Accessibility links

Облыс орталығы болар Түркістандағы қазіргі өмір


Түркістандағы Яссауи кесенесі маңындағы үйлердің бірінің ауласы. 2 маусым, 2018 жыл
Түркістандағы Яссауи кесенесі маңындағы үйлердің бірінің ауласы. 2 маусым, 2018 жыл

Оңтүстік Қазақстанда облыс орталығын тұрғыны миллионға жеткен Шымкенттен 262 мыңнан аса халқы бар Түркістанға көшіру мәселесі алғаш рет ресми талқылана бастады. Түркістандықтар әкімшілік орталықты көшіруде үміті мен бірге күдігі бар екенін жасырмайды.

Түркістан қаласы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкенттен екі сағаттық жол, 170 шақырым қашықта орналасқан. Шымкенттен Түркістанға алып баратын жаңадан төселген жол теп-тегіс. Түркістан қаласының тынысымен танысуға жолға шыққан Азаттық тілшісі автовокзал бекеттерінде екі қаланың арасында ары-бері қатынап жүрген адамның көп екенін байқады.

Екі араға жеңіл көлік пен микроавтбустар жиі қатынайды. Шамамен 10-20 минут сайын жүріп жатқан 10 адамдық микроавтобустар үшін жан басына жол ақысы 1 мың теңге көлемінде болса, такси бағасы 2 мың теңгені құрайды.

ТУРИСТЕР ҚАЛАСЫ

Аты-жөнін айтудан бас тартқан такси жүргізушісінің сөзінше, бұл күндері жолаушылардың көбін қазақстандық зияратшылар құрап отыр. Келушілер бірінші кезекте Түркістанмен шекаралас жатқан Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылы маңындағы Арыстанбаб кесенесіне түнейді. Содан кейін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келіп, соңынан Үкаша атаның басына барып зиярат етеді.

Түркістандағы шетелдік туристердің бір тобы
Түркістандағы шетелдік туристердің бір тобы

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне кіріп, шығып жатқан адамның қарасы көп. Кейбірі кесенені жағалай тілек тілеп айналып жүр. Арасында сирек те болса, шетелдік туристер де ұшырасып қалады. Аумағы көгалдандырылған кесене маңында әр жерден көше сыпырып, қоқыс жинап жүрген әйелдер байқалады. Жеміс ағаштары самсып тұр. Жолдарға асфальт төселген. Қала әкімдігінің ғимараты мен қаладағы жалғыз жоғарғы оқу орны – Ясссауи атындағы қазақ-түрік университетінің бас ғимараты, мәдениет үйі мен музейлер, заманауи қонақүйлер де осы маңға шоғырланған.

Кесенеге екі жүз метр шамасында орналасқан «Сабина» қонақ үйінің иесі кәсіпкер Ғалия Малыбаева - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіруді құптайтын тұрғындардың бірі.

Түркістандағы қонақ үйлердің бірі
Түркістандағы қонақ үйлердің бірі

- Көктемнің басында «Түркістан – орталық, Шымкент – мегаполис» болады деген хабар Whatsapp әлеуметтік желісі арқылы тарай бастады. 40 жыл бұрын алғаш Түркістанға көшіп келгенде қалада бір-ақ көше болатын. Қазір қаланың барлық көшелерінен қоғамдық көлік жүреді. Бірақ тазалық, тәртіп мәселесі алаңдатады. Түркістан орталық болуы үшін тұрғындар дайын болуы керек, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

- Міне, көрдіңіз бе біздің тазалығымызды, - деді ол бір сәт кесене маңындағы демалыс орнын нұсқап. - Қоқыс салатын жәшік әне тұр. Бірақ қоқысты жерге тастаған. Бірінші кезекте осы мәселеге мән беру керек.

Қоқыс тастамауға шақырған ескертпе. Түркістан
Қоқыс тастамауға шақырған ескертпе. Түркістан

Ғалия Малыбаеваның айтуынша, Түркістанда қазір қонақ үй көп. Бір көшенің өзінде жиырма шақты қонақ үй бар.

- Мысалы, біз жылына бес жүзден аса турист қабылдаймыз. Он бөлме болса, әрбірін күніне 5-8 мың теңгеге жалға береміз. Орталық болса да газ әлі тартылмаған. Ауыз судың сапасы нашар. Жылыту жүйесі жарыққа қосылған. Қыста жарыққа айына 180-200 мың теңге жұмсаймыз, - дейді ол.

КЕСЕНЕ СЫРТЫНДАҒЫ ТІРЛІК

Азаттық тілшісі түркістандықтардың тіршілігімен танысу үшін қаланы да аралап көрді. Кесене маңынан шығып жолақысы 50 теңгелік ескіре бастаған қоғамдық көліктермен шағын аудандарға барды. Орталық базар мен автовокзалдардағы жағдаймен де танысты.

Кесене маңынан шығып, бір-екі аялдама жүргеннен соң тұрғындардың шынайы өмірі көрінеді. Қалада көпқабатты тұрғын үйлерден қарағанда жеке тұрғын үйлер көп. Орталық көшелердегі шағын ескі жеке тұрғын үйлерден дүкен ашып алғандар бар.

Түркістандағы көшелердің бірі
Түркістандағы көшелердің бірі

№1 ықшам аудандағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында демалып отырған төрт әйелді сөзге тарттық. Оның бірі осы ықшам ауданның тұрғыны, өзін «Гүлзәрия Әбдімәжитова» деп таныстырған адамның пікірінше, Түркістан облыс орталығы болуы үшін әуелі әлеуметтік мәселе шешілуі керек.

- Халық арасында жұмыссыздық көп. Әсіресе, жастар жұмыс іздеп басқа қалаларға кетіп жатыр. Кетпегендері көшеде сандалып жүр,- дейді ол.

Оның сөзін жалғаған өзін «Зәуре Досболовамын» деп таныстырған әйел «халықтың дерлік барлығы базармен күн көріп отыр» деді.

Базар маңында арба сүйреген адамдар. Түркістан
Базар маңында арба сүйреген адамдар. Түркістан

- Бір балам бар. Жаңадан үйлендірдім. Құрылыста жұмыс істейді. Бір күн жұмыс болса, екі күн жұмыс жоқ. Айлығы істеген жұмысына қарай беріледі. Өткен айда 20 мың 200 теңге жалақы алды. Енді жұмыс істемеймін деп отыр. Басқа қалаға кетемін дейді. Жібермей отырмын. Жұмыссыз отырсаң да көз алдымда бол дедім. Жұмысқа барып келгендерді де көріп отырмыз. Вагонда жатып, бір түйір нанға қолы тимей өлердей болып қайтқандар бар. Соны көргеннен соң баланы үйде ұстамай қайтемін? Бұл- бір менің басымдағы жағдай емес, екінің бірінің басында бар мәселе, - деді Зәуре Досболова ашуланып.

- Жасым 55-те. 63 мың теңге жалақы аламын. Экология үшін төленетін 20 пайыз үстемақыны қосқандағы бар жалақым - осы. Бұл ішіп-жеуімізден артылмайды, - деп сөзге қосылды Жанат Телебаева

Түркістандағы базар
Түркістандағы базар

Зейнеткер Қашырхан Рахметова да қалада жұмыссыздық мәселесі өзекті деп біледі. Оның айтуынша, зейнетақысы - 29 мың теңге. Баласы базарда ұялы телефон сатады. Табысы бір күн бар, екінші күні жоқ. Тапқан 5-10 тиыны дүкеннен қарызға алған азық-түлігінен артылмайды.

- Отбасымда жеті жан бар. Әупірімдеп күнімізді көріп отырмыз. Түркістан облыс орталығы болса, жаңа жұмыс орны ашылса жұмыссыз отырған балаларым жұмысқа тұратын еді, - дейді Қашырхан Рахметова үміттеніп.

КҮПТІ ҚЫЛҒАН ТАЗАЛЫҚ

Қаланың орталық базары мен екі автовокзалы Тәуке хан даңғылында қатар орналасқан. «Халықаралық автовокзал» деген аты болмаса мұнда жолаушыларға жағдай жасалмаған. Сол маңдағы үйлерден немесе дүңгіршектерге асхана ашып алғандар көп. Автобустарға қарағанда микроавтобустар жиі қатынайды.

Орталық базардың маңы у-шу, ығы-жығы адам. Аялдамалар ескі, қараусыз жатыр. Кейбірінің айналасы қоқысқа толы.

Көшедегі су ағатын арықта жатқан қоқыс. Түркістан
Көшедегі су ағатын арықта жатқан қоқыс. Түркістан

Қала орталығынан шамамен 20 шақты аялдама алысқа орналасқан жаңадан салынып жатқан Отырар ықшам ауданына орталық базардан бірнеше қоғамдық көлік қатынайды. Асфальті ескіріп, шаңы шыққан шеткі ықшам ауданды басып өткеннен соң қаланың бір бұрышында салынған алты көпқабатты тұрғын үйлерге жеттік. Бұл үйлердің дені мемлекеттік бағдарламамен және ипотекаға алынған үйлер болып шықты. Ойын алаңында балалар ойнап жүр.

Түркістандағы ықшам аудан
Түркістандағы ықшам аудан

20 жылға екі бөлмелі пәтерді ипотекаға алған қаладағы 20-мектептің мұғалімі Дана Жүсіпәлиева қаланың орталығына қатынау қиын емес дейді.

- Түркістанда кез-келген заттың бағасы Шымкентпен салыстырғанда арзан. Ол жақта өркениет бар. Мұнда ауыл сияқты. Тұрғындар соған дайын болуы керек,- дейді ол.

Маусымның 2-сі күні қала әкімдігі жергілікті тұрғындардың басын қосып, Түркістан қаласының аумағынан ауылдық округтердің жалпы аумағы 721 мың гектар жерді шығару арқылы Түркістан қаласы шекарасын өзгерту және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру мәселесі алғаш рет ресми талқылап, қоғамдық тыңдау өткізген еді.

Совет заманынан қалған көпқабатты үйлердің бірі. Түркістан
Совет заманынан қалған көпқабатты үйлердің бірі. Түркістан

Түркістан қаласының әкімі Тәжібек Мұсаев «қаладағы тазалық мәселесі сын көтермейді» деді.

- Бұл бұрыннан келе жатқан проблема. Кей тұрғындар қаладағы тазалық мекемесіне келісім-шартқа тұруға қиналады. Сондағы тариф адам басына 120 теңге. Айына орташа есеппен әр отбасына мың теңге екен. Әрқайсымыз өзміздің күл-қоқысымызға саналы түрде ие болсақ болды ғой, - дейді әкім.

Ықшам аудандағы ауланың бірі. Түркістан
Ықшам аудандағы ауланың бірі. Түркістан

Ресми статистикалық мәліметтерге қарағанда, халық саны 262 мыңнан асады. Тұрғындардың алпыс пайыздан астамы қазақтар, қырық пайызға жуығы өзбектер. Қала аумағына 12 ауылдық округтегі 40 ауыл кіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG