Accessibility links

Саяси дауға қарамастан Косово УЕФА мүшесі болды


Косово мен Гаити арасындағы фатчқа келген, "Косово" деген жазу көтерген футбол жанкүйерлері. Косово, Митровица, 2014 жылдың наурызы.
Косово мен Гаити арасындағы фатчқа келген, "Косово" деген жазу көтерген футбол жанкүйерлері. Косово, Митровица, 2014 жылдың наурызы.

Косово басқаларға өзін тәуелсіз мемлекет ретінде танытуға тырысады, бұл ел футболды да соның бір амалы ретінде қолдануды көздейді.

Мамырдың 3-і күні Еуропадағы футболды басқаратын мекеме – УЕФА мемлекеттерге қойылатын талаптарын өзгертіп, Косовоның ұйымға қосылуына рұқсат етті. 2008 жылы ғана тәуелсіздік алған Балқан түбегіндегі шағын елдің дербес мүше болуын жақтап 28 өкіл, қарсы 24 өкіл дауыс берді. Бұл шешімге Сербия соңына дейін қарсы шығып бақты.

Дегенмен Косово ұлттық футбол командасының бәсекеге түсу құқығы мен оның құрамы қазір достарын да, жауларын да алаңдатады.

Алдымен айта кететін жайт, Сербия Косовоның тәуелсіздігін мойындамайды және оның УЕФА сияқты халықаралық ұйымдарға кіруіне тосқауыл қоюға тырысады. Сербия футбол одағының президенті Томислав Караджич мамырдың 3-і күні Будапештегі жыл сайын өтетін конгресте «Косовоны ұйым құрамына өткізбеу үшін Сербия делегациясының бар күшін салатынын» мәлімдеген.

ҚАРСЫЛАСТАР МЕН ЖАҚТАСТАР

Сербияның қарсылығы тосын жаңалық емес, бірақ Косово ұлттық құрамасының болашағы достық ниеттегі көршілерін де алаңдатып отыр. Көршілес Албания мемлекетінің футбол жанкүйерлері Косово УЕФА-ға мүше болса өз командаларындағы таланттардан айрылып қаламыз деп қорқады.

Албания құрамасының бірнеше негізгі ойыншысы, олардың ішінде команда капитаны Лорик Цана да бар, Косово тумалары. Албания ұлттық құрамасы осы жазда Францияда өтетін Еуропа 2016 чемпионатына жолдама алды, енді мемлекет өз тарихында алғаш рет үлкен турнирде ойын көрсетпек.

Бірақ үздік ойыншылар Косово командасына кетсе, мұндай жетістікті қайталау қиынға түспек. УЕФА әдетте ойыншылардың ұлттық құрамадан ауысуына тыйым салады, бірақ жаңадан құрылған мемлекеттер ұйымға мүше болғанда ондай ауыс-түйістерге рұқсат етіледі.

Албания жанкүйерлері бекер қауіп етпейді. Албания ұлттық құрамасы қақпашы Самир Уйкани 2014 жылы Косово атынан шығатынын айтып, құрамадан кетті. «Манчестер Юнайтед» клубының талантты ойыншысы Аднан Янузай әзірге Албания мен Косоводан бас тартып, туған елі Бельгия атынан шығып жүрсе де, жақында бір дереккөз «Косово УЕФА-ға мүше болса, Янузайдың осы ел құрамасына қосылуы мүмкін» екенін айтты.

Косово-Гаити матчында ілініп тұрған "Бавария" (Мюнхен) футбол клубының ойыншысы Джердан Шакири мен "Манчестер Юнайтед" клубының футболшысы Аднан Янузайдың портреттері. Портрет астында "Сендер бізге керексіңдер" деп жазылған.
Косово-Гаити матчында ілініп тұрған "Бавария" (Мюнхен) футбол клубының ойыншысы Джердан Шакири мен "Манчестер Юнайтед" клубының футболшысы Аднан Янузайдың портреттері. Портрет астында "Сендер бізге керексіңдер" деп жазылған.

Бірақ косоволықтар жаппай өздерінің ұлттық құрамасына өтеді деуге болмас. Косовода туған басқа үш ойыншы – Фредерик Весели, Берат Джимсити және Амир Рахмани Албания үшін ойнай беретіндерін айтты.

Швецария атынан шығатын үш танымал ойыншы – Джердан Шакири, Гранит Джака және Валон Бехрами Косовода туған немесе олардың ата-аналары сол елден. Олар мемлекеттің УЕФА құрамына өтуін жақтады, бірақ өздерінің Швейцария құрамасын тастап кетуі екіталай.

Қазір УЕФА-ға БҰҰ тәуелсіз мемлекет деп таныған кез келген ел кіре алады. БҰҰ-ның 111 мүшесі Косовоны мемлекет ретінде таныды, бірақ Ресей ветосы кесірінен БҰҰ-ға мүше болуға рұқсат ала алмады.

Бірақ Будапеште ереже өзгеріп, Еуропа елдерінің көбі Косовоны тәуелсіз ел ретінде мойындады. Осы кезге дейін Еуропаның 32 мемлекеті мойындаған Косово УЕФА-ға мүше болды.

2013 жылы Ұлыбританияның теңіздің ар жағындағы аумағы Гибралтар УЕФА құрамына қабылданды, бірақ оны Халықаралық жетекші футбол ұйымы – ФИФА мойындамады.

Көптеген косоволықтар үшін УЕФА-ға мүше болу және тәуелсіз мемлекет ретінде еуропалық жарыстарға қатысу БҰҰ мүшелігінен де маңызды болуы мүмкін. Футболға құр ойын ретінде қарауға келмейді, әсіресе, соңғы 30 жылда Балқан елдері азаматтары бұл мәселеге саяси тұрғыдан да қарайтын болған.

Гордана Кнежевичтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG