Accessibility links

Әйелдер мерекесі қарсаңында әлеуметтік мәселе де сөз болды


Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау алды билборды маңынан өтіп бара жатқан әйел. Астана, 31 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау алды билборды маңынан өтіп бара жатқан әйел. Астана, 31 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында бірнеше әйелді қабылдап, мейрамдарымен құттықтады. Елдегі әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту мәселесі де осы мейрам қарсаңында айтылды.


Мерекеге орай президент Назарбаевтың қабылдауында болған әйелдер арасында Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының ректоры Жәния Әубәкіров, киноактриса Әсел Сағатова, «Қазақстан аруы – 2011» атанған Виктория Момынбаева, 14 жасқа дейінгі қыздар арасында шахматтан әлем чемпионы Динара Сәдуақасова болды.

«АНАЛАР КҮНІ»

Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесуінде елде жаңа бір мереке – «Аналар күнін» енгізу керек деген ұсыныс айтты:

– Мен «Аналар күнін» белгілеуді ұсынамын. Ондай мереке әлемде кеңінен таралған, – дейді Қазақстан президенті.

Оның айтуынша, «мұндай мерекені әлемде 50-ден астам ел, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания мен Ресей де атап өтеді».

Президент Назарбаев Қазақстан халқының 51 пайызын құрайтын әйел қауымын жауапты жұмыстарға көбірек тарту керек, себебі олардың жауапкершілігі ерлерден жоғары деді.

Ол наурыздың басында Nazarbayev University студенттерімен кездесуде:

- Бірақ әйелдер үнемі теңдік үшін күреседі. Мұның жақсы-жаман екенін білмеймін, өйткені өмірде әйелдің өз рөлі бар, ерлердің өз рөлі бар, - дей келе, "әйелдер бұл өмірдегі басты міндеттері туралы ұмытпауға тиіс екенін" айтқан.

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК

Бұл тұста Қазақстан ұлттық банк басшысы Григорий Марченко гендерлік теңдікті талап етіп жүрген елдегі әйелдердің зейнетке шығу жасын ерлермен бірдей етіп, 63 жасқа көтеруді ұсынды. Наурыздың 6-сы күні өткен баспасөз мәслихатында Григорий Марченко:

- Неге екені белгісіз, барлығы бірдей әйелдердің жағдайын айта бастады. Дүниежүзілік банк есебі бойынша, зейнетке шыққаннан кейін біздің әйелдеріміз 20,5 жыл, ал ерлер 12 жыл өмір сүреді. Бұл сонымен қатар көп айтылып әрі жазылып жүрген гендерлік теңдік мәселесі, - деді.

Егер елде гендерлік теңдік болса, ол жан-жақты болуы керек дейді банкир.

Қазір Қазақстанда әйелдер зейнетке 58 жаста, ерлер 63 жаста шығады.

ҮШ МИЛЛИОН ДОЛЛАРЛЫҚ ГҮЛ ЖӘНЕ КИОСКІДЕГІ ҮШ АДАМ

Әйелдері мейрамы қарсаңында «Әйелін өкпелетіп алған қызылордалық 8 наурыз мерекесінде миллион алқызыл раушанға тапсырыс берді» деген жаңалықты да ақпарат құралдары жариялап, ол хабар интернетте талқыланып жатыр.

Қызылордалық азамат құны 3 миллион долларды құрайтын бұл сыйлықты 8 наурыз
Ұлдана Әжібекованың баспанасы. 2009 жыл.
Ұлдана Әжібекованың баспанасы. 2009 жыл.
күні әйеліне тарту етпек болып, ақшасын алдын-ала төлеп қойған. Гүл сататын дүкен сонша гүлді Қызылордаға жеткізу үшін Алматыға тапсырыс бергенін айтады.

Осы тұста сегіз жыл бұрын Алматыға Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданынан қоныс аударған, қазір Мыңбаев пен Айманов көшелерінің қиылысында орналасқан киоскіні бірнеше жылдан бері паналап келе жатқан Ұлдана Әжібекованың бүгінгі тұрмысы да интернетте қызу талқыланып жатыр.

Тек электр жарығы ғана тартылған киоскіде тұратын Ұлдана Әжібекова мен қызы және жиені үшеуі ол кісінің 24 мың теңге зейнетақысына ғана өмір сүретінін Азаттық радиосы бұған дейін де жазған еді.
XS
SM
MD
LG