Accessibility links

Сот «Жас Алашты» айыппұл төлеуге міндеттеді


"Жас Алаш" басылымының үстінен өтіп жатқан сот процесі. Алматы, 10 қараша 2015 жыл.
"Жас Алаш" басылымының үстінен өтіп жатқан сот процесі. Алматы, 10 қараша 2015 жыл.

Қарашаның 13-і күні Алматының Алмалы аудандық 2-сотында «Жас-Ай» медицина орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлының «Жас Алаш» газетіне қарсы шағымы бойынша сот процесі аяқталды.

Сот шешімімен «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайға, тілшісі Меруерт Тұрлыбековаға, газет оқырманы Қаден Мұқанұлына, Жасан Зекейұлының бұрынғы әйелі Гүлия Әлиханқызына және Гүлия Әлиханқызының әкесі, 76 жастағы Әлиханға, барлығы 40 миллион теңге айыппұл салынды. Бұған қоса «Жас Алаш» газетінде Жасан Зекейұлы туралы жазылған мақаланы терістеу міндеттелді. Шешімге қанағаттанбаған жауапкерлер енді апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Жасан Зекейұлы «Жас Алаш» газеті мамыр айында өзі туралы жариялаған «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақала «абыройы мен ар-намысын қаралады» деп сотқа жүгінген. Ол әуелі газетті алты айға тоқтатуды және өзіне 400 миллион теңге моральдық шығын төлеуді сұраған.

ЖАУАПКЕРДІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Алдыңғы отырыста жауапкер жағының сенімді өкілі Маржан Аспандиярованың сотқа айтқан өтінішінен кейін шағымданушы Жасан Зекейұлы жұма күні сот процесіне бірінші рет қатысып, жауап берді. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, түскі 11.00-ден өте басталып, кешкі 16.30-ға дейін үзіліссіз жалғасқан сотта судья Айнұр Бейсеуова «іс жүргізу процесін сақтамаған, іс материалдары толық зерттелмесе де, жарыссөзге көшуге асықтырған».

- Сот отырысынан шаршағандықтан біз үзіліс сұрадық.Үзілістен соң төрт-бес минут ішінде судья жарыссөзді аяқтап, шешім шығаруға кетті. Жарысссөз кезінде жауапкер жақтың әрқайсысы, олардың қорғаушылары сөйлеуі керек. Ол құқығымыздан айырылдық, - дейді ол.

Рысбек Сәрсенбай «Жас Алаш» газетінде жарияланған даулы мақалаға өздері жасатқан филологиялық сараптама ескерілмеді деп санайды. Ол сотта тек талапкер сараптамасының тыңдалғанына наразы.

- Сот-филологиялық сараптаманы судья өзі тағайындауы керек еді, оны да жасамады, - дейді Рысбек Сәрсенбай.

"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы басылым үстінен түскен шағым бойынша сотта отыр. Алматы, 12 қазан 2015 жыл.
"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы басылым үстінен түскен шағым бойынша сотта отыр. Алматы, 12 қазан 2015 жыл.

Қарашаның 10-ындағы сот отырысында «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай мен оның басқа да бірнеше қызметкері «Жасан Зекейұлы әлеуметтік желіде ар-намысымызға тиді» деген қарсы талап арыз түсіріп, 400 миллион теңге моральдық шығын өндіруді сұраған болатын. Судья Айнұр Бейсеуова талап арызды қабылдағанымен, бүгін сот үкімін шығарғанда «Жас Алаш» газеті қызметкерлерінің шағымын қанағаттандырмады.

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы қазақ баспасөзі туралы сот процесін жүргізген судья Айнұр Бейсеуованың қазақша жетік білмейтіні, өз тарапынан сұрақ қойып, мән-жайды анықтауға талпынбайтыны қатты байқалды деп санайды.

СЕНІМДІ ӨКІЛДІҢ ТАҢДАНЫСЫ

Сот процесіне «Жас Алаштың» сенімді өкілі ретінде қатысқан «Әділ сөз» қоғамдық сараптама орталығының маманы Ғалия Әженова да «сот процесінде іс жүргізу нормалары бұзылды, дәлелдемелеріміз толық зерттелмеді, лингвистикалық қорытынды сараптама қаперге алынбады» деп есептейді.

Ол «Жас Алаш» газетінде жарияланған мақалаға қатысты сот шешімі бойынша 40 миллион теңгенің бір бөлігін төлеуге тиістілердің ішінде «іске қатысы жоқ адамдардың» жүргеніне таңырқайды.

Оның бірі - Жасан Зекейұлының бұрынғы қайын атасы, 76 жастағы Әлихан қарияның «Жас Алаш» газетінде жарияланған мақалада ешбір сөзі жоқ, аты да аталмаған. Біз қарияны жауапкер қатарынан шығаруды бірнеше рет ұсындық, бірақ судья ескерусіз қалдырды, - дейді ол.

Ғалия Әженованың айтуынша, «Жасан Зекейұлы туралы «Жас Алаш» газетінің мақаласын оқып, айналасындағыларға таратты» деген айыппен Қаден Мұқанұлы деген азаматқа айыппұл салуға да негіз жоқ.

Жасан Зекейұлы, емші-терапевт. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Жасан Зекейұлы, емші-терапевт. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.

- Олай болса «Жас Алаштың» 30 мың оқырманы мен олардың айналасындағыларға социологиялық сұрау салу керек шығар. Бұл - абсурд, - дейді ол.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Жасан Зекейұлының бұрынғы әйелі, «Жас Алаш» газетіне шағымданып барған Гүлия Әлиханқызы «бүгінгі сот шешімі -әділетсіз шешім» деп есептейді және дімкәс әкесіне не үшін айыппұл салынғанын еш түсіне алмайды.

- Әкемді осы істі ұйымдастырушы деп отыр. Газеттегі мақалада аты-жөні жоқ, яғни іске қатысы жоқ. Бірақ судья оны да қаперге алмады, -дейді Гүлия Әлиханқызы.

ТАЛАПКЕРДІҢ ПІКІРІ

Азаттық тілшісінің Жасан Зекейұлының өзімен сөйлесу әрекеттерінің бәрі нәтижесіз аяқталды. Өзін «Жасан Зекейұлының заңгері» ретінде таныстырған адам оның сот шешімі толық күшіне енбей баспасөзбен сөйлеспейтінін айтты. Сот шешімін сот залында отырып тыңдаған Жасан Зекейұлының көмекшісі, Мұқаметқали Лұқпанұлы «сот әділ өтті» деп санайды.

- Жасан Зекейұлы «Жас Алаш» газетін құрметтейтінін айта отырып, алты айға тоқтату туралы талабын өзі қайтарып алды. Сөйтіп, жанашырлық жасады, - деді ол.

Биыл қазан айында Алматы қаласында «Жас-ай» медицина орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлы «Жас алаш» газетінде мамыр айындажарияланған, өзі туралы «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақала «абыройым мен ар-намысымды қаралады» деп сотқа талап арыз түсірген еді.Ол соттан газеттің шығуын алты айға тоқтатуды, басылым мен тағы үш адамға жиыны 400 миллион теңге (1 миллион 500 мың долларға жуық - ред.) өтемақы төлетуді сұраған. Оның ішінде «Жас Алаш» газетіне «тиесілі» сома – 100 миллион теңге (370 мың доллардай ақша - ред.) болатын. Шағымданушы газеттің жазбаша түрде кешірім сұрауын да талап еткен. Жасан Зекейұлы «Қытайдан Қазақстанға көшіп келген дәстүрлі емес медицина емшісі» ретінде 2000 жылдардың басында кең таныла бастаған. Әлеуметтік желілердегі парақшасында оның атақ-дәрежесі «медицина ғылымдарының докторы», «профессор», «академик» деп көрсетілген.

XS
SM
MD
LG