы куәлік алған. 10 мыңға жуық балаға қайталама куәлік берілген. Олардың ішінде куәлігі жоғалғандармен бірге туу туралы куәлігіндегі мәліметтер өзгергендері де бар, - дейді бас маман.

Лариса Өмірбекова жоғалған куәліктерді қайта рәсімдеуге көп уақыт кетпейтінін айтады. Ол үшін ата-анасының жеке куәлігі мен мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртек пен арнайы өтініш толтырылады.

- Ата-анасының жеке куәліктері жоқ балаларды тіркеу қиындау. Ата-анасының жеке сәйкестендіру нөмірі болмаса, базаға баласын да тіркей алмаймыз, - дейді ол.

Өзінің де құжаттары болмағандықтан, балаларын тіркете алмай жүрген Анна Гайдукова 20 жастағы мүгедек қызының жанында тұр. Шымкент, 1 тамыз 2017 жыл.
Өзінің де құжаттары болмағандықтан, балаларын тіркете алмай жүрген Анна Гайдукова 20 жастағы мүгедек қызының жанында тұр. Шымкент, 1 тамыз 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі туу туралы куәлігі жоқ балалар аудандарда жоқ екенін, ал Шымкент қаласында қанша оқушы бала бар екенін нақты айта алмады. Баспасөз қызметі «туу туралы куәлігі жоқ балалар заң бойынша орта білім алуға құқылы болғандықтан6 мектепке қабылданатынын» хабарлады.

XS
SM
MD
LG