Accessibility links

Шахталарда өткен жылы болған апаттарға айыптылар әлі анықталған жоқ, прокуратура қайта сараптама жүргізуді талап етуде


Қарағанды облысында 2008 жылы Абай атындағы және Тентек шахталары мен Сәтбаев қаласындағы кен орындарында болған апаттарға байланысты қозғалған қылмыстық істерді тергеп-тексеру уақытша тоқтатылып тұр. Апат орындарына техникалық сараптама қайта жасалуы керек дейді прокуратура

Абай атындағы шахтада болған апаттың салдарын зерттеу ішін әлі күнге дейін жарылыс болған лаваға ену мүмкін болмай отыр. Себебі соңғы рет жасалған барлау жұмыстары барысында лавадағы көмірдің әлі жанып жатқанын және ондағы температураның цельсий бағанасы бойынша 100 градустан төмен түспей тұрғаны анықталған.

Соңғы барлау жұмыстары барысында ВАСС көмір құтқару қызметі және арнайы мамандармен қоса осы жұмыстарды бақылауға жер астында қалып қойған кеншілердің туыстары да жіберілген. Лаваға кіріп зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмайтынына олардың да көздері жеткен.

Алайда жарылыстан кейін іле жасалған сараптамалар Скачинкский атындағы Ресей инстутутына жіберілген болатын. Сол жердегі сараптама бойынша лавада метан газының толып кетуі және оған сырттан ауаның қосылып кетуі жарылысқа себеп болған деген қорытынды жасалды.

Осы сараптаманы жүргізу үшін Қазақстан жағы ресейлік зерттеушілерге 2 миллион теңгеден астам қаражат бөлген.
-Дегенмен бұл жағдайдың техногендік апат немесе адамның абайсыздығынан болған апат екенін дәл сол лаваға түскен кезде ғана анықтауға болады,-дейді қылмыстық істерді уақытша тоқтатуға қаулы шығарған Қарағанды облысы прокурорының аға көмекшісі Қайрат Рымбеков.

Ал бүгінгі таңда апаттың неден орын алғаны анықталмаса да, Абай атындағы шахтаның басшылығы түгелімен ауысқан. Ал кейбір жұмыскерлері тіпті тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Тентек шахтасында болған апатқа байланысты қозғалған іс те уақытша тоқтатылыпты. Себебі мұндағы мерт болған кеншілердің жақындары сараптама жұмысына Ресей мамандарын қатыстыру керек деген талап қойып отырған көрінеді. Енді ресейлік институтпен келіссөздер жүргізілуде екен.

Ал Сәтбаев қаласында болған апатқа байланысты істің тоқтауы тексеріс жұмыстарының аяғына әлі жетпегендігінен түсіндіріліп отыр. Енді сол кен орнына Қарағанды мемлекетттік техникалық университетінен профессорлардан құралған білікті мамандар жөнелтіліп, олар апаттың болуы себебін анықтауда техникалық тұрғыдан сараптама жүргізетін болады.

Тергеу-тексеру орындары сараптамаларды қайта жандандыру ісі бойынша жақында түбегейлі қортындылар шығарылмақ, оған дейін де бұл кен орнында болған апатқа байланысты 18 адам тергеуге алынып жатқан көрінеді.

Өткен жылы Қарағанды облысындағы түрлі кен орындарында болған апаттар 42 кеншінің өмірін қиып кеткен еді.
XS
SM
MD
LG