Accessibility links

Халықтық медицина түріне ықылас артты


Хиджама әдісімен емдейтін халықтық медицина маманы Әбдіссомад (алдыңы қатарда). Жеке мұрағаттағы сурет.
Хиджама әдісімен емдейтін халықтық медицина маманы Әбдіссомад (алдыңы қатарда). Жеке мұрағаттағы сурет.

Қазақстанда дәстүрлі емес медицина түрі - хиджама әдісімен емделетін адамдар көбейді. Бірақ кейбір дәрігерлер ондай емдеуге қарсы.

Алматы қаласының 40 жастағы тұрғыны, псориаз деген дертке шалдыққан Дастан Оңалбаев жарты өмірін азаппен өткізген. Дертіне шипа бола ма деген үмітпен В6, В12 витаминдерін ішкен, уринотерапияны да қолданып көрген. Оңтүстік Қазақстан облысындағы ыстық су шығатын қайнарға барып, бұлауға да түскен, жақпаған майы қалмаған, ауруханада айлап жатқан кезі болған. Бірақ ол «интернеттен оқып хиджама әдісімен емделген соң ғана толық жазылдым» дейді.

– Ауруыма байланысты әскерге де алмады. Таңертең тұрғанда төсегім денемдегі жарадан сыпырылып түскен қабыршақтан көрінбей қалатын, жүйкем де бұзылып, ашушаң болып кеттім. Хиджаманың төрт курсынан өткен соң псориаз мүлде жоғалып кетті. Енді маған диета сақтау керек, қуырылған, ысталған тамақты жеуге болмайды, - дейді Дастан Оңалбаев Азаттық тілшісіне.

Ислам медицинасында қолданылатын хиджама әдісі деп дененің белгілі бір
Алматы қаласының тұрғыны Дастан Оңалбаев. 23 наурыз 2014 жыл.
Алматы қаласының тұрғыны Дастан Оңалбаев. 23 наурыз 2014 жыл.
тұстарын өткір затпен тілу арқылы қан алуды айтады. Жұрт сүлікпен емдеуге ұқсайтын бұл процедура ағзада жиналып қалған арам қаннан арылтады деп сенеді.

Дастан Оңалбаев әр емдік сеансқа 5 мың теңге төлеп, әр курс сайын денесіне 15 банкадан қойдырған. Оның айтуынша, хиджамадан кейін бірден сауығып кетпеген, денедегі жаралар бірде өршіп, бірде басылып отырған. Ол Азаттық тілшісіне «енді құлан-таза айықтым» дейі.

ПАЙҒАМБАР СҮННЕТІ

Науқастарды хиджама әдісімен емдеп жүргеніне талай жыл болған шығыс медицинасының маманы Әбдіссомадтың Қазақстан мен Ресейде шәкірттері бар. Өзі тәжірибелі маманнан үйренген, дәстүрлі емес медицина саласы бойынша алған сертификаты бар.

– Миғраж түні (Мұхаммед пайғамбар Меккеде тұрған кезде көк әлеміне түнгі саяхаты мен ғибадат еткен түн) жеті қат көкке көтерілген Мұхаммед пайғамбарға «үмбеттеріңе айт, хиджама жасатып, қан алғызсын, ол ажалдан өзге бүкіл дертке шипа» деген аян берген екен. Бұл сүннетті бүкіл мұсылман баласы бұлжытпай орындауы тиіс. Халық совет үкіметі әмірлігін жүргізген 70 жылда емдеудің бұл түрін ұмытып, дәріге сүйеніп алды. Ал бір бағытта он жыл істеген дәрігерлер дәстүрлі емес медицинаны қабылдай алмайды, - дейді Әбдіссомад Азаттық тілшісіне.

Хиджама көк тамыр мен күре тамырдан қан алу арқылы жасалады. Мұндай
Хиджама әдісімен ем қабылдап жатқан адам. Алматы, 26 наурыз 2014 жыл.
Хиджама әдісімен ем қабылдап жатқан адам. Алматы, 26 наурыз 2014 жыл.
тәсілмен емдеу үшін адам анатомиясын, ағзаның қан айналымы ерекшелігін білу шарт әрі науқас адамның жеке диагностикасын жасау қажет.

Әбдіссомадтың пациенттерінің арасында қан қысымы жоғары, қатерлі ісікке шалдыққандар көп. Ол бедеулікті, балалардың церебралды сал ауруын да емдейді. Шығыс медицинасы маманы дерттің ауыр-жеңілі түріне қарай әр емдік курсқа 3-7 мың теңге алады.

ҚАРАБАЙЫР ӘДІС

Ал Ахмет Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті клиника-диагностикалық орталығының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Алмасбек Ахметов науқастарды хиджама тәсілімен емдеуге қарсы. Ол «қан алу процедурасынан кейін ауруы асқынып кеткен талай адам алдыма келген» дейді.

– Тіндегі лимфа сөлі артық жиналып қалып аяқтары күп болып ісіп (лимфостаз) немесе іріңдеп кеткен, тізе буындары артрозға айналған талай адам алдыма келді. Қарабайым әдіспен жұмыс істейтін хиджам (хиджама жасайтын адам) қарапайым гигиена ережелерінің өзін сақтамайды. Олар үйде жұмыс істейді де, қан арқылы науқастың ағзасына инфекция түсіреді. Науқастардың көбі жараны немен зарарсыздандырғанын да білмейді, - дейді Алмасбек Ахметов.

Ол мұндай жолмен емделген адамдар ВИЧ-инфекциясын, В және С гепатитін жұқтыруы мүмкін деп қауіптенеді. Ол «медициналық тәжірибемде науқас адамның қан алғызғаннан құлан-таза жазылып кеткенін дәлелдейтін нақты айғақтарды кездестірген жоқпын» дейді.

Бірақ хиджама жасауға арналған аппарат Алматы базарларындағы дәріханаларда, дүкендерде және сауда орындарында емін-еркін сатылады. Бағасы – 2-5 мың теңге.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG