Accessibility links

Өзгелерге медеу болған дағдарыс орталығы өзі де "аяғынан тұрды"


Теміртаудағы дағдарыс орталығында тұрып жатқан аналардың балаларын ойнатып отырған күтуші әйел.

Теміртауда қиын жағдайға тап болған балалы әйелдерге арналған дағдарыс орталығы кеңейіп келеді. Бірақ паналау орны демеуші көмегіне әлі де зәру.

Теміртау қаласының жер үйлер орналасқан бөлігінде Жапония елшілігі грантқа бөлген қаржыға салынған «Менің үйім» қоғамдық ұйымының дағдарыс орталығы төрт жылда 200-ден астам балалы әйелді қабылдаған. Былтыр орталық қаржысыз қалған, бірақ қызметкерлері «орталық көмегіне жүгінген әйелдерді көмексіз қалдырмадық, оларға баспана беріп, тіркеуге тұрғыздық, әлеуметтік көмек алуға септесіп, кей кәсіпті үйретуді ұйымдастырдық» дейді.

Қиын жағдайға тап болған әйелдердің көбі кейін «жұрт қатарына ілігіп» кеткен, жаңа отбасын құрған немесе туыстарына қайта қосылған. Кейбірі орталыққа қайта оралады.

«АЯҒЫНАН ТҰРУ ҮШІН»

33 жастағы Валентина Суглобова бес жасар қызы екеуі дағдарыс орталығының көмегіне екінші мәрте жүгінген. Екеуі мұнда ақпан айынан бері тұрып жатыр. Әйелдің сөзінше, «өздігінен күн көру» үшін тағы уақытша баспана сұрамасқа шарасы қалмаған.

Валентина – екінші топ мүгедегі, асқынған тұмаудың кесірінен аяқтары жансызданып қалатын болған, жуырда бір көзі мүлде көрмей қалған. Мүгедектігі үшін 37 мың теңге жәрдемақы алады. Валентинаның баспана кезегінде тұрғанына 7 жыл болған.

Ол қызы екеуі күйзелістен есін жиып, Валентинаның денсаулығы түзелгенше орталықта былтыр да тұрған. Кішкентай баласымен барар жері жоқ болған келіншекке орталықта заң, материалдық және психологиялық көмек көрсеткен, ең бастысы, баспана берген. Кейін оған жұмыс тауып беріп, қызын балабақшаға орналастыруға көмектескен. Валентина баспана жалға алып тұрған, бірақ кейінірек дағдарыс орталығына оралуына тура келген.

- Қатты суық түскенше жұмыс істеп, қызымды балабақшаға апарып, әкелуге шамам келіп жүрді. Бірақ аяз басталған кезде аяқтарым қақсап, бастырмайды, орнымнан тұрып, жүріп кетуге бірнеше сағат керек, тіпті аяқ киім киюдің өзі мұң болып кетеді. Ақыры жұмысты да, балабақшаны да тастауға тура келді, аяқтарым шыдатпай ауырады. Көктемде де жұмыс істегенмін, бірақ жағдайым тағы нашарлай бастаған соң жұмысты тастауға тура келді. Мына кісілер паналатпаса, не істер едім, білмеймін. Енді көзіме операция жасатуым керек, қазір соған квота алу үшін құжаттарымды өткізіп әрі қызымды ауруханаға қаратып жүрмін - оның асқазаны ауырады. Сосын тағы жұмыс, баспана іздеймін, қызымды «дайындық» сыныбына жаздырамын. Әзірше осы жерде тұрып жатырмын, қуа қоймас деп үміттенемін, - дейді Валентина Суглобова Азаттыққа.

«ДАЛАҒА ТАСТАМАЙТЫН ОРЫН»

Паналау орнының өзге тұрғындары «осындай орталықтардың арқасында өмір сүріп келеміз» дейді. Мұнда олардың денсаулығын түзеуіне көмектеседі, тістерін емдетіп, дәрі-дәрмек сатып әпереді. Әйелдер дағдарыс орталығы оларды да, балаларын да тіркеуге тұрғызғанына қуанады. Дағдарыс орталығы директоры Елена Билоконьның 14 жастағы қызы Анастасия Билоконь сабақтан кейін әлеуметтік бала күтуші ретінде паналау орнында тұрып жатқан әйелдердің кішкентай балаларына қарауға көмектеседі.

Орталыққа екі айлық сәбиімен келген ауылдық жас қыздың тағдыры сәтті аяқталған – оның алыс ағайындары табылып, қайда тұрып жатқанын естігеннен кейін оны алып кеткен. Жас баласы бар келіншекті жергілікті тұрғын әйел вокзалда көріп, орталыққа ертіп келген. Ол кезде паналау орнында бос орын болмапты. Қысылып-қымтырылуға тура келген.

Теміртауда әйелдерге арналған дағдарыс орталығын ашқан "Менің үйім" қоғамдық ұйымының төрайымы Ирина Жданова.
Теміртауда әйелдерге арналған дағдарыс орталығын ашқан "Менің үйім" қоғамдық ұйымының төрайымы Ирина Жданова.

- Жоғары білімі бар, өзі көрікті, ибалы, ағылшын тілін білетін әлгі жас келіншек тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбанына айналған қыз болып шықты - баласының әкесі мен қайыненесі кемсітіп, күн көрсетпепті. Ал туған шешесі «күйеуіңнің үйіне қайт, шыда»деп үйіне кіргізбей қойыпты. Не істерін білмей жүдеп-жадап жүрген кезі екен, - дейді «Менің үйім» қоғамдық ұйымы төрайымы Ирина Жданова Азаттыққа.

Дағдарыс орталығы қызметкерлерінің сөзінше, келіншек күйеуінің үйіне оралудан қорыққан. Алыс туысы оның паналау орнынан алып кетуге әрең көндірген.

ЖАҒДАЙДЫ ТҮЗЕУГЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨМЕКТЕСКЕН

Дағдарыс орталығы 12 адам қабылдай алады, бірақ мүлде шарасыз күйдегі балалы келіншек келсе, сығылысуға тура келеді. Қазір ол жерде үш әйел мен төрт кішкентай бала тұрып жатыр.

Уақытша паналау орнында бірнеше тұрғын бөлме, ортақ ас бөлмесі, әжетханасы бірге жуынатын бөлме, қонақ бөлмесі бар. Паналау орны территориясында дағдарыс орталығы балалары ғана емес, іргедегі жатақханада тұратын балалар да келіп ойнайтын ойын алаңы бар.

Қайырымды тұрғындар дағдарыс орталығына азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, ыдыс-аяқ, төсек-орын, гигиена құралдары мен дәрі-дәрмек әкеліп береді. Паналау орны тұрғындары «балаларымыздың да, өзіміздің де тамағымыз тоқ, түнемелік орнымыз, қажет заттарымыз бар» дейді. Әйелдер тамақты өздері пісіріп, бөлмелерді өздері жинап, тазалайды. Бұдан бөлек, мұнда оларға заңдық және психологиялық көмекті тегін көрсетеді, құжаттарын жөндетеді, тіркеуге тұрғызады. Мұнда балалар үйі түлектері де, әсіресе кішкентай баласы барлар көмек сұрап келеді.

Дағдарыс орталығындағы әйелдер мен балалар кешкі ас ішіп отыр. Теміртау, 6 мамыр 2017 жыл.
Дағдарыс орталығындағы әйелдер мен балалар кешкі ас ішіп отыр. Теміртау, 6 мамыр 2017 жыл.

- Электр қуатының ақысын төлеуге ақша таппай әрі азық-түліктен тарығып, дәрі-дәрмек болмаған кезде бізге Қазақстандағы елшілер жұбайларының дипломатиялық клубы назар аударып, биыл 900 мың теңге берді. Бұған қоса, жаңа тоңазытқыш пен кір жуғыш машина сатып алдық, кейін жұмыс істеп күнін көрсін деп әйелдерді тігіншілікке үйрету үшін төрт тігін машинасы мен оверлог (бұйымның шетін торлап тігетін машина) сатып алдық. Германия елшілігі бір миллион теңге бөліп, оған екінші қабатын салып алдық. Енді әрлеу жұмыстары қалды, бірер айдан кейін тігін шеберханасын ашатын шығармыз. Ал әзірше шебер осында келіп, әйелдерді үйретіп жүр, - дейді «Менің үйім» ұйымы төрайымы Ирина Жданова Азаттыққа.

Жуырда дағдарыс орталығы Германия елшілігі қызметкерлерінен тағы қайырымдылық көмек алған. Оларға балалар мен ересектерге арналған көптеген заттар, үтіктер, кітаптар әкеліп берген. «Менің үйім» қоғамдық ұйымы мемлекеттік тапсырыс арқылы сегіз миллион 750 мың теңгенің грантын жеңіп алып, сәуірден бері «Балалар қатігездік пен зорлық-зомбылыққа қарсы» жобасын бастаған. Ақшаның бір бөлігі ұйымның есеп-шотына қазірдің өзінде аударылып қойған. Жобаның мақсаты – балалық шақты қатігездік пен зорлық-зомбылықтан қорғау, озбыр әкелермен жұмыс, қиын жағдайға тап болған балалы әйелдерге арналған дағдарыс орталығы жұмысын демеу.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG