Accessibility links

Жүздеген оқушының мектепке қатынауы азапқа айналды


Самал-3 шағын ауданынан Ақжайық шағын ауданындағы №88 жалпы орта мектепке баратын оқушылар жолсыз сайдан өтуге мәжбүр. Шымкент, 21 қаңтар 2016 жыл.
Самал-3 шағын ауданынан Ақжайық шағын ауданындағы №88 жалпы орта мектепке баратын оқушылар жолсыз сайдан өтуге мәжбүр. Шымкент, 21 қаңтар 2016 жыл.

Шымкенттегі 10 мектептің 1713 оқушысы сабаққа жаяу барып, қиналып жүр. Білім бөлімі жыл басында оқушыларға бөлінген арнайы көліктердің тоқтатылуына прокуратура анықтаған кемшіліктер себеп болғанын айтады.

Шымкенттегі Самал-3 шағын ауданының тұрғыны Қали Амантаевтың баласы Ақжайық шағын ауданындағы №88 жалпы орта мектепте оқиды. Ол күнде сабағына шамамен 4-5 километр жерді жаяу жүріп баратын баласының қиналатынын айтады.

- Мектепке барып-қайту өте қиын. Балалардың барлығы терең сайдан, біраяқ соқпақпен жүріп өтеді. Кейбірі үйге қараңғы түскенде қайтады. Қорқамыз. Әсіресе, қыз балаларды мектепке жалғыз жіберу қауіпті. Шам алып, алдарынан шығамыз, - дейді тұрғын Азаттыққа.

№88 жалпы орта мектепке қатынап оқитын оқушылар өтетін сайда қолдан жасалған баспалдақ. Шымкент, 21 қаңтар 2016 жыл.
№88 жалпы орта мектепке қатынап оқитын оқушылар өтетін сайда қолдан жасалған баспалдақ. Шымкент, 21 қаңтар 2016 жыл.

Қали Амантаевтың пікірінше, «қараңғы түскенде балалар өтетін сайдан әкімдік қызметкерлерін өткізіп көру керек».

- Жаңбыр, қар жауғанда балалар жүре алмай қалады. Ондай күні сабаққа жібермей қоямыз. Енді қайтеміз, басқа амалымыз жоқ, - дейді ол.

Азаттық тілшісі де Ақжайық шағын ауданында орналасқан №88 жалпы орта мектептен Самал-3 шағын ауданына «оқушылар соқпағымен» барып көрді. Мектептен шыққаннан шамамен 300 метрдей асфальт бар, одан кейін қара батпақ басталады. Жарты киломтерден соң кезігетін көлденең асфальт жолда көліктер жүйткіп жатыр. Бір жақсысы жаяу жүргіншілер өтетін арнайы жолақ бар. Мұнан ары алдыңыздан үлкен сай шығады. Оның бір шетінде қала қоқысы үйіліп жатыр. Бұл сайдың арғы басына шығудың өзі шамамен екі-үш километр жол. Соқпақпен сайға түсіп келе жатқан адамның бойында үрей пайда болады. Өйткені, сай ішінен қырдағы тұрғын үйлер көрінбейді. Жоғарыға шығу үшін тұрғындар жерді ойып, қолдан баспалдақ жасаған. Мектеп пен шағын ауданның арасындағы жолды жүріп өту үшін Азаттық тілшісіне бір сағаттан аса уақыт кетті.

ВИДЕО: Тұрғындар шағымы:

Оқушылардың мектепке қатынау машақаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:06 0:00

Оқушы балалардың жол азабын тартып отырғанынан №88 мектеп әкімшілігі хабардар. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мақпал Дауылбаеваның айтуынша, «мектепте оқитын 2 200 баланың 510-ы арнайы тегін жүргізілетін қоғамдық көлікке зәру».

- Біздегі негізгі мәселе – мектепке дейін қалалық қоғамдық көліктердің жүрмеуі. Балалардың сабаққа қиналып жететініне жанымыз ауырады. Бірақ ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір әкімдік шығарған арнайы тегін қоғамдық көліктерді жүргізу қаулысы заңды ма, жоқ па деген мәселе тексеріліп жатыр, -дейді ол.

Ақжайық шағын ауданындағы №88 жалпы орта мектеп. Шымкент, 21 қаңтар 2016 жыл.
Ақжайық шағын ауданындағы №88 жалпы орта мектеп. Шымкент, 21 қаңтар 2016 жыл.

Мақпал Дауылбаеваның айтуынша, «Балалардың мектепке қиналып келуі олардың сабақ үлгеріміне зиянын тигізбейді».

- Қоғамдық көлік тоқтаған соң біздегі 150-ге жуық бала басқа мектептерге ауысып кетті. Егер шеттегі елді мекендерге қалалық қоғамдық көлік жүрсе, балаларды арнайы тасудың да қажеті болмайтын еді, - дейді ол.

Ал Шымкент қалалық білім бөлімінің мамандары арнайы көлікпен тасымалданып келген мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарының және мұғалімдерінің өтініш-уәждерімен таныс екенін айтады. Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Дәулетхан Нәлібаев:

- Қазір қаладағы 127 мектептің ішіндегі 10 мектептің 1713 оқушысы арнайы тегін көлік тасымалына мұқтаж. Бұл мәселенің туындауының негізгі себебі - Шымкент қаласы аумағының ұлғайып, жақын маңдағы елдімекендердің қала құрамына кіруі, - дейді.

Шымкент қалалық білім бөлімі бас маманы Дәулетхан Нәлібаев. Шымкент, 22 қаңтар 2016 жыл.
Шымкент қалалық білім бөлімі бас маманы Дәулетхан Нәлібаев. Шымкент, 22 қаңтар 2016 жыл.

Бас маманның сөзіне қарағанда, қала шекарасы кеңігеннен кейін Шымкент қаласы әкімі 2015 жылы қарашаның 4-і күні қала аумағына кірген шеттегі елді мекендер оқушыларын мектептерге тасымалдау схемалары мен тәртібін бекіту туралы қаулы шығарған. Бірақ қаңтар айында Шымкенттің Әл-Фараби ауданы прокуратурасынан қарсылық түсіп, мектеп көліктері тоқтатылған.

- Онда Шымкент әкімі қаулысында кемшіліктер бар екені көрсетілген. Мысалы, қоғамдық көліктің жүргізушісіне қойылған ереже заңға сай келмейтіні, жолдар схемасы, көше аттары, бағдаршамдар көрсетілмегені айтылған. Осы кемшіліктермен жұмыс істеп жатырмыз. Олар жөнделген соң, оқушыларды тасымалдау қайта ұйымдастырылады, -дейді Нәлібаев.

Мектепке бару қиын екенін айтқан Самал-3 шағын ауданы оқушыларының бірі Зарина Туғанбек. Шымкент, 21 қаңтар 2016 жыл.
Мектепке бару қиын екенін айтқан Самал-3 шағын ауданы оқушыларының бірі Зарина Туғанбек. Шымкент, 21 қаңтар 2016 жыл.

Азаттық тілшісіне қала әкімімен хабарласу мүмкін болмады. Ал Дәулетхан Нәлібаевтың айтуынша, «тасымал мәселесін шешу үшін қалалық қоғамдық көліктер жүргізу жайы да қарастырылып жатыр». Бірақ ол оқушылардың арнайы көліктері қашан қайта жүре бастайтынын айта алмады.

2015 жылдың көктемінде Шымкент қаласына маңайындағы 40 шақты шағын елді мекендердің қосылып, қала шекарасы кеңейгені хабарланған еді.

XS
SM
MD
LG