Accessibility links

Кәсіпкер әйелдер қолдауға зәру


Базарда жүрген әйелдер. (Көрнекі сурет)
Базарда жүрген әйелдер. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер өнімдерін өткізуде қиналатын айтады. Жергілікті биліктің сөзінше, олар үлкен жобалардан тайсақтайды.

Шымкенттік кәсіпкер Ғалия Исабекова он шақты жылда әр түрлі кәсіппен айналысқан. Балалар дәмханасын ашқанымен ісі жүрмеген, тігін цехын ашқанымен өнімін өткізе алмаған. Ол үш жыл бұрын қойдың жүнінен әртүрлі бұйым жасап, сата бастаған.

– Ол кезде мемлекеттен көмек жоқ еді. Не істеуге болатынын ойлап, жүннен бұйым жасау кәсібімен айналысу жобасын жасап, 3 миллион теңге грант жеңіп алдым. Осыдан бастап құрала бастадым, – дейді кәсіпкер.

Бас киімнен бастап аяқ киімге дейінгі сапалы әрі табиғи кез келген бұйымды жасайтын кәсіпкер алғашқы кезде жүнді Қытайдан, Түркиядан алдыртқан, бірақ жол шығыны қосылатындықтан шикізат қымбатқа түскен.

Қазір өзіміздікін пайдаланамыз. Қойдың жүні көп. Тіпті құнсыз, босқа далада жатыр.

– Қазір өзіміздікін пайдаланамыз. Қойдың жүні көп. Тіпті құнсыз, босқа далада жатыр. Кейбір шаруалар өртеп жатады. Өйткені оны ешкім сатып алмайды, – дейді шағын кәсіпорнында бес адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер.

Бірақ Ғалия Исабекова қанша сапалы болса да тауарларын өткізу қиын екенін айтады. Ол мұны «көпшілік жүннің не екенін түсінбейді, ата-бабаларымыздың киіз илеп, текемет басқаны ұмытыла бастаған» деп түсіндіреді.

Ғалия Исабекова кәсіпкерлікпен айналысқысы келген әйелдерге күш-жігер мен айқын мақсат керек деп біледі.

«КӘСІПКЕРЛІКТЕ ЖОЛЫ БОЛҒАН ӘЙЕЛДЕР АЗ»

Аймақтағы кәсіпкер әйелдердің біразы көп қиыншылыққа душар болатынын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Гүлмира Боранбаева да растайды. Оның сөзінше, кәсіпкер әйелдердің дені 1990 жылдардағы қиын кезде кәсіптерін базар жағалап, қара жұмыс істеуден бастаған.

– Кәсіпкерлікте жолы болған әйелдер аз. Облыста орта және шағын бизнестің 64 пайызы кәсіпкер әйелдердің қолында болғанымен, олар үлкен жобаларды қолға алуға жасқанады. Қорқыныш басым, – дейді Гүлмира Боранбаева.

Гүлмира Боранбаеваның бұл пікірімен облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің басшысы Алма Арқабаева да келіседі. Оның сөзінше, Шымкенттегі кәсіпкер әйелдердің 30-ға жуығы ғана белгілі болып, аймаққа танылған.

Базарда тұрған саудагер әйел. (Көрнекі сурет)
Базарда тұрған саудагер әйел. (Көрнекі сурет)

– Аудандарда қиындау. Ондағы кәсіпкер әйелдер өз мүмкіндіктерін білмей, бастарын әлі көтере алмай жатыр. Ақпараттық қолдау аз. Әйелдің кәсібімен қоса үй шаруасы тағы бар. Бұл үшін оған жеңілдік қарастырылмаған. Мысалы, көпбалалы немесе жалғызбасты кәсіпкер әйелдерге ешбір жеңілдік жоқ, – дейді Алма Арқабаева.

Оның айтуынша, барлығы дерлік қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін кәсіпкер әйелдер көп қиындық көреді. Мәселен, тігін цехын ашқан кәсіпкер өнімі сапалы болса да тапсырыс беруші таппайды, сүт өндіретін адамның оны тұрақты сатып алатын тұтынушысы жоқ.

– 1990 жылдары дағдарыс болған кезде шеттен сөмкемен тауар тасығандардың көбі әйелдер болды. Сол әйелдер әлі күнге осы саудада жүр. Оларға да көмек беру жағын қарастыру керек, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Арқабаева.

Оңтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлікпен айналысатын 75 мыңға жуық әйел бар. Облыстық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, аймақтағы 35 акционерлік қоғамды, 5 мыңнан аса жауапкершілігі шектеулі серіктестікті, 56 мыңнан аса шағын кәсіпкерлікті, 13 мыңнан аса шаруа қожалығын әйелдер басқарады.

XS
SM
MD
LG