Accessibility links

Алматыда Turkic Wikimedia conference өтті


Turkic Wikimedia conference жиыны. Алматы, 20-21 сәуір 2012 жыл.
Turkic Wikimedia conference жиыны. Алматы, 20-21 сәуір 2012 жыл.

20-21 сәуірде Алматыда түркі тілдес елдердегі Уикипедия (Wikipedia) қауымдастықтарының алғашқы конференциясы – Turkic Wikimedia conference өтті. Оған Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Саха (Якутия) елдерінің өкілдері қатысып, екі күн бойы виртуалды энциклопедияның жай-күйін талқылады.


Түркі тілдес елдер уикипедияшыларының конференциясына Creative commons, Open Software Foundation, Google өкілдері де қатысып, презентация жасады.

«МАҚАЛА 126 МЫҢНАН АСТЫ»

Мамандардың айтуынша, уикипедияшылар алдында тұрған басты мәселелердің бірі – мақалалардың сапасы. Негізінен қоғам белсенділігінің арқасында дамитын ашық энциклопедиядағы ақпараттар қорының объективті, дәл болуы оған жұрт сенімін арттыра түседі.

Қазақстандағы WikiBilim қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлының айтуынша, бұрын қазақша Уикипедияда 7 мыңнан астам мақала болса, бір жылдың ішінде олардың саны 126 мыңнан асқан. «Қазақстан» энциклопедиясын ғаламторға енгізудің арқасында мақалалар саны 70 мыңға жетті, одан кейінгі мақалалар – еріктілердікі» дейді ол.

– Еріктілер неғұрлым білікті, сауатты, өздері жазатын тақырыпқа зерттеу жасап жүрген мамандар болса – онда тіпті тамаша болар еді. Сапа қалыптастыру үшін
Қазақша Уикипедияның еріктілері. Алматы, 21 сәуір 2012 жыл.
Қазақша Уикипедияның еріктілері. Алматы, 21 сәуір 2012 жыл.
бұған мейлінше көбірек еріктілерді тарту керек, – дейді Рауан Кенжеханұлы конференция барысында Азаттық тілшісіне.

Оның ойынша, «қазіргідей интернет технология дамыған заманда ондағы мақалалардың сапасы интернет қолданушыға байланысты екенін әрбір адам түсінуі керек».

– Уикипедияға қатысты «қате кетіпті, дұрыс ақпарат көзі пайдаланылмапты» деп айтудың өзі орынсыздау. Егер кез-келген адам қандай да бір қателік көрсе, кіріп жөндесін. Кез-келген мақаланы өңдеуге болады, қателіктерді жөндеуге міндетті, – дейді WikiBilim қорының жетекшісі.

«БІР МАҚАЛАНЫ КЕЙДЕ БІРНЕШЕ АДАМ ЖАЗАДЫ»

Әзербайжан уикиқауымдастығының өкілі Ирада Алекперованың айтуынша, әзербайжан Уикипедиясында 85 мыңнан астам мақала бар, «бірақ оның жартысын сапалы деуге келмейді».

– Бізде мақалалардың сапалары әртүрлі. Ол студенттің білім деңгейіне
Ирада Алекперова (Әзербайжан) Turkic Wikimedia conference жиынында. Алматы, 21 сәуір 2012 жыл.
Ирада Алекперова (Әзербайжан) Turkic Wikimedia conference жиынында. Алматы, 21 сәуір 2012 жыл.
байланысты. Өте жақсы, толық мақала беретін студенттер де бар. Кейбір студенттер тек мақаланы бастап қана қояды. Ол шағын болып қалады. Бұдан кейін белсенді қатысушылары оны әрі қарай дамытады. Кейде бір мақалада бірнеше адам жазады. Бірі мақала жазады, екіншісі түзейді, үшіншісі қосады деген сияқты. Сөйтіп мақала пайда болады. Енді біз әр түрлі сала бойынша мамандарды тартуға тырысып жатырмыз, – дейді Ирада Алекперова.

Түркиядан келген студент Мусаб Акпынарштың айтуынша, Уикипедияда кейде қарама-қайшы ақпараттар болса, интернет-белсенділері оны бірге талқылап, түзету енгізеді.

– Біз сондай мақалаларды белгілеп, талқылауға шығамыз. Дауыс беріп, қайсысы дұрыс боп шешілсе, соны шығарамыз, – дейді ол.

ҮШ ШАРТ

Қырғызстандағы «Биздин Мурас» қоғамдық қорының жетекшісі Чоробек Сааданбековтың айтуынша, Уикипедия қоғамдық жоба болғандықтан ондағы мақалаларды қоғамның өзі сұрыптап шығарады

– Жақында ғана қырғыз Уикипедиясына ұлттық күрес туралы екі мақала орнатылды. Бірі – ұлттық күрес жайлы, екіншісі жай ғана «күрес» деп жазылып
Wikimedia қорының өкілі (ортада) Turkic Wikimedia conference жиынында. Алматы, 21 сәуір 2012 жыл.
Wikimedia қорының өкілі (ортада) Turkic Wikimedia conference жиынында. Алматы, 21 сәуір 2012 жыл.
тұрды. Кейін анықтай келе, біздегі күрестің екі түрі бар екені, бірінде аяқпен шалуға рұқсат етілсе, екіншісінде оған рұқсат етілмегені белгілі болды. Бұл мақалаларға сын айтқан адам күресте тек айла жағынан озатынын айтты. Ал бұрынғы мақалада тек қара күш қана қолданылады деп жазылған еді. Мен ол кісіге мақалаға автор болуға ұсыныс жасадым. Себебі ол сол саланы жетік біледі, – дейді Чоробек Сааданбеков.

Оның айтуынша, Уикипедияны дамыту үшін үш шарт керек: біріншісі – адамдарды жобаға тарту, үйрету, бағыттау; екіншісі – электрондық кітап қорын байыту; үшіншісі – редакторлау. Ол көп жағдайда мақаланың сапасын анықтайтын осы үшінші кезеңнің күрделілеу екенін де айтты.

Интернет тұтынушылардың өздері жасайтын виртуалды алып энциклопедия - Уикипедияда қазір әртүрлі тілде жазылған 18 миллионнан астам мақала орнатылған. Уикипедиядағы танымал тілдер – ағылшын (3,9 миллионнан астам мақала бар), неміс (1,3 миллионнан астам мақала), француз (1,2 миллионнан астам мақала бар) тілдері.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG