Accessibility links

Соғыстың 100 жасаған ардагері


Екінші дүниежүзілік соғыстың 100 жасқа келген ардагері Илья Кубанкин. Теміртау, 19 мамыр 2017 жыл.
Екінші дүниежүзілік соғыстың 100 жасқа келген ардагері Илья Кубанкин. Теміртау, 19 мамыр 2017 жыл.

Қарағанды облысы Теміртау қаласында Екінші дүниежүзілік соғыстың 29 ардагері қалды. Олардың бірі Илья Кубанкинді жергілікті билік те, отбасы да ерекше қадірлейді. Жуырда ол кісі 101 жасқа толуы тиіс.

Илья Кубанкин 1916 жылы шілденің 20-сы күні Ростов облысындағы Быстрянск хуторында шаруа отбасында дүниеге келген. Мектеп-интернатта оқып, бес сынып бітірген. Ильяның әкесі Иван Кубанкин жылқы фермасында армияға керек аттарды үйретумен айналысқан. Илья соғысқа дейін үйлі-баранды болып үлгерген, қазір баласы Владимир 78 жаста.

Илья Кубанкин майданға 1941 жылы өз еркімен, Қиыр Шығыстағы Уссури өлкесінде үш жыл әскерде болып, оралғаннан соң шамамен екі жылдан кейін кеткен. Соғысқа Донбаста кіріп, Ростовта, бүкіл Кавказ майданында болған, Туапсеге дейін жеткен.

- Әскерге шақырып, соғысқа аттандым. Бірінші рет жараланғаннан кейін 18-армия құрамындағы генерал-лейтенант Провалов басқаратын 383-дивизияның ерекше жойғыштар батальонында соғыстым, - дейді әңгіме кезінде бұл сөзін бірнеше мәрте қайталаған Илья Кубанкин.

СОҒЫСТА АЛҒАН ЖАРАҚАТТАР

Илья Кубанкин алғаш Новороссийск түбінде немістердің штабын жою тапсырмасын орындау кезінде жараланған. Оның тобы торуылға тап болған, Кубанкин жараланған. Бірақ олар штабты жойған.

Кубанкин бір жарым ай госпитальде жатып, майданға оралған. 1943 жылы шабуыл кезінде Қырым станциясы түбінде ауыр жараланған. Илья Кубанкиннің 73-тегі қызы Надежданың айтуынша, ол кезде әкесінің бір қолын оқ жұлып кете жаздап, сіңірі мен терісіне ғана ілініп қалған.

- Әлгі тұстағы сүйектің бірнеше сантиметрі жоқ. Бірақ әкем тіпті цигарка ұстай алмай қалам ғой (күледі - ред.) деп, дәрігерді қолын кеспеуге көндіріпті. Әдетте жарақат ауыр болса, кесіп тастауға тырысады, өйткені жаралылар да, хирургтің де жұмысы көп болған [күрделі операция жасау керек болса], - дейді ол.

Илья Кубанкиннің жарақаты туралы анықтамалардың бірі. Теміртау, 19 мамыр 2017 жыл.
Илья Кубанкиннің жарақаты туралы анықтамалардың бірі. Теміртау, 19 мамыр 2017 жыл.

Бірақ жарақатына да, жарасы ашылып кеткеніне де қарамастан, жас жігіт бәрібір майданға оралған. Бірақ соңғы рет ауыр жараланып, госпитальде тоғыз ай жатқаннан кейін Илья Кубанкинді әскерден босатқан.

Илья Кубанкин соғыстан екінші топ мүгедегі болып оралған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданда алған жарақаттарынан денсаулығы сыр берген. Соның кесірінен дұрыс жұмыс істей алмаған. Бұдан бөлек Кубанкиннің жауырыны астында қолға білінетін жарықшақ қалған.

- Үйге құр сүлдері жетіпті. Шешем оны бағып-қағып, қатарға қосқан. Екеуі шәй деспей 70 жыл отасты, - дейді оның ұлы Владимир Кубанкин.

Илья Кубанкин бірнеше мәрте өмірі қыл үстінде болғанын, бірақ ғажайыптың құдіретімен аман қалғанын айтады. Оның отбасы ГУЛАГ зобалаңына ілінбеген, бірақ сұрапыл соғыс пен өмірдің өзге азаптарын көп тартқан. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Илья Кубанкин 1-дәрежелі «Отан» соғысы, 3-дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, Совет Одағының маршалы Жуков медалімен, «Германияны жеңгені үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Кавказды қорғағаны үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» және өзге медальдармен марапатталған.

СОҒЫС ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІКТЕРІ

Илья Кубанкин жас кезінде кейде туыстарына соғыстың сұмдықтары туралы әңгімелеп береді екен. Бірақ кейірек оларды еске алғысы келмейтін болған.

- Ростовқа қарай шегінген кезде әкем өз адамдарын қуып жету үшін егістік алқабын төтесінен кеспек болып жүгіреді. Сол кезде неміс ұшағы төбесінен шүйлігіп, оны мазақтағандай егістіктің ішінде қуалай бастайды. Әлгі капуста егілген егістік екен, әкем олардың үстіне құлайды да, қайта жүгіреді. Ал неміс тағы бір айналып келіп қайта шүйлігеді, алғашқы шабуылдары кезінде олар әбден есірді ғой. Ақыры әлгі неміс әкемді мазақ етіп, төбесінен бірнеше рет айналып ұшқаннан кейін пулемет орнатылған тачанканы бетке алған, оны жарған да ұшып кеткен, ал әкемді өлтірмепті, - дейді ардагердің қызы Надежда.

Илья Кубанкиннің өмірін қия жаздаған тағы бір оқиға Кавказ тауларында болыпты. Надежда әкесінен естіген естеліктерінің біреуін есіне алды.

- Әкемнің қол астына әскерге енді ғана шақырылған жас сарбаздарды беріпті. Оларға таудағы дзотты жоюға тапсырма береді. Жас сарбаздар артта, ал әкем алда келе жатыпты. Бір кезде артына қараса, әлгілер жоқ дейді. Ал алдыңғы жақта соқпақ жолмен автомат асынған жеті неміс келе жатыпты. Әкем жерге жата қалып, автоматын жұлып алады да шүріппені басады, бірақ автоматы атылмайды. «Қарасам, Құдай жарылқағандай, жанымда автомат жатыр» дейді. Әкем әлгі автоматты алып, жеті немісті түгел жер жастандырады. Сол арада жас сарбаздар да келіп қалады. Кейін айналып артқы жағынан барып, дзотты да жояды, - дейді ол.

Ардагердің қызы Надежда Кубанкина. Теміртау, 19 мамыр 2017 жыл.
Ардагердің қызы Надежда Кубанкина. Теміртау, 19 мамыр 2017 жыл.

СОҒЫСТАН КЕЙІН

Соғыстан кейін Илья Кубанкин Кубаньда тұратын әйелі мен баласына оралып, колхозда есепші болған, кейін Ростов облысында фермада жұмыс істеген. 1950 жылы Кубанкин отбасын алып Қазақстанға, Талдықорған облысындағы Көксу ауданына келген. Көп ұзамай отбасы "жақсы жұмыс береміз, табиғаты да әсем жер" деген ұсынысқа қызығып, Забайкальеге аттанады.

Сосын Илья Кубанкин Майкоптың арғы жағындағы электр станциясы құрылысында жұмыс істейді, бірақ ол көп ұзамай тоқтап қалып, жұртты ағаш кесуге жібереді. Ол жақта жұмыс істеуге Илья Кубанкиннің денсаулығы жарамайды, сондықтан металлургиялық комбинат салу үшін комсомолдық жолдамамен Теміртауға кеткен үлкен баласы Владимирдің соңынан 1960 жылы Қазақстанға оралады. Олар бір жылдай баракта тұрады, бірақ кейін екі қабатты үйден үш бөлмелі пәтер береді. Илья Кубанкин қоймаларда жұмыс істейді, ал әйелі зауыттағы жұмысын тастап, үйінде бала бағады.

Илья Кубанкин еңбек жолын Теміртаудағы Лесодоз кәсіпорнында ағаш суарушы болып аяқтап, зейнет демалысына шығады. Илья Кубанкиннің екі қызы мен ұлы Қазақстанға келгеннен кейін көп жыл металлургиялық комбинатта жұмыс істеген. Қазір үшеуі де зейнет демалысында.

АРДАГЕРДІҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ

2017 жылғы мамырдың 9-ында өткен Жеңіс күніне арналған шараға Илья Кубанкин өзін жайсыз сезініп бара алмаған. Бірақ билік ардагерді елеусіз қалдырмай, Теміртау әкімі, ардагерлер кеңесі төрағасы мен өзге ұйым өкілдері оны үйіне барып құттықтап, сый-тартуларын жасаған. Жеңіс күні - мереке емес, аза тұту күні деп санағанымен, ақсақал қонақ келгеніне қуанады, тіпті болмашы ықыластың өзіне ризашылығын білдіреді.

Илья Кубанкиннің қызы «Әкем 100-ге толған күні ішінде Қарағанды мен Теміртау билігі, әскери комиссариат, қоғамдық ұйым өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары бар 40 шақты адам құттықтап келді» деп еске алады. Балалары билік Кубанкинге кейінгі 10 жылдан бері осындай ықылас танытатын болды дейді. Билік ардагерді 9 мамыр - Жеңіс күнімен, туған күнімен және қарттар күнімен құттықтап тұрады.

Илья Кубанкиннің бала-шағасы Екінші дүниежүзілік соғыстың Теміртауда қалған небәрі 29 соғыс ардагерін коммуналдық қызмет ақысын төлеуден өмір бойына босатқанын қалайды.

Халім ептеген... Жақсы да, жаман да емес. Бұлай өмір сүріп, азап шегуден қажып кеттім. Ал жастарға тілерім - жақсы өмір сүріңдер, тату болыңдар, соғыс болмасын, бәрі аман-есен болсын.
Илья Кубанкин

100 жастағы ардагердің күнделікті өмірі біркелкі сарында өтеді. Таңғы сағат 11-лер шамасында тұрып, жуынып-шайынып, қырынады, таңғы асын ішкеннен кейін бөлмесінде бірнеше минут жүреді. Күн жылынған кезде таза ауа жұтсын деп Илья Кубанкинді балконға шығарады. Ардагердің қазір өздері де қарияға айналған балалары бұлшық еттері семіп қалмасын деп күн сайын қарт әкелерінің денесін сылап, уқалайды, оны ұлы жуындырады. Илья Кубанкин көбінесе креслода маңдайы мен қолын таяғына тіреп немесе мүлгіп отырады. Балалар кәрілік меңдеген әкелерін жалғыз қалдырмай екі тәуліктен кезекшілік атқарады.

Биыл Илья Кубанкиннің көзі мүлде көрмей қалған, құлағы да естімейді, көп жүрмейді. Бірақ ардагер үш ай бұрын ғана сергек, тың болған. Мемлекет тегін беретін арнайы аппаратты Илья Кубанкин «құлағындағы шудың» кесірінен тақпайды.

- Халім ептеп... Жақсы да, жаман да емес. Бұлай өмір сүріп, азап шегуден қажып кеттім. Ал жастарға тілерім - жақсы өмір сүріңдер, тату болыңдар, соғыс болмасын, бәрі аман-есен болсын, - дейді ардагер Илья Кубанкин.

XS
SM
MD
LG