Accessibility links

Мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер жеке кәсіппен айналыспақ


Мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер киізден жасаған бұйымдар. Теміртау, 28 мамыр 2018 жыл.

Теміртауда мүмкіндігі шектеулі қолөнершілердің шағын тобы киіз басуды меңгеріп, кәсіп көзіне айналдырып отыр.

МҮГЕДЕК ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ДАМУДЫ ҚАЛАЙДЫ

Теміртауда қолөнер үйренген бірнеше азамат мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық бірлестік құру үшін қажетті құжаттарды жинап жатыр. Олар бірлестік құрып, үкіметтен қолдау аламыз, бәлкім, тіпті қолөнерді дамытуға арналған қоғамдық қорлардың грантын иеленеміз деп үміттенеді. Олардың тобында басқа да мүгедек жандар бар, қазір олардың бірі ауруханада жатыр, енді бірі операцияға дайындалып жүр.

Константин Козлов балаларға киізден басқан бұйымдарды көрсетіп тұр. Теміртау, 28 мамыр 2018 жыл.
Константин Козлов балаларға киізден басқан бұйымдарды көрсетіп тұр. Теміртау, 28 мамыр 2018 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі 52 жастағы Марина Лех пен 53 жастағы Константин Козловтың киіз басуды үйреніп, жаңа кәсіппен айналыса бастағанына бір жылдан асқан. Марина Лехті "өндіріс озаты" деп атайды. Омыртқасына зақым келген әйел қолөнерін дамытуды мақсат етіп, өмірге сеніммен қарайды. Көру қабілеті аса нашар Константин Козлов сипалап жүріп бағдар табады.

- Он жыл бойы үйде отырдым, енді өзімді пайдалы адам сезінемін, өз қолыммен заттар жасай аламын, - дейді Константин Козлов.

Оқи отырыңыз: Зағип жанның кәсібі

Бұл адамдар қазір тапсырыс бойынша киізден әртүрлі заттар әзірлейді: оларды не өз үйлерінде, не теміртаулық қолөнерші Наталья Воротынскаяның үйінде дайындайды. Наталья оларға осы кәсіптің қыр-сырын үйреткен. Қазір ол мүмкіндігі шектеулі жандарды материалдық жағынан да қамтамасыз етіп отыр: жүн мен қажетті құралдарды алады, өз есебінен жәрмеңке мен байқауларға шығарады. Кезінде үйінде отырып қой жүнінен бұйымдар жасап бастаған Наталья Воротынская бұл ісін қайырымдылық шарасына жатқызады.

- Осы іспен айналысып, өздерін қоғамға қажетті адам ретінде сезінсе деймін. Олар үйде қамалып отырғысы келмейді, жұмыс істеп, шығармашылықпен айналысуды қалайды. Сондықтан өздерін дамытуға деген талпыныстарына көмектескім келеді. Қазір біз мүмкіндігі шектеулі адамдардың бірлескен қауымдастығы болып құрылмақпыз, - деді Азаттық тілшісіне Наталья Воротынская.

Көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін мүмкіндігі шектеулі тұрғындар қолөнер курсында отыр. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.
Көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін мүмкіндігі шектеулі тұрғындар қолөнер курсында отыр. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер киізден кез келген затты жасай алады: әшекей бұйымдар, кәдесыйлар, жастық, аяқ киім, бас киім, жамылғы, қолғап, кілем мен картиналар әзірлеуді меңгерген. Бұл қол күші мен ыждаһаттылықты талап ететін аса күрделі жұмыс. Ал біреуі көрмейтін, екіншісінің омыртқасы ауыратын адамдар үшін тіпті қиын. Үнемі шұқшиып отырғандықтан көзге күш түседі, қолдары ауырады. Он екі мүшесі сау болмаса да қолөнершілер үйде қамалып отырғысы келмейді. Олар шеберханада көбірек уақыт өткізгенді ұнатады, қазір ол жерде қолөнер бұйымдарын сататын шағын бөлім бар, сол жерде заттарын сатады.


Енді олар шеберліктерін ары қарай шыңдағылары келеді. Киіз басуды меңгерген соң олар тағы бір қолөнер бағыты – шағын көркемсурет пен былғарыдан бұйымдар әзірлеуді үйренбек.

ҚОЛӨНЕРШІЛЕРГЕ ЖӘРМЕҢКЕ КЕРЕК

Киіз басудың шебері Наталья Воротынская мүмкіндігі шектеулі қолөнершілерді Теміртау мен Қарағандыдағы түрлі жәрмеңкелерге апаруға тырысады, оның барлық шығынын да өзі көтереді. Жәрмеңкелерге қатысу ақылы – жалға алған жерге бірнеше мың теңге төлеу керек. Қолөнермен айналысатын мүгедек жандардың оған шамасы келмейді.

Киіз басуды меңгерген шебер Марина Лех. Теміртау, 7 желтоқсан 2016 жыл.
Киіз басуды меңгерген шебер Марина Лех. Теміртау, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Наталья Воротынскаяның айтуынша, Теміртауда қолөнерді дамытуға, мүгедектер мен басқа да қолөнершілердің өздері әзірлеген бұйымдарын сатуға керекті тұрақты алаң жоқ.

- Қолөнершілерді мақтан тұту керек деп ойлаймын. Бірақ қол еңбегін танымал ету жағы кенже қалған. Қазір бәрі жүзеге асыруға тырысып жатқан "Рухани жаңғыру" бағдарламасында халық қолөнерінің түп-тамырын жаңғыртып, шығармашылығын дамыту туралы жазылған жекелеген тармақтар пен бағдарламалар бар. Біз де соны іске асыруға талпынып жатырмыз. Айналысуға ниет болса бұл қолдан келеді, - дейді мүмкіндігі шектеулі жандардың тәлімгері Наталья Воротынская.

Мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер дайындаған бас киімдер. Теміртау, 28 мамыр 2018 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер дайындаған бас киімдер. Теміртау, 28 мамыр 2018 жыл.

Қазір мүгедек қолөнершілер маусымның 1-і күні Теміртау қаласының "Восток" мәдениет және демалыс саябағында өтетін жәрмеңкеге дайындалып жатыр. Наталья Воротынскаяның сөзінше, саябақ басшылығы жылда мүгедектерге жәрмеңкені тегін өткізуге көмектесіп, жағдай жасайды. Ол жерге биыл жергілікті қолөнершілердің барлығы келмек.

ҚОЛӨНЕРГЕ ҮЙРЕТЕ АЛАДЫ

Өз қолымен түрлі зат-бұйымдар әзірлеуді ұнататын балалар мен ересектерге арнап шеберлік сабағын өткізу де мүгедектер үшін тағы бір қызықты іске айналды. Сонымен бірге олар балаларға экскурсиялар өткізеді: оларға әр бұйым туралы әңгімелеп, қалай жасау керектігін көрсетеді, мысалы, киізден моншаққа қажет заттарды әзірлеуді ұсынады. Мұндай экскурсияға сұраныс бар, көбіне Қарағандыдан оқушылар келеді.

Қазір қолөнершілер осыған Теміртаудағы оқу орындарының назарын аударуға тырысып жатыр: шығармашылық шеберханасына келген Азаттық тілшісі онда мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер өткізіп жатқан экскурсияның үстінен түсті.

Наталья Воротынская мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер жасаған бұйымдармен танысуға келген балалармен бірге. Теміртау, 28 мамыр 2018 жыл.
Наталья Воротынская мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер жасаған бұйымдармен танысуға келген балалармен бірге. Теміртау, 28 мамыр 2018 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі басқа адамдарға да жүннен, теріден түрлі бұйымдарды өз қолымен жасауды және шағын көркемсурет салуды үйренуге мүмкіндіктер бар. Теміртау қаласында 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше мамандық бойынша төрт айлық қайта даярлау курстары ұйымдастырылмақ.

Ол курстарды Теміртау қаласының жұмыспен қамту орталығы жергілікті "Қолөнер" оқу орталығы және "Шебер-Теміртау" қолөнер орталығымен бірлесіп өткізбекші.

- Биыл алғаш рет өзімнің "Қолөнер" оқу орталығымды аштым. Қазір адам жинап жатырмыз, маған білім алуға құштар адамдар керек, оларға нақты көмек жасасам деймін, - дейді Наталья Воротынская.

Мүмкіндігі шектеулі жандар киізден басқан бұйымдар. Теміртау, 28 мамыр 2018 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі жандар киізден басқан бұйымдар. Теміртау, 28 мамыр 2018 жыл.

Бұл курстарға зейнет жасына дейінгі кез-келген жұмыссыз адам қатыса алады дейді ұйымдастырушылар. Оқу кезеңінде мемлекет есебінен стипендия төленеді. Осы бағдарламаның арқасында Теміртаудың ондаған тұрғыны (басым бөлігі мүгедек жандар) киіз басу бойынша сабақ алып, кейбіреуі үйден жұмыс істеп, кәсіпке айналдырып отыр.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG