Accessibility links

Полицияның дәрменсіздігінен түңілгендер президент Назарбаевқа жүгінді


Жеке меншік көлігі ұрланған Алматы тұрғындары әлеуметтік желі арқылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа видеоүндеу жолдап, көмек сұрап тұр. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот.)
Жеке меншік көлігі ұрланған Алматы тұрғындары әлеуметтік желі арқылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа видеоүндеу жолдап, көмек сұрап тұр. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот.)

Алматының бір топ тұрғыны ұрланған көліктерін табуға дәрменсіздік танытқан полициядан көңілдері қалғанын айтып, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұрады. Полиция өкілі әрбір қылмыс бойынша тергеу амалдары жүргізілетінін айтады. Ресми дерек бойынша, елде жасалатын қылмыстардың жартысынан көбін ұрлық оқиғалары құрап отыр.

АЛМАТЫДА ПӘТЕР ТОНАУ АЗАЙМАЙ ОТЫР

Алматы қаласы Түркісіб ауданының тұрғыны Марина Марченко маусымның 26-ы күні үйіне ұры түсіп, ноутбук, бірнеше ұялы телефон, қаланың өзге ауданындағы екінші пәтерінің құжаттары мен кілтін, т.б. бағалы заттарын ұрлап кеткенін айтады. Оның сөзінше, сол күні тағы бірнеше көршісінің үйі тоналыпты. Марченконың арызы бойынша, жергілікті полиция ұрланған пәтерді түгел тексеріп, ұрының саусақ іздерін алған.

"Полиция тексеріп кеткен соң бес күн өтсе де ешқандай нәтиже болмады. Кейін өзім Түркісб аудандық ішкі істер басқармасына барып, наразылығымды білдіріп, пәтерімнен табылған бөтен саусақ іздері кімге тиесілі екенін анықтаттым. Өзім бармасам ешкім жұмыс істемейтіні көрініп тұр", - дейді ол Азаттыққа.

Өз арызы бойынша полицияның жедел іздестіру шараларын қалай жүргізгендігіне Марина Марченконың көңілі толмайды.

"Кейін полицейлердің өздері айтты, күдіктіні учаскелік полицей көшеде кездейсоқ көріп қалып, ұстап алыпты", – дейді ол.

Рейд кезінде көлікті тоқтатып, тексеріп жатқан полиция қызметкерлері. (Көрнекі сурет.)
Рейд кезінде көлікті тоқтатып, тексеріп жатқан полиция қызметкерлері. (Көрнекі сурет.)

Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек Азаттыққа үйі тоналған Марина Марченконың ісі бойынша күдікті адамның ұсталғанын, ұрланған заттардың кейбірі қайтарылғанын, қылмысты тергеу аяқталғанын хабарлады.

"Күдікті қамауда отыр, іс материалдары сотқа жіберілген. Тергеу амалдары барысында анықталғандай, күдікті Марченконың үйі тоналған күні тағы бірнеше баспанаға ұрлыққа түскен және қолды болған мүліктің көбін сатып жіберген. Ал табылған кейбірі іс материалдарына айғақ заттар ретінде тіркелді", - дейді Алматы қалалық ІІД өкілі.

Марина Марченконың пәтерін тонауға байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы тамыздың 7-іне белгіленген. Шағым иесі үйінен ұрланған ноутбук, ұялы телефон тәрізді мүліктерін сатып алған кісіні анықтау жөніндегі тергеу шараларының дұрыс жүрмей жатқанын айтып, ол заттар сол күйі қайтарылмай қала ма деп уайымдайды.

Ұқсас тақырып: Үйі тоналғандар полицияны сөгеді

КӨЛІГІ ҰРЛАНҒАНДАР ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖҮГІНДІ

Алматының "Ақсай-1" шағын ауданының тұрғыны Майгүл Мұстафинаның "Тойота" маркалы жеңіл көлігін биыл мамыр айында үйінің алдынан ұрлап кеткен. Тұрғын арызын полиция қабылдап алғанымен, екі ай өтсе де еш нәтиже шықпағанына наразы. Майгүлдің сөзінше, ол тергеушілерден істің қалай жүріп жатқанын да біле алмаған.

"Бір жарым айдың ішінде біздің маңайдан ұрланған 12-13 машинаның ешқайсысы табылған жоқ. Полиция: "үйдің маңайындағы видеокамералар істемей қалды" дейді. Басқа кездері, мысалы, видеобақылауға түсіп қалған көлік жүргізушілеріне айыппұл салынғаны туралы қағаздар тұрақты келіп жатады да, ұрлық болған күні ол камералар қалайша істемей қалады? Соған аң-таңбыз. Біздің күдігіміз полицияға тіреледі", - дейді ол.

Жеке меншік көлік ұрлау қылмыстары Алматының Алатау, Әуезов, Түркісіб аудандары аумағында да тіркелген. Майгүл Мұстафина мен ол тәрізді көлігі ұрланған тағы бірнеше адам шілденің 13-і күні әлеуметтік желі арқылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа видеоүндеу жолдап, Алматыдағы көлік ұрлау оқиғасынан жапа шеккендердің мәселесін шешуге көмек сұрады. Олар қылмысты ашуға жауапты полиция қызметкерлерінің жұмысына наразылық білдірген.

Алматылықтардың көлік ұрлығы туралы Назарбаевқа шағымы:

Майгүл Мұстафинаның Азаттыққа айтуынша, президентке видеоүндеу жариялаған шағым иелерін Алматы қалалық ішкі істер департаменті криминалдық полициясы басшылығы қабылдап, ұрланған көліктерді іздестіру шаралары жүріп жатқаны туралы хабарлаған. "Бірақ, қолды болған автокөліктердің ешбірі әлі табылған жоқ", - дейді тұрғындар.

Адвокат Айман Омарова қазіргі кезде "полиция қызметкерлерінің көбінде біліктілік пен тәжірибенің жетіспеушілігі халықтың оларға деген сенімін азайтып отыр" деп санайды.

"Тәжірибесіз, білімсіз тергеушілер жұмысты дұрыс атқара алмайды. Оқиғаға қатысты күдікті ретінде біреу көрінсе соны ұрып-соғып мойындатып, тергеуді тез аяқтай салғанды жөн көреді. Ұрылардың көбі қазір тергеушілерден ақылды болып тұр. Өйткені, тергеушілер заманауи құрылғылармен жұмыс істеуді білмейді. Кейбірі күнделікті хаттамаларын да дұрыс толтыра алмайды. Саусақ іздерін, тергеуге қатысты басқа да айғақтарды дұрыс пайдаланбайды", – дейді адвокат.

ІІД: "ТЕРГЕУ АМАЛДАРЫ ЖҮРП ЖАТЫР"

Азаттық сауалына берген жауабында Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі жыл басынан бері қалада 155 автокөлік ұрланғаны, олардың 89-ы табылып, иелеріне қайтарылғанын хабарлаған. Полицияның сөзінше, көбіне қылмыскерлер ұрланған автокөлікті бөлшектеп сатып жібереді.

Автокөлік бөлшектерін сататын базарда жүрген адам. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.
Автокөлік бөлшектерін сататын базарда жүрген адам. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.

- Әуезов ауданы бойынша жыл басынан бері ұрланған 8 автокөліктің көбін қылмыстық топ ұрлаған болуы мүмкін деген болжам бар. Барлық деректер ресми түрде тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Арнайы тергеу тобы құрамына ІІД қалалық криминалдық полиция басқармасының ізкесушілері енді. Қылмыстың ашылуына қандай да бір кедергі болмауы үшін қосымша мәліметтерді жария етпей отырмыз. Ұрылардың қандай да бір халықаралық қылмыстық топ мүшелері болуы да мүмкін екенін жоққа шығармаймыз, – деді Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек Азаттыққа.

2017 жылдың алғашқы жартысында елде 98 мыңнан астам ұрлық оқиғасы тіркелген.

Ол "күдігіміз полицияға тіреледі" деген тұрғындар сөзін "шағым иелерінің субьективті пікірі" деп бағалап, "полиция өкілінің қатысы болған ешқандай көлік ұрлығы оқиғасы тіркелмегенін" айтты.

Қазақстан бас прокуратурасының мәліметінде елде тіркелген қылмыстық оқиғалардың 60 пайызын ұрлық құрап отырғаны айтылған. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес, 2017 жылдың алғашқы жартысында елде 98 мыңнан астам ұрлық оқиғасы тіркелген. Оның 20 мыңға жуығы - пәтер тонау, 315 - көлік ұрлау қылмысы екені айтылған.

"Елде жасалған барлық құқық бұзу оқиғаларының 40 пайызы халық тығыз қоныстанған аймақтарға жататын Алматы мен Астана қалалары және Оңтүстік Қазақстан облысының үлесіне тиеді" деп хабарлайды бас прокуратура.

XS
SM
MD
LG