Accessibility links

Нұрбек Құшақбаевтың "кінәсін мойындауға дайын" екенін айтты


OCC компаниясы кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев Астана соты ғимаратының ішінде тұр. 7 сәуір 2017 жыл.
OCC компаниясы кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев Астана соты ғимаратының ішінде тұр. 7 сәуір 2017 жыл.

Маңғыстаудағы Oil Construction Company (OCC) компаниясы жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев "кінәсін мойындайтыны" туралы процессуалдық келісімге келуге өтініш жазды. Бұл туралы бүгін екі жарым жылға сотталған кәсіподақ белсендісінің апелляциялық сотында белгілі болды.

Бір сағатқа созылған сотқа жәбірленушінің адвокаттары, туыстары және қоғамдық бақылаушылар қатысты. Нұрбек Құшақбаевтың өзін сотқа әкелмеді.

Шағымды судьялар Асқаржан Кенжеғарин, Марат Солтыбаев және Алма Есімова қарады.

Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның сөзінше, Нұрбек Құшақбаев "кінәсін мойындау туралы процессуалдық келісімге келуге" өтінішті сәуірдің 18-і күні жазған. Алайда өтініш осы күнге дейін қарауға алынбаған. Ал адвокаттардың аппеляциялық шағымы сәуірдің 17-сі жазылған. Адвокаттар сотта Нұрбек Құшақбаевтың осы өтінішін қарау жайында ұсыныстарын білдірді.

Нұрбек Құшақбаевтың апелляциялық шағымын қараған судьялар (солдан оңға қарай) - Марат Солтыбаев, Асқаржан Кенжеғарин және Алма Есімова. Астана, 30 мамыр 2017 жыл.
Нұрбек Құшақбаевтың апелляциялық шағымын қараған судьялар (солдан оңға қарай) - Марат Солтыбаев, Асқаржан Кенжеғарин және Алма Есімова. Астана, 30 мамыр 2017 жыл.

Прокурор Гүлмира Рымханова "қылмыстық кодекстің 615-бабына сәйкес, мұндай ұсынысты қарау негізсіз" екенін айтты. Оның сөзінше, тергеу амалдары жүріп жатқанда немесе сот барысында ғана "айыпты мойындауға және процессуалдық келісімге келуге" болады.

Тараптарды тыңдап, 15 минутқа кеңесу үшін үзіліс жариялаған судьялар адвокаттарға сотталушымен бір мәмілеге келу қажет екенін айтты. Яғни сот отырысында аппеляциялық шағым я процессуалдық келісім қаралуы керек. Адвокаттар сот отырысына Нұрбек Құшақбаевты шақырып, оның пікірін білгісі келетіндерін мәлімдеді. Олар қандай жағдайда да өз қорғауындағы азаматтың пікірімен келісетіндерін жеткізді.

Сот отырысына төрағалық жасаған судья Асқаржан Кенжеғарин сол жерде әріптестерімен ақылдасып, келесі отырыс маусымның 1-і күні, сағат 10:00-де өтетінін мәлімдеді. Сотқа Нұрбек Құшақбаевтың өзі қатысады деген болжам бар.

Құшақбаевтың адвокаттары оны сотқа шақыртуды сұрады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:50 0:00

АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ ҚАЛАЙ БЕРІЛДІ?

OCC компаниясы жұмысшылары кәсіподақ ұйымының еңбек инспекторы, 35 жастағы Нұрбек Құшақбаевты сәуірдің 7-і күні Астананың Алматы ауданы 2-соты қылмыстық кодекстің "заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату" бабы бойынша айыпты деп танып, екі жарым жылға бас бостандығынан айырған. Сонымен бірге судья Айжан Күлбаева сотталушы Құшақбаевқа екі жыл мерзімге қоғамдық қызмет атқаруға тыйым салып, жәбірленуші тарап Techno Trading компаниясы талап еткен 25,2 миллион теңге "материалдық шығынды" Нұрбек Құшақбаевтан өндіру туралы шешім шығарған. Сот үкіміне сәйкес, Құшақбаев жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді, жаза мерзімі ол қамауға алынған 2017 жылғы қаңтардың 20-сынан бастап есептеледі.

Құшақбаевтың адвокаты Төлеген Шаиков сот үкімімен келіспейтіні туралы апелляциялық шағым бергенін айтқан.

- Нұрбек Құшақбаевтың кінәсі жоқ екенін сотта толық дәлелдедік. Оған «Techno Trading мұнайшыларын ереуілге үгіттегені салдарынан келген шығын» туралы айып тағу - мүлде күлкілі. Келесі сот инстанциясының қашан болатынын күтіп отырмыз, - деген Төлеген Шаиков.

Нұрбек Құшақбаевтың адвокаттары Гүлнәр Жуаспаева мен Төлеген Шаиков. Астана, 14 наурыз 2017 жыл.
Нұрбек Құшақбаевтың адвокаттары Гүлнәр Жуаспаева мен Төлеген Шаиков. Астана, 14 наурыз 2017 жыл.

Нұрбек Құшақбаев Ақтауда биыл қаңтарда ОСС кәсіподағы кеңсесінде және «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына тиесілі Қаламқас, Жетібай кеніштерінде бірнеше жүз жұмысшының жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң, үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған. ОСС жұмысшылары Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын әділет министрлігі арызы бойынша жабу туралы биліктің шешіміне қарсылық білдірген еді. Конфедерация жабылса оның құрамындағы ОСС кәсіподағы ұйымына да жабылу қаупі төнеді деп уайымдаған мұнайшылар конфедерацияға тиіспеуді талап етіп аштық жариялаған. ОСС кәсіподақ ұйымы еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев қаңтардың 20-сы күні Ақтау қаласының 2-соты мұнайшылар наразылығын заңсыз деп танып, оларды залды бостауға міндеттеу туралы шешімін аштық акциясы өтіп жатқан жерге әкелген сот орындаушылары мен Ақтау қаласы прокурорына қарсы сұрақтар қойған.

- Неге сот шешімі Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңына қайшы? Кәсіподақ туралы заңның 5-бабында кәсіподақтың барлық мемлекеттік органдардан тәуелсіздігі жазылған. Мұны қалай түсіндіресіз? Біз қай жерде қашан жиналып, нені дайындайтынымызды, құқымызды қалай қорғайтынымызды өзіміз білеміз. Түнімен отырып ұжымдық келісім шарт жасақтаймыз ба, басқа мәселе талқылаймызба - ол біздің жұмысымыз, - деген еді Құшақбаев Ақтау қаласының прокуроры Марат Тойжанға.

ВИДЕО: Соғы сотқа ұласқан аштық акциясы

Соңы сотқа ұласқан аштық
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:24 0:00

​Сонымен бірге ол ОСС бас директоры Серік Әбденовке жұмысшылар талабын орындау «қолыңыздан келмесе неге Астанаға қызметіңізге кете бермейсіз» деген. Көп ұзамай Нұрбек Құшақбаевты полиция ұстап, Астанаға әкеткен.

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен Нұрбек Құшақбаевты дереу босатуды және елдегі тәуелсіз кәсіподаққа қысым жасауды тоқтатуды талап еткен.

ОСС бас директоры Серік Әбденов аштық жариялаған мұнайшылардың тарқауын сұрап тұр. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.
ОСС бас директоры Серік Әбденов аштық жариялаған мұнайшылардың тарқауын сұрап тұр. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.

«ЕЛДІҢ БӘРІНЕ КӨМЕКТЕСТІ»

Нұрбек Құшақбаев - отбасындағы алты баланың ең кенжесі. Құшақбаевтың отбасында әлі екі жасқа толмаған баласы, жасы 70-тен асқан қарт ата-анасы бар.

Туысы Нұргүлдің айтуынша, Нұрбек бала кезінен өте елгезек, мейірімді болып өскен.

- Ол жасы кіші болса да бәрімізге қамқорлық жасады. Өте жанашыр, көмек сұраған адамға қол ұшын береді, - деп сипаттайды ол інісін.

Нұрбек Құшақбаев абақтыға жабылған соң отбасы мүшелері ол туралы баспасөз өкілдерімен ашық әңгімелесуден тартынады.

2012 жылдан бастап сотқа тартылғанға дейін Нұрбек Құшақбаев ОСС компаниясы кәсіподақ ұйымында еңбек заңдылығын қадағалаушы инспектор болып еңбек етті.

- Біз оны сынақ мерзімімен кәсіподаққа жұмысқа алған едік. Ол өзін көрсете білді, талай жұмысшының құқын қорғады, - дейді ОСС заңгері Тахир Ерданов.

Нұрбек Құшақбаев үкім оқылғаннан кейін жұбайын жұбатып тұр. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.
Нұрбек Құшақбаев үкім оқылғаннан кейін жұбайын жұбатып тұр. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.

Оның сөзінше, Құшақбаев түрлі сот процестерінде жұмысшылар құқығын белсенді қорғаған.

- Нұрбек көмек сұрап келген адамды біздің кәсіподақтың мүшесі немесе бөтен деп бөлген жоқ. Әр кезде оларға көмектесіп, құзырлы орындарға шағым жазып беретін, - дейді Тахир Ерданов.

Қаңтардағы аштық акциясынан соң жұмыссыз қалған ОСС жұмысшыларының бірі Мақсат Тасыбаев Нұрбек Құшақбаевты талапшыл және білімді кәсіподақ инспекторы ретінде танылды деп сипаттайды.

- Ол - өте таза әрі принципшіл азамат. Әділ талап қоя біледі. Соның арқасында құқығын білмей жұмыстан шығарылғандар қайта кіріп жатты. Біз, жұмысшылар, Нұрбек келген соң ғана жұмыс берушімен дауласа алатын, заңды сақтауды талап ете алатын дәрежеге жеттік, - дейді ол.

Кезінде компаниядан жұмыстан заңсыз шығарылғанын сотта дәлелдеп, қайта жұмысқа қабылданғандардың бірі - Құспан Қосшағұлов. Оның сөзінше, 2013 жылғы ақпанда ол 1 мың вольттік электр қуатымен жұмыс істейтін кранның қасына бағана қоюдан бас тартқаны үшін жұмыстан шығарылған.

- Мен бұның еңбек қауіпсіздігіне сай еместігін айттым. Басшылық «тапсырманы орындамады» деп мені жұмыстан шығарды. Еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев әуелі еңбек дауын келісім комиссиясында қарауды талап етіп, кейін сотқа беріп, ақырында мен қайта жұмысқа алындым. Бұның бәрі еңбек кітапшамда жазулы, - дейді Құспан Қосшағұлов.

ОСС компаниясының республикалық конфедерацияны сақтап қалуды талап еткен аштық акциясынан соң жұмыстан шығарылған мұнайшылары Нұрбек Құшақбаев болғанда өздерін ешкімнің жұмыстан шығармас еді деп санайды.

- 2013 жылы жалақы мен жұмыс жағдайына байланысты үлкен еңбек дауы болды. Ереуілге шыққан мұнайшылармен келіссөз өткізуге «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясынан заңгерлер келді. Сол кездесуде еңбек министрлігінен Серік Әбденов (ОСС компаниясының қазіргі бас директоры) те болды. Құшақбаев оларға мұнайшылар талабының заңды екендігін дәлелдеп берген болатын, - дейді Құспан Қосшағұлов.

Аштық жариялаған ОСС компаниясының жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.
Аштық жариялаған ОСС компаниясының жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.

2005 жылы Қазақ көлік және коммуникация академиясын тамамдаған соң Нұрбек Құшақбаев Маңғыстау облысындағы Ersai Caspian Contractor LLC компаниясында құрастырушы (монтажник) болып жұмыс істеген. Оның жұмысшылар құқығын қорғауы 2011 жылы басталған. Ersai Caspian Contractor LLC компаниясы жұмысшылары оны өздері құрған «Қарақия» тәуелсіз кәсіподағы жетекшісі етіп сайлаған. 2011 жылы компания жұмысшылары мамыр-маусым айларында жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартып, ереуілге шыққан. Жұмыс берушінің талап-арызын қараған сот жұмысшылар талабын заңсыз деп танып, ереуіл комитетіне жетекшілік еткен «Қарақия» кәсіподақ ұйымының лидері Нұрбек Құшақбаевты он тәулікке қамау және оған 105 мың теңге айыппұл салу туралы шешім шығарған.

«Қаражанбасмұнай» бен «Өзенмұнайгаз» компаниялары мұнайшылары еңбек дауына байланысты ереуілдері бұған дейін де болған. 2011 жылғы желтоқсанда Жаңаөзендегі мұнайшылардың көп айға созылған наразылық шеруі қантөгіспен аяқталған, ресми мәлімет бойынша, билік шеруді күшпен басқан кезде 16 бейбіт тұрғын қаза тауып, жүзден астам адам зардап шеккен.

XS
SM
MD
LG